Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы



бет16/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126
Дауысты дыбыстардың сипаты. Ескерткіштегі дауысты дыбыстардың қолданылуында қазақ тілімен салыстырғанда пәлендей ерекшеліктері бар екені байқалмайды. «Мухаббат-наме» ескерткішіндегі қолданылған дауысты дыбыстар мыналар: а, е, о, ө, у, ү, ы, и (і). Ескерткіште а, е, о, ө, у, ү, ы, и (і) дыбыстарының барлығы сөздің барлық позициясында актив қолданылған. Жеке-жеке таратып айталық.

Тіл арты езу а фонемасы сөздің барлық шенінде жиі қолданылған: ат, арасында, айақ, арыслан, қара, қайда, қат, ары (ара), йаман (жаман), йаз (жаз).



ә жіңішке, ашық дауысты дыбысының пайда болуы туралы пікірлер екі жақты. Біріншісі – ол араб, парсы тілдерінің әсерінен емес, бұрыннан бар десе, екіншісі – қазақ тіліне ә дыбысы шығыс тілдерінің әсерінен пайда болды деген пікір. Осыған байланысты біз ескерткіш тілінде кездесетін сөздерді транскрипциялау барысында ә дыбысын қолданған жоқпыз.

Қазақ тілінің дауысты дыбыстары жөнінде Ж. Аралбаев былай дейді: «Қазіргі қазақ тілінде он бір дауысты фонема бар. Дауыстылардың ішінде ә фонемасы қазақ тілінің бергі даму кезеңінде пайда болған. Артикуляциялық ерекшелігі бойынша а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і монофтонг фонемалар да, қалған екеуі и, у дифтонг фонемалар» [26, 38 б.].

Тіл алды ашық езу е фонемасы сөздің бастапқы және орта шенінде, сөз аяғында қолданылған: егү, бер, ел, текин (дейін), сен, де, кес, кет, келтүр т.б.

Тіл арты ашық о фонемасы көбіне сөздің басында ғана қолданылған, сөз соңында кездеспейді: орта, оғул, оқ, оқу, от, отур, ол, той, қой, қол, йол. Ескерткіштегі от сөзіндегі о дыбысы басқа түркі тілдерде де өз тұрақтылығын сақтаған: қазақ. от; ноғ., от; қ-қалп., от; өзб., от; түрк., от; құм., от; қырғ., от; хак., от; ұйғ., от.

Ескерткіш пен қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың қолданылуында санамалап көрсететіндей ерекшелік жоқ. Қазақ тілінде дауыстылардың бірқатары сөздің бас шенінде көбірек кездеседі де, бірқатары сөздің барлық шенінде кездесе береді. Дегенмен қазақ сөздерінің екінші буынында ұшырамайтыны – о дауыстысы. о дауыстысы орыс тілі арқылы енген сөздердің барлық буындарында келе береді. Қазақ тілінде о дыбысы тек ғана сөздің бірінші буынында айтылады. о дыбысы осы өзгешелігімен өзге дыбыстардан ерекшеленеді. Қазақ тілінің фонетикасын зерттеуші С. Мырзабеков кейбір қосымшалардың құрамындағы о дыбысына қатысты былай дейді: «тек кірме -қор, -қой, -гой қосымшалары түрінде келгенде ғана екінші, үшінші буындарда айтыла да, жазыла да береді: даңғой, даңққой, есепқор, бейнетқор, шайқор, сәнқой, әуесқой» [27, 18 б.].

Ерін дауысты ө фонемасы да тек сөздің басқы және ортаңғы буынында келеді: өкүш (көп), өз, өп, өр, сөз, көз, көңүл, көп, көрк, төрт т.б. Ескерткіште ө дыбысының қолданылуында қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда ешқандай ерекшелік байқалмайды. Жәдігер тілінде де, қазіргі төл тілімізде де ө дыбысы сөз басында, сөз ортасында актив қолданылған. Ескерткіш мәтініндегі ө дыбысы сөз ортасындағы көз, сөз, өл-, көр- сөздерін қазіргі түркі тілдеріндегі сөздермен салыстырғанда: көз, сөз, өл-, көр- қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, өзбек, хакас тілдерінде сол қалпында ұшырасады.

Сөз басындағы ө дыбысы да өз тұрақтылығын сақтағанын мысалдармен дәлелдесек: ескерткіште өл-; якут., өл-; түркм., өл-; өзб., өл-; құм., өл-; ноғ., өл; әзірб., өл-; ұйғ., өл-; қ-балқ., өл-; хак., өл-; тув., өл-. Сөз ортасындағы ө дыбысы да ешқандай өзгеріске түспеген: ескерткіште көр-: якут., көр-; ноғ., көр-; алт., көр-; қазақ., көр-; хак., көр-; өзб., көр-; қ-қалп., көр-; қ-балқ., көр-; түркм., гөр-; әзірб., гөр-; ескерткіште сөз: якут., өс; кұм., сөз; өзб., сөз; алт., сөс; қазақ., сөз; ноғ., сөз; ұйғ., сөз; әзірб., сөз; хак., сөс; тув., сөс; қ-қалп., сөз.

Қысаң езу фонемасы ы сөздің барлық шенінде жазыла береді: ысырға, ысынды, қыран, қалды, қылыч, қамчы, алты, йарым (жарым), йашын (найзағай), ачық (аш), ары (бал арасы), салды, чық (шық), тым-тырақы т.б.

Қысаң езу и (і) фонемасы сөздің барлық позициясында кездеседі: ич (іш), киши (кісі), ил (іл), ерин (ерін), из (із), ким (кім), ичра (ішінде). Ескерткіштегі и дыбысымен келген сөздердің барлығы қазақ тілінде і дыбысымен алмасады. Ал қыпшақ тобына жататын татар, башқұрт, хақас тілдерінде бұл дыбыс қысаң и екені белгілі.

Қысаң ерін ү фонемасы сөздің барлық шенінде қолданылған: үчүн (үшін), йүз (жүз), түн, күн, сүй, егү (игі), бүгүн (бүгін), көңүл, келтүр, түгат, билүр.

Ескерткіште у дыбысы сөздің барлық шенінде келген: улығ (ұлық), ут (ұт), уч (ұш), ур (ұр), уйқу (ұйқы), тоқу, оқу, оғул (ұл), қул (құл) т.б. у дауысты дыбысының сөз басында айтылғандығы қазіргі тарихи түркологияда дәлелденген. «Түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы» атты еңбектің авторлары фонетика бөлімінде у дыбысынан басталатын 10 түбір сөзді мысалға келтіреді: у (уйқы), у (ұ - сақ), удз (үй - қас), уқ (ұқ), ул (ұл-тан), ур (үр), ут (ұт), уч (ұшы, бір заттың ұшы), уч (ұш) [28, 101-102 бб.].

Ескерткіш тілі мен қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың қолданылуында ұқсастықтар көп. Төл тіліміздегі дыбыстарымыздың ішінде дауысты а, ы сөздің барлық шенінде жұмсала береді. Қалған о, ө, і, ұ, ү дауыстылары сөз басында, сөз ортасы мен соңында келуі белгілі бір заңдылыққа бағынады. Осындай тілдік жүйеге бағынған дауысты дыбыстардың жасалу жолдары мен қолданылуы үндес. Яғни ұқсастығы жағынан ескерткіш тілі мен қазақ тілі табысып жатыр.

Ескерткіш тіліндегі кейбір дауысты дыбыстарды қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда мынадай ерекшеліктері бары байқалады. Төменде жәдігер тіліндегі дауысты дыбыстардың қазақ тілі тұрғысынан қай дыбысқа алмасқандығы нақты көрсетілді.

Жәдігер мәтінінде а дауыстысымен келетін сөздердегі ерекшеліктер аз ұшырасады. Сөздің екінші буынындағы а дауыстысы е-ге айналған. Тикан Тікен. Тикандин қудратиң пайда қылур гүл 593 (Тікеннен құдіретің гүл жаратты). Ичинда. Ішінде. Қадах чаврүлди ош бустан ичинда 127 (Тостақтар айналысқа түсті осы бақ ішінде). Өрта. Өрте. Жамалиң равнақы ´аламни өртар 368 (Жамалыңның алауы әлемді өртейді). Бирар. Бірер. Бу мескинни бирар хам йад қылғыл 264 (Бұ мүскінді бір-ер сәт жадыңа алғын). Өзга. Өзге. Салайын өзүми өзга адйара 143 (Кетейін өзімді алып өзге елге).

Бірен-саран дауысты дыбыстардың қазақ тілінде дауыссыз дыбыстармен алмасатыны да кездесіп қалады. Ескерткіштегі е дыбысы қазақ тілінде и дыбысына сәйкесетін тұстары да ұшырасады. Егү. Игі. Жеханны егү атың тутты мутлақ 58 (Жаһанға игі атың кетті тарап).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет