о дауысты дыбысы ол есімдігі атау септігінде тұрғанда өз қалпын сақтаса, өзге септік жалғауларын қабылдағанда өзгеріске түсіп, ескерткіштегі а дауыстысы қазақ тілінде о дауыстысына алмасқан. Ол. Ол. Ким ол Намрудниң мағзын чықарур 24 (Ол Намруд патшаның миын ағызады). Аны. Оны. Аны сиз тек лар асрар, булур ахыр 374 (Сіз сияқты тектілер асырап-бағады, ақырында мұратқа жеткізеді). Аның. Оның. Аның тек, ким ´ақықлар кан ичинда 11 (Бейне бір ақықтайын кен ішінде). Жіктеу есімдігінің үшінші жағы барлық ескерткіштерде ан формасында қолданылғанын тілшілер қауымы біледі. Оны тарихи даму барысында ол сілтеу есімдігі ығыстырған сияқты.
Ескерткіште сөз басындағы о дыбысы қазақ тілінде ұ дыбысына ауысқан. Охша. Ұқсау. Шакар ерниң набаты Хызра охшар 221 (Шекер ерніңнің тәттілігі Хызраға ұқсайды). Бұл лексеманың бойында тек о дыбысы ғана емес, х-ның қ-ға, ш-ның с-ға сәйкесуін байқауға болады. Ескерткіштегі айырмашылықтар оғыз тілдерінің фонетикалық ерекшеліктері болып есептеледі.
Ескерткіште кездесетін оғ дыбыс тіркесі у дыбысына, өг және ев дыбыс тіркесі үй дыбыс тіркесіне сәйкес келетін сөздерді де аңғаруға болады. Тоғ. Туу. Тағы миң йылда сендек тоғмағай ай 518 (Тағы мың жыл өтсе де сендей ай тумайды). Өгран. Үйрен. Вафасызлықны сиздин өгранүрлар 544 (Опасыздықты дәл сізден үйренер). Ев. Үй. Качан ингай гаданың евина шах 254 (Сорлының үйіне қашан шаһ енуші еді). Жазба ескерткіш тілінде тоғ сөзінің туғ варианты да жарыса қолданылған. Туғ. Туу. Мухаббаттин туғар миң турли асрар 427 (Махаббаттан туады мың түрлі сыр).
«Мухаббат-наме» ескерткішінде кездесетін сөздердің бірінші буындағы, сондай-ақ бір буынды сөздердегі еріндік у дауыстысы қазақ тілінде еріндік ұ дауыстысына ауысқан. Қазіргі тұрғыдан қарастырғанда у ~ ұ сәйкестігінің түзілгені байқалады. Улығ. Ұлық. Улығ таңриниң атын йад қылдым 1 (Ұлық тәңірінің атын жат қылдым). Бутақ. Бұтақ. Айыт қыл, ей бойуң тоба бутақы 245 (Ей, бойың сенің тоба ағашының бұтағындай де). Бұтақ. Ағаш діңінің жапырақтар өсетін тармақ-тармақ сабағы; Булақ. Бұлақ. Ишикиң топрағы Каусар булағы 248 (Есігіңнің топырағы – Кәусар бұлағы). Бұлақ. Басы бастаулардан, қайнарлардан басталып, сай-жыралармен ағатын кіші-гірім су; Қул. Құл. Болуптур тал´атиңға Муштари қул 122 (Көркіңе Мұштари болып тұр құл). Құл. Құлдық, феодалдық дәуірде басында еркі жоқ, иесіне тәуелді жарлы-жалшы. Уйқу. Ұйқы. Ағыр уйқучы бахтим неча йатқай 277 (Бақытым қашанға дейін қалың ұйқыда жата береді). Ур. Ұр. Қылыч урсаң қулуңмын жавидана 493 (Қылыш ұрсаң әрқашан да құлыңмын – мойынымды тосамын). Мунда. Мұнда. Мухаббат нама сөзин мунда биттим 615 (Мұхаббат-наме сөзін осылайша бітірдім). Ут. Ұт. Мухаббат нардини көплардин уттуң 49 (Махаббатты жырлауда көптен оздың).
Ескерткіштегі уч- «ұшу» сөзіндегі у дыбысының ұ-ға ауысуын қазіргі түркі тілдерімен салыстырғанымызда: түрк., уч-; құм., уч-; түркм., уч-; әзірб., уч- сол өзгеріссіз қалпында, ал татар, башқұрт, қарақалпақ, ноғай, қазақ тілдерінде ұш түрінде кездеседі. Бұдан у және ч дыбыстары оғыз тобына жататын кейбір тілдерде сол күйінде айтылса, қыпшақ тобындағы тілдерде у ~ ұ және ч ~ ш сәйкестіктері түзілгенін көруге болады.
Ескерткіштегі сөздердің екінші, үшінші, одан кейінгі буындарында ұшырайтын еріндік у дауыстысы қазақ тілінде езулік ы дауыстысына айналып, у ~ ы сәйкестігі түзілген. Аздур. Аздыр. Хирадни аздурур ғамзаң хумары 339 (Қылығыңа деген құмарлық ақылымды аздырады). Артуқрақ. Артығырақ. Сени жанымдин артуқрақ себармин 325 (Сені жанымнан артығырақ сүйемін). Отур. Отыр. Отурсаң олтурур фитна, кетар ғам 395 (Сен отырсаң, ессіздік азайып, қайғы кетеді).
Бір сөздің ғана бойында кездесетін у дауыстысының алғашқы буында ұ екінші буында ы езулігіне айналғанын мына мысалдардан көруге болады. Қудуқ. Құдық. Жамалиң салды Йүсүпни қудуққа 454 (Жамалың Жүсіпті құдыққа салды). Бурун. Бұрын. Бурун алқысса бек мадхин айайын 105 (Әлқисса, алдымен бек мадағын айтып алайын). Узун. Ұзын. Неча ким түн узун болса таңы бар 274 (Түн қанша ұзақ болса да ататын таңы бар). Улус. Ұлыс. Улус туттың қамуқ ´ақлың күчидин 123 (Ұлысты биледің мол ақылың күшімен). Буйур. Бұйыр. Буйурды өрга шадырван урулды 41 (Бұйырды. Өрге шатыр тігілді).
Қазақ тіліндегі ұ дыбысының өзіндік ерекшеліктерін ескерсек, мынадай дыбыс сәйкестіктері түзілгенін көреміз: у ~ ұ, у ~ ы. Қазіргі қазақ тілінде ұ дыбысы сөздің тек бірінші буынында ғана айтылады. Кейінгі позициялардағы ұ қазақ сөздерінде ы-ға жақын естіледі. Бұл ерекшелік қазақ тіліндегі ерін үндестігіне байланысты туындайтыны белгілі.
Ғалым Б. Сағындықұлы түркітануда у дыбысы бірде дауысты, бірде дауыссыз болып саналады, қазақ тілінде таза айтылатын у дауыстысы жоқ дей келе, сұу, бұу, тұу, рұу, нұу; қауын, жауын, сауын, бау, демеу, егеу мысалдары арқылы у-дың үш түрлі күйі (таза у, дифтонг – ұу, үу, сонор у) аңғарылатынын анықтап, орта ғасырларда түркі тілдерінде болған у(w) дыбыссын қосып, аллофон санын төртке жеткізеді [29, 37 б.].
Ескерткіште қолданылған бір сөздің құрамындағы бірнеше дауысты және дауыссыз дыбыстар сәйкестігін түзетін сөздер көп. Мысалға ескерткіштегі й, у дыбыстары – қазақ тілінде ж, ұ. Йақут. Жақұт. Қамуқ йақут еринли, сөз дүрлар 543 (Барлық жақұт ерінді сөзі дүрлер). Яғни й ~ ж, у ~ ұ.
Ескерткіш тілінде у дауыстысы қазақ тілінде о дауыстысына алмасқан. Туты. Тоты. Шакар тек тил била туты тилиңиз 67 (Шекердей [тәтті] тоты тіліңіз). Сонымен қатар у дауыстысының қазіргі тіл тұрғысынан ү-ге айналғанын да аңғаруға болады. Турли. Түрлі. Мухаббаттин туғар миң турли асрар 427 (Махаббаттан туады мың түрлі сыр).
Жәдігерде ү дыбысы і-ге алмасып, ү ~ і сәйкестігін құрайды. Көңүл. Көңіл. Көңүл бахринда көп гаухарлариң бар 47 (Көңіл теңізінде көп гәуһарларың бар). Көңіл. Адамның мінез-құлқына байланысты жалпы эмоциялық сезім (сана, ой, зерде, назар т.б.); Өлүм. Өлім. Меңа сенсиз өлүмдүр бу хайатым 269 (Маған сенсіз өлім-дүр бұл өмірім). Менгү. Мәңгі. Айағың ким ки өпса менгү йашар 222 (Аяғыңды кім өпсе, мәңгі жасайды). Кечүр. Кешіру. Хата көп келди мен қулдин, кечүргил 594 (Қате көп кетті мен құлыңнан, кешіре гөр).
Ескерткіштегі и дыбысы қазақ тілінде і дыбысымен айтылады. Бөри. Бөрі. Ачықмыш бөри қойға кирү йаңлық 132 (Аш бөрінің қойға тигеніндей тиеді). Бил. Біл. Нечүк мин хал-о ахуалимни билгил 130 (Менің хал-ақуалымның нешік екенін біл). Бир. Бір. Зехи Қадыр ким ол бир қатра суны 10 (Қандай ғажап! Қадір алла бір тамшы суды). Бираз. Біраз. Бираз кечти, дағы мажлис ысынды 77 (Біраз [уақыт] өтіп, мәжіліс тағы да қызды). Ил. Іл. Көңүл икки жеханны көзга илмас 479 (Көңілім екі жаһанды көзге ілмес). Из. Із. Йүрүрмин йирда изни көрмак үчүн 424 (Жүрермін жерде барша ісіңді білмек үшін).
Ескерткіште кездесетін еллик сөзін қазақ тіліндегі елу сөзімен салыстырғанда и ~ у сәйкестігі байқалады. Еллик. Елу. Бүгүндин соң йүз еллик йыл йашағыл 172 (Бүгіннен соң жүз елу жыл жасағыл).
Ескерткіштегі и дыбысы қазақ тілінде е дыбысымен айтылады. Ин. Ену. Қачан ингай гаданың евина шах 254 (Сорлының үйіне қашан келеді деп шах). Иңра. Еңіре. Жафадин иңрамас бу йолда ушшақ 577 (Ғашықтар бұл жолда еңіреуді білмейді).
Ескерткіште кейбір сөздердің алдыңғы буындағы и дыбысы қазақ тілінде е-ге, екінші буында і-ге сәйкес келеді. Ики. Екі. Ики йақту гаухар ´аламға берган 3 (Екі жарық гаухарды [Күн мен Айды] әлемге берген). Ишик. Есік. Ишикиң топрақы даулатли даргах 56 (Есігіңнің топырағы – дәулет сарайы). Ишит. Есіт. Сениң атың ишиткач йирлар өпкай 120 (Сенің атыңды есітіп, жерді өбер еді). Сонымен ескерткіштегі и дыбысы қазақ тілімен салыстырғанда и ~ і, и ~ е сәйкестігін құраған.
Сөз соңындағы қысаң ы-ның қазірігі қазақ тілінде ашық а-ға сәйкес келетін тұстары да ұшырайды. Ары. Ара. Ары гүлни арының ашы қылды 19 (Таза гүлді араның асы қылды).
Достарыңызбен бөлісу: |