Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы



бет18/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   126
Байланысты:
Ташимбай дисс посл (1)

Дауысты дыбыстардың түсірілуі. Жәдігер тілін қазақ тілімен салыстырғанда кейбір дауысты дыбыстардың сөз ортасында түсіріліп қолданылуы байқалады. Бұл әсіресе ы дыбысына қатысты.

Ескерткіш тілінде қазақ тілімен салыстырғанда сөз ортасындағы ы дауысты дыбысы мына сөздерде түсіріліп қолданылған: Қоңрат (Қоңырат), йапрақ (жапырақ), топрақ (топырақ), бағр (бауыр). Қоңрат. Қоңрат. Зехи арслан йүрак Қоңрат уруғы 107 (Ей, арыстан жүректі, Қоңырат ұрпағы). Йапрақ. Жапырақ. Чечак йапрақлары йирга түшүптүр 153 (Шешек жапырақтары жерге түсіп тұр). Топрақ. Топырақ. Танимиз ´ақыбат топрақ болысар 588 (Тәніміз ақыры бір күн топырақ болады). Бағр. Бауыр. Сениң ´ишқыңда бағрымдин ақар қан 461 (Саған ғашық болғаннан бауырымнан қан ағады). Көне түркі, ескі түркі тілі жазбалары орфографиясында екпін түспегендіктен ы фонемасы еленбей қалуы да мүмкін. Оның кейін пайда болған эпентезалық дыбыс болуы да ықтимал.

Топрақ сөзінің қазіргі түркі тілдеріндегі фонетикалық көріністері мынадай: топрақ түр., түркм., ұйғ.; топраг әзір.; тупрақ башқ.; топурақ қырғ.; тупрақ өзб.; тупрақ тат.; топырақ қаз.

Бұл мысалдарда ы дыбысы сөз ортасында таңбаланбаған. Бұған керісінше құбылыс та байқалады. Ескерткіштегі ы дыбысы сөз ортасында түсірілмей қолданылған. Айыт. Айт. Айыт қыл, ей бойуң тоба бутақы 245 (Ей, бойың сенің тоба ағашының бұтағындай де). Қазақ тілінде айт тұлғасында қолданылады.

Ескерткіште ы дыбысы сөз басында қолданылғанымен қазіргі қазақ тілінде түсіріліп айтылады. Мысалы, Ысырға. Сырға. Ысырғаң данаси – Зүхра, йүзүң – Ай 208 (Сырғаңның дәнегі – шолпан, жүзің – ай сияқты).

Ескерткіште бір ғана сөздің бойында ы дыбысы түсірілмей де, түсіріліп те жұмсалғаны байқалады. Мысалы, Арысланлар. Арыстандар. Көзүң ахусы арысланларны аулар 446 (Көзіңнің жайраны арыстандарды аулайды). Арсланлар. Арыстандар. Қыйа бақсаң болур арсланлар ауың 202 (Көз қиығыңды салсаң арыстандар торыңа түседі).

Соңғы мысалдан байқағанымыз бір сөздің екі варианты жарыса қолданған. Мұны ескерткіш тілінде оғыз және қыпшақ элементтері қатар қолданылуы себебінен деп түсінеміз.

Сонымен бір ғана ы дыбысының түркі тілдерінің материалдарымен салыстырғанда сөз ортасында түсіріліп қолданылуымен үйлес келсе, ал қазақ тілімен салыстырғанда сөз басы мен сөз ортасында түсірілмей жұмсалуында айырмашылық көрінеді. Ескерткіште ы дыбысының бір сөздің екі тұлғасында түсіріліп те, түсірілмей де айтылуымен де ерекшеленеді.

Қазақ тілімен салыстырғанда і дыбысының бір сөзде ғана түсіріліп қолданылғаны ұшырасады. Көрк. Көрік. Қыйамат көрклүсин хүснүңға не сөз 225 (Қиямет көріктісің, сұлулығыңа не сөз бар).

Тілдердегі қысаң дауыстылардың түсіп қалуы жөнінде Б. Қалиев былай дейді: «Түркі тілдеріндегі қысаң дауыстылардың түсіп қалуы тілмен бірге пайда болған құбылыс емес. Ол кейіннен тілдің даму барысында туып, онымен бірге жасасып келе жатқан нәрсе. Оның пайда болу, даму, аяқталу кезеңдері бар. Қысаң дауыстылардың түсіп қалу құбылысы қазақ тілінің тарихындағы маңызды құбылыстардың бірі. Ол бүкіл түркі тілдеріне тән» [30, 73 б.].

Ескерткіште булут деген сөзде у дыбысы түсірілмей қолданылғанымен қазақ тілінде бұл дыбыс түсіріліп жұмсалады. Булут. Бұлт. Булутлар йилтек көкраб йүрүрлар 21 (Бұлттар пілдей күркіреп жүреді).

Ал осы сөздің қазіргі түркі тілдерінде фонетикалық ерекшеліктері мынадай: булут түр., қырғ., өзб., түркм., ұйғ.; булуд әзірб.; болот башқ.; болыт тат.; бұлт қаз. Сөз ортасындағы у дыбысы башқұрт тілінде о-ға, татар тілінде ы-ға алмасқан болса, бұл дыбыстың түсіріліп қолдануы – қазақ тіліне ғана қатысты. Бұдан у дыбысы кейбір түркі тілдерінде өзінің тұрақтылығын сақтаса, қайсыбірінде у дыбысының о немесе ы дыбыстарына алмасқанын, ал қазақ тілінде бірінші буында ұ дыбысына ауысып, екінші буында мүлде түсіп қалу нәтижесінде лт дыбыс тіркесі қалыптасқанын байқауға болады.

Сонымен ескерткіш тіліне фонетикалық талдау жасағанымызда, яғни дыбыстардың жасалу жолдарын, айтылуы мен қолданылуын ескергенімізде, Мн тіліндегі дауысты дыбыстардың фонетикалық жүйесі қазіргі қазақ тілінің фонетикалық жүйесімен негізінен үйлес келеді, ұқсас сипатталады деп тұжырымдаймыз.

Зерттеліп отырған ескерткіште кездесетін барлық дауысты және дауыссыз дыбыстарды қазіргі қазақ тілі дыбыстарымен салыстырғанда, қанша сәйкестік түзетінін зерделеп көрсетуді де міндетіміз деп есептейміз. Бұл ретте, әрине, ескерткіштер тілін зерттеген ғалымдардың тәжірибелеріне сүйенеміз. Мн-де фонетикалық айырмасы бар сөздердің жалпы саны мынадай. Бір ғана (дауысты, дауыссыз болсын) дыбыс ерекшеліктері бар сөздер саны – 134. Екі дыбыс айырмашылығы бар сөздер – 79. Үш дыбыстық айырмашылығы бар сөздер саны – 25. Ескерткіштегі фонетикалық өзгешеліктерді сөздердің құрамындағы дыбыстардың қаншасы өзгеріске ұшырағандарына қарай топтастырсақ:

1 Мағынасы да, сыртқы формасы да ешқандай фонетикалық өзгерістерге түспеген сөздер саны 103: ай, алма, ара, арасында, ал, ат, бек, бел, бой, ел, ит, көз, көк, күн, қан, қарақ, қат, қой, қол, қыран, қайда, Қырым, мал, мең, оқ, от, орта, ойна, өр, өп, саз, сан, соң, сөз, су, Сыр, тағы, таза, таң, тар, тарт, тал, той, тон, тол, түн, аз, бай, көп, қара, қайна, қыл, тең, алты, он, төрт, ол, өз, сен, ақ, бар, бары, бас, бер, бол, де, ес, ет, ей, ет, кел, кес, кет, көр, күй, күл, күт, қал, қой, қон, қыл, ойна, оқы, оқу, не, өл, сайра, сал, сол, сүй, там, тап, тоқу, ысын, ысырға т.б. Ескерткіштегі көптеген сөздерге әртүрлі қосымшалар жалғанғанда да олардың осы дәуірге дейін өзгеріссіз айтылатындығы байқалады: айға, айды, айы, айын, алмақ, алмаңызға, арасында, артар, атқай, атсаңыз, аты, атын, атың, байға, байы, барды, басар, бойы, болайын, болғай, болды, болмады, болмай, болмас, болмаса, болса, болысар, қалды, қалмас, қалса, қаны, қаным, қойға, қойған, қылайын, қылғай, қылған, қылғын, қылды, қылдым, қылса, қылсам, қылсаң, қылсаңыз, қыраны, сайрар, сайрарға, ортада, салайын, салды, салма, солғай, солысар, тамар, таңы, тапса, тартар, тойға, толды, толса, ысынды.

2 Бір ғана дауыссыз дыбысы бойынша айырмасы бар сөздер: ғ ~ у: ағыз ~ ауыз, ағыр ~ ауыр, бағр ~ бауыр; ғ ~ й: бағла ~ байла; й ~ ж: йаз ~ жаз, йай ~ жай, йалған ~ жалған, йаман ~ жаман, йар ~ жар, йана ~ жана, йаны ~ жаны, йары ~ жары, йара ~ жара, йарар ~ жарар, йаратқан ~ жаратқан, йарат ~ жарат, йарым ~ жарым, йат ~ жат, йоқ ~ жоқ, йол ~ жол, йүз ~ жүз¹, йүз ~ жүз², йүз ~ жүз³, йармақ ~ жармақ, йыл ~ жыл, йел ~ жел, йер ~ жер, йырақ ~ жырақ, йу ~ жу, йет ~ жет, йүр ~ жүр, йырт ~ жырт; ч ~ ш: ач ~ аш, ачыл ~ ашыл, барча ~ барша, барынча ~ барынша, бичара ~ бишара, қылыч ~ қылыш, қамчы ~ қамшы, қарақчы ~ қарақшы, қачан ~ қашан, күч ~ күш, чық ~ шық; ш ~ с: аш ~ ас, аша ~ аса, ашар ~ асар, баш ~ бас, қаш ~ қас, қыш ~ қыс, таш ~ тас¹, таш ~ тас², түш ~ түс; д ~ т: дағы тағы, дауыс ~ тауыс; д ~ й: адақ ~ айақ; л ~ т: сақла ~ сақта, арыслан ~ арыстан, бағышла ~ бағышта; т ~ с: қатымда ~ қасымда, қатыңда ~ қасыңда; к ~ й: дек ~ дей, тек ~ тей.

3 Бір ғана дауысты дыбысы бойынша айырмасы бар сөздер: а ~ о: аны ~ оны, аның ~ оның, анда ~ онда; ы ~ а: ары ~ ара; а ~ е: емас ~ емес, керак ~ керек, өзга ~ өзге, өрта ~ өрте; е ~ ө: ең ~ өң; у ~ ұ: булақ ~ бұлақ, бутақ ~ бұтақ, қул ~ құл, тур ~ тұр, ур ~ ұр, тут ~ тұт, ут ~ ұт, муны ~ мұны, мунда ~ мұнда, тунар ~ тұнар; у ~ ы: отур ~ отыр, аздур ~ аздыр, артуқ ~ артық; у ~ а: му ~ ма (сұраулық шылау); у ~ о: туты ~ тоты, и ~ і: сиз ~ сіз, биз ~ біз, ерин ~ ерін, из ~ із, тирик ~ тірі, тил ~ тіл, тирил ~ тіріл, ил ~ іл, сенсиз ~ сенсіз, кир ~ кір, ким¹ ~ кім, ким ~ кім², мин ~ мін, бил ~ біл, бир ~ бір, бираз ~ біраз, бири ~ бірі, бөри ~ бөрі, и ~ е: ин ~ ен (ену, кіру); и ~ ы: миң ~ мың; ү ~ і: көңүл ~ көңіл, өлүм ~ өлім, түз ~ тіз, келтүр ~ келтір, өлтүр ~ өлтір, телүр ~ телір; ү ~ е: көтүр ~ көтер.

4 Бір дауыссызы мен бір дауыстысы бойынша айырмашылығы бар сөздер: е ~ ү және в ~ й: ев ~ үй; й ~ ж және а ~ е: йүрак ~ жүрек; и ~ і және а ~ е: тикан ~ тікен, тила ~ тіле; й ~ ж және у ~ ұ: йақут ~ жақұт; у ~ ү және и ~ і: турли ~ түрлі; ш ~ с және у ~ ұ: қуш ~ құс, улаш ~ ұлас; у ~ ұ және ғ ~ қ: улығ ~ ұлық; у ~ ұ және г ~ қ: уруг ~ ұрық; у ~ ұ және н ~ м: унут ~ ұмыт; ч ~ ш және ү ~ і: үчүн ~ үшін, кечүр ~ кешір; б ~ м және у ~ ы: бойун ~ мойын; ч ~ ш және а ~ е: чечак ~ шешек, неча ~ неше; ч ~ ш және ү ~ і: кечүр ~ кешір; үчүн ~ үшін; и ~ і және а ~ е: тила ~ тіле, ичинда ~ ішінде, бирар ~ бірер; ш ~ с және у ~ ұ: шункар ~ сұңқар, улаш ~ ұлас; и ~ і және ү ~ у: кирү ~ кіру, инжү ~ інжу; у ~ ұ және қ ~ й: мундақ ~ мұндай; у ~ ұ және ч ~ ш: уч ~ ұш, мунча ~ мұнша; и ~ і және ч ~ ш: ич ~ іш; й ~ ж және и ~ і: йети ~ жеті; йигит ~ жігіт; м ~ н және и ~ і: емди ~ енді; и ~ і және ш ~ с: иш ~ іс; и ~ і және ш ~ с: киши ~ кісі, тиш ~ тіс, и ~ і және ч ~ ш: ич ~ іш, кичик ~ кішік; и ~ і және л ~ д: еринли ~ ерінді.

5 Екі дауысты дыбысы бойынша айырмасы бар сөздер: и ~ і және ү және і: кирпүк ~ кірпік; ө ~ ү және а және е: өгран ~ үйрен; е ~ и және ү және і: егү ~ игі.

6 Екі дауыссыз дыбыс бойынша айырмасы бар сөздер: с ~ ш және ч ~ ш: сач ~ шаш¹, сач ~ шаш²; й ~ ж және ш ~ с: йаша ~ жаса, йаш ~ жас, йараш ~ жарас; й ~ ж және қ ~ ғ: йоқал ~ жоғал, йақа ~ жаға ч ~ ш және ғ ~ қ: чағ ~ шақ; т ~ б және д ~ п: теб ~ деп; и ~ і және к ~ м: билик ~ білім ш ~ с және л ~ т: башла ~ баста.

7 Екі дауыссызы мен бір дауыстысы бойынша айырмасы бар сөздер: й ~ ж, п ~ б және у ~ ұ: йупан ~ жұбан; б ~ п, ч ~ ш және и ~ і: бич ~ піш; о ~ ұ және х ~ қ, ш ~ с: охша ~ ұқса; т ~ д, к~ й және и ~ і: текин ~ дейін; й ~ ж, л ~ д және ү ~ і: йүзлү ~ жүзді; ч ~ ш, и ~ ы және ~ ғ ~ қ: чирағ ~ шырақ.

8 Үш дауыссыз дыбыс бойынша айырмасы бар сөздер: й ~ ж, х ~ қ және ш ~ с: йахшы ~ жақсы.

9 Ескерткіштегі бір ғана дауыссыз дыбыстар и, у қазақ тілінде бірінші және екінші буында еріндік е, і, ұ, ы дауыстыларымен алмасады: и ~ е және і: ишик ~ есік, ишит ~ есіт, у ~ ұ және ы: бурун ~ бұрын, қудуқ ~ құдық, қуртул ~ құтыл, қурул ~ құрыл, узун ~ ұзын, уйқу ~ ұйқы, улус ~ ұлыс.

Алтын Орданың тұрғын халықтары этникалық құрамы жағынан біркелкі емес. Сырдың төменгі ағысында оғыз бен қыпшақтар аралас отырған. Яғни тілі де, тіршілігі де біте қайнасқан әр тайпаның шығарма тіліне қосқан үлесі бар. Сол себепті ескерткіш тілінің транскрипциясын қолдан «қазақыландырудың» ешбір реті жоқ екенін айтқымыз келеді. Негізінен ескерткіштің қазіргі түркі тілдерінің ішінде қай тілге жақын, үндес келетінін айқындаудың ғылым үшін маңызы зор деп білеміз.

Ескерткіш тіліндегі бір, екі дауысты дыбысы, екі дауыссыз дыбысы және бір дауыссызы мен бір дауыстысы бойынша айырмашылығы бар сөздер, үш дауыссыз дыбыс бойынша айырмасы бар сөздерді топтастырып қарастырғанымызда сөздердің біршама өзгерістерге ұшырағанын аңғардық. Осы өзгерістердің барлығы белгілі бір фонетикалық заңдылықтарға бағынған. Мн ескерткішіндегі сөздер фонетикалық жағынан өзгеріске түскенімен қазіргі тілімізден мағыналық жағынан ешқандай айырмашылық байқалмайды.

Академик Ә.Т. Қайдар «Структура односложных корней и основ в казахском языке» деген еңбегінде дауысты дыбыстардың 36, дауыссыз дыбыстардың 496 теориялық сәйкестік түзе алатындығын айқындап береді [31, 77-79 бб].





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет