Сингармонизм. Сингармонизм заңы түркі тілдеріне тән екені дәлелдеуді қажет етпейді. Тіліміздегі байырғы сөздердің (түбірлердің) бірыңғай жуан буынды немесе бірыңғай жіңішке буынды болып келетіні ғылыми тұрғыдан анықталған.
Түркі тілін зерттеуші ірі түрколог ғалымдар В.В. Радлов, И.И. Ильминский, М. Терентьев, Т.М. Мелиоранскийдің еңбектерінен сингармонизм туралы пікірлерді көптеп кездестіруге болады. Соның ішінен қазақ тілін зерттеуші түркологтар В.В. Радлов пен П.М. Мелиоранскийдің еңбектерінде қазақ тілінде ерін үндестігінің мықты болғандығы айтылған.
Қазақ тіл білімінде А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Х. Досмұхамедов сынды ғалымдардың да еңбектерінде қазақ тіліндегі сингармонизм заңы туралы жан-жақты қарастырылғаны белгілі. Қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстардың үйлесуі туралы Ә. Жүнісбек, С. Мырзабеков, А. Айғабылов, Н. Уәли және т.б. ғалымдар тың пікірлермен толықтыра отырып, сингармонизм құбылысын зерттеуде өз үлестерін қосты.
Түркі тілдері сингармонизм жайына қарай әлденеше түрге жіктеледі; тіпті үндестік заң жоқ тілдер (өзбек, ұйғыр т.б. тілдер), үндестік заңы солғын тілдер (татар, башқұрт т.б.), үндестік заңы күшті тілдер (қырғыз, алтай т.б.). Қазақ, қарақалпақ және ноғай тілдері үндестік заңы солғын тілдер мен күшті тілдердің аралығынан орын алады, түркі тілдерінде сингармонизм – ертеден келе жатқан фонетикалық құбылыс. Алтай тілдерінің морфология құрылысымен тығыз байланысты. Бұл құбылыс ертедегі түркі тілдерінің жазба нұсқаларында сақталған [26, 42 б.].
Төменде біз зерттеп отырған ескерткіштің тілінде үндесу заңы қалай көрінген деген мәселеге тоқталамыз. Мн ескерткіші тілінен буын үндестігі мен дыбыс үндестігінің заңдылықтарының сақталғандығын айқын көруге болады. Егер түбір сөз жуан болса, жалғанған грамматикалық көрсеткіштер жуан, жіңішке болса жіңішке варианттарын қабылдаған.
Достарыңызбен бөлісу: |