Зерттеудің өзектілігі. Алтын Орда әдеби тілі түркі халықтарының құрамына енген көптеген тайпаларға ортақ болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелдеуді қажет етпейді. Зерттеушілердің пікірінше, ХІ-ХV ғасырлардағы түркі тіліндегі әдебиеттер аралас тілде жазылған.
Осы кезге дейін қазақ тіл білімінде зерттеу жұмыстары ескерткіштердегі белгілі бір грамматикалық формаларға және белгілі бір лексикалық-семантикалық топтарды зерттеуге арналғаны белгілі. Әрине бұған қарап ескерткіштер тілі түбегейлі зерттелінді деп айту асығыстық болар. Әлі де болса тарихи ескерткіштер тілінің айқындалар тұстары көп. Бүгінгі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде ұлттық руханиятқа қатысты деректер мен тарихи мұралардың түпнұсқалары мен көшірмелерін жіті зерделеу жұмыстары қолға алынып отыр. Осыған байланысты жазба ескерткіштер тілін қазіргі қазақ тілімен салыстырып зерделеудің маңызы одан сайын арта түсуде.
«Мухаббат-наме» ескерткіші тілі де көптеген түркі тайпаларының тілін қамтиды. Орта ғасыр жазба ескерткішінің тілі қазіргі түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің де өзіндік үлесіне тиетін ерекшеліктерге толы. Осы орайда ескерткіштегі элементтердің түркі тілдерімен ортақ белгілері, қазақ тілімен үйлестік табатын сипаттарын қарастырып, ғылыми тұрғыдан әр тілде қазіргі кезге дейін қолданыста жүрген тілдік бірліктерді саралау – жұмыстың өзектілігін арттырады.
Қазақ тілінің тарихын көне және орта ғасыр жазба ескерткіштері материалдары негізінде зерттеу үрдісі жан-жақты қарастырылуы тиіс. Қазақ тілі өзінің қалыптасу, даму, жетілу жолдарында түрлі даму сатыларын басынан кешіргені мәлім. Тіліміздің фонетикалық жүйесі, морфологиялық формасы, синтаксистік құрылымы, лексикалық қоры бірден қалыптаса қойған жоқ. Бір ғана ескерткіш тілі арқылы тұтас бір ұлт тілінің лексикалық қорының мөлшерін анықтау жеткіліксіз. Қазақ тіліне қатысты тарихи құндылықтардың қазіргі қазақ тілімен қандай ұқсастықтары бар деген мәселелерді ғылыми түрде зерделеу өзектірек. Біз зерттеп отырған ескерткіштің қазақ тіліне фонетикалық, грамматикалық бірліктері тұрғысынан ұқсастықтары мен ерекшеліктері кешенді түрде қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |