Зерттеу нысаны. «Мухаббат-наме» ескерткіші (XIV ғ.) тілінің сөздік қоры.
Зерттеу пәні. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы.
Зерттеудің дереккөздері. «Мухаббат-наме» жазба ескерткішінің Британ мұражайында Or.8193 нөмерлі папкада тіркеулі тұрған араб жазулы көшірмесінің факсимелиесі және Б. Сағындықұлы мен С. Тәшімбайдың «Мухаббат-наме ескерткішінің (XIV ғ.) мәтіні» (2007 ж.) еңбегінен мысалдар теріліп алынды. Оның ішінде түркі бөлігін құрайтын 231 есім сөздер және 323 етістік, барлығы – 554 сөз талдауға түсті.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:Зерттеудің негізгі мақсаты – XIV ғасырда жазылған «Мухаббат-наме» ескерткіші мен қазақ тіліндегі тілдік бірліктерді салыстырып, фонетикалық, морфологиялық, семантикалық айырмашылықтары негізінде олардың арасындағы тарихи сабақтастықты анықтау. Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
ескерткіштің зерттелу деңгейін пайымдап, ғылыми тұрғыдан шолу жасау;
ескерткіш тілі фонетикалық құрамының қазақ тілі тұрғысынан фонетикалық айырмашылықтары мен ұқсастықтары, дыбыстық сәйкестіктерін анықтау;
ескерткіште қолданылған жұрнақтардың мағынасы мен тұлғалық жағынан сол тектес қазіргі қазақ тіліндегі жұрнақтардың грамматикалық қызметін көрсету;
қазақ тілі тұрғысынан ескерткіш тіліндегі сөздердің көнеру сипаттарын анықтау, ескерткіштің сөздік қорындағы қазақ тілінде кездеспейтін, бірақ оғыз тобы тілдерінде қолданылатын сөздерді бөліп көрсету;
ескерткіш тіліндегі сөздердің лексика-тақырыптық топтарын анықтау;
ескерткіш тіліндегі қолданылған көп мағыналы сөздердің мағыналық саралануын тарихи даму контекстінде қарастыру;
қазақ тілі тұрғысынан ескерткіш тіліндегі сөздердің лексикалық мағыналарының кеңею немесе тарылу құбылысын зерделеу;
ескерткіш тіліндегі сөздердің лексика-семантикалық топтарын қазақ тілімен салыстыру, сол арқылы лексикалық айырмашылығын көрсету.