Үш мағыналы сөздер. Ат. 1. ат, есім: ädib äһmäd atïm ДТС 64 (Атым Адиб Ахмед); 2. титул, атақ, лауазым, дәреже: ẹki oγlïma jabγu šad at bertim (Екі ұлыма ябгу және шад атағын бердім); 3. атау, бір нәрсенің атауы: kitab atï (Кітабтың аты). Ескерткіш тілінде: 1. Алла тағаланың есімдерінің бірі деген мағынада. Улығ таңриниң атын йад қылдым 1 (Ұлық тәңірінің атын жат қылдым); 2. Адамға қойылған есім, ныспы деген мағынада. Сениң атың ишиткач йерлар өпкай 120 (Сенің атыңды есітіп, жерді өбер еді); 3. Атақ, даңқ деген мағынада. Қуйаш йаңлық жеханны тутты атың 118 (Күн сияқты жаһанды тұтты даңқың). Бұл сөздің орта ғасырдағы беретін мағыналары қазақ тілінде сақталынып қалған. Қазақ тілінде ескерткіштегі екі мағынасының үстіне мына мағыналары қосылған: мамандыққа, кәсіпке байланысты лауазым; бір нәрсенің атауы, сөз арқылы белгіленуі; үй жануарларына қойылған қосымша ат; кличка және ауыспалы мағынада мән, мағына, жөн.
Тил. 1. Адамдардың қоғамдық өмірде бірін-бірі түсінісіп, пікір алысар қатынас құралы деген мағынада. Шакар тек тил била туты тилиңиз 67 (Шекердей [тәтті] тоты тіліңіз); 2. Айтпақ ойды білдіретін сөз, мәнерлі тіркес. Шакар тек тил била ´аламни туттың 50 (Шекердей тіліңмен әлемді бағындырдың); 3. белгілі бір тайпаның сөйлесу құралы деген мағынада. Тилармин ким бизниң тил бирла пайда 51 (Тілеймін пайдаңды, біздің тілде).