Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы


Мағынасы кеңейген және тарылған сөздер



бет82/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   126
Байланысты:
Ташимбай дисс посл (1)

2.4 Мағынасы кеңейген және тарылған сөздер

Ескерткіштегі кейбір сөздердің мағыналары қазіргі тіліміздегі мағыналарымен салыстырғанда тарылған болса, кейбір сөздердің мағыналары кеңейген. Ескерткіштің лирикалық жанрда жазылғандығын ескеретін болсақ, қолданылған сөздердің бүкіл мағынасы қамтылмауы да мүмкін. Ескерткіш тілі мен қазақ тіліндегі көп мағыналы сөздерді салыстырғанымызда сөздердің қолданылуына қарай олардың тарылуы мен кеңеюі қоғамның жаңаруымен, техниканың дамуымен байланысты.

Р. Барлыбаев сөз мағынасының өзгеруіне түрлі себептер әсер ететінін айтады: «Әдетте қоғамның дамуы, сөз жоқ болмыс, орта, зат, құбылыс жайында ұғымның жаңаруына, тереңдеуіне, өзгеруіне, ақыры кеңеюіне әкеледі. Сөз мағынасының кеңеюінің, өзгеруінің басты бір себебі сол сөз білдіретін ұғымның өзгеруінде деп тану қажет» [81, 33 б.].

Сөз 1. Белгілі бір мағынасы бар заттар мен құбылыстардың атауын білдіретін тілдің негізгі единицасы деген мағынада. Бу сөзда, хақ билүр, йалған йоқ, ей жан 326 (Бұ сөзде хақ білер жалған жоқ, ей жаным); 2. Бір нәрсе жайында айтылатын әңгіме деген мағынада. Бу йирга йетти сөзта хайир болды 589 (Бұл жерге жетіп, сөзім тәмам болды). 3. Поэманың мәтіні деген мағынада. Мухаббат нама сөзин мунда биттим 615 (Мухаббат-наме сөзін осылайша бітірдім). Ескерткіштегі мағыналары қазақ тіліндегі мағыналарымен сәйкес келеді. Қоғамдағы адамдардың санасының жетілуі арқасында жаңа мағыналардың туындауы қажеттілік тудырған. Қазақ тілінде жиналыста көпшілікке қаратыла айтылатын пікір, мәлімдеме, деректі ақпар деген жаңа қоғамға сай мағыналары да қолданылады.

Ағыз 1. ауыз; ауыс. ерін: aγïz jesä köz ujaδur ДТС 21 (Ауыз жесе көз ұялар); 2. құмыраның, құдықтың аузы; жараның аузы: ïšïč aγzïn titigin japmïš kẹrgä[k] (Ыдыстың аузын жабу керек); 3. өзеннің сағасы; 4. ауыс. тамақ қабылдайтын мүше: 5. ауыс. сөз. Ескерткіште: 1. Адамның, жан-жануарлардың тамақ қабылдайтын мүшесі деген мағынада. Қатық күлсаң магар ағзың билүргай 211 (Егәр, қатты күлсең, ауызың әсемдіктен белгі береді); 2. Дыбысталу мүшелерінің бірі, артикуляциялық аппарат деген мағынада. Нетар ол ағызда мунча йалған 252 (Неліктен аузыңда мұнша жалған); 3 Бір нәрсенің ашық жағы деген мағынада. Сурахи толса көп, ағзын ачалың 433 (Құмыра толса, аузын оның ашалық). Қазақ тілінде ауыз сөзі адам, кісі, бір нәрсенің ашық жағы, бір нәрсенің кіріп шығатын жері, есігі, бір нәрсенің басталар жері, жараның, ісіктің ашылған жері; үстіңгі жағы, беті деген мағыналарымен толыққан. Бұған қарап, ағыз сөзінің мағынасы кеңейген деп айтуға болады.

Көне түркі тілінде күн сөзі мынадай мағыналарымен белгілі: 1. күн: kün toγdï qamuγ üzä jaruq boltï ДТС 326 (Күн шықты барлығының үсті жарық болды); 2. күндізгі уақыт, күндіз: kün jẹmä tün jẹmä jẹlü bardïmïz 254 (Күнімен, түнімен желіп отырдық); 3. күннен күнге: kün küniŋä ïm tarïγïm ašïlsun (Күннен күнге егінім пісіп жетілсін). Ескерткіште екі мағынада жұмсалған: 1. Әлемге жарық, қызу беретін планета. Агар күн тоғмаса хам йақту қылғай 63 (Егер күн шықпаса етер еді жарық); 2. Таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы уақыт; күндіз. Йаратты алты күнда хақ-та´ала 8 (Жаратты алты күнде Хақ тағала). Қазақ тілінде осы сөз бірнеше мағынаға кеңейген: 1. Әлемге жарық, қызу беретін планета. 2. Таңның атуы мен күннің батуы аралығындағы уақыт; күндіз. 3. 24 сағатқа тең уақыт, тәулік. 4. Уақыт, мезгіл, кез, дәуір. 5. Ауыс. Өмір, тіршілік. 6. ауыс. ауа райы, табиғат құбылысы.

Ескерткіште йол сөзі тура мағынасында жұмсалмаған. Бұл сөздің тура мағынасы мен басқа мағыналарын көне түркі сөздігінен табамыз: 1. жол: kögman jolï bir ẹrmiš ДТС 270 (Көгманға баратын жол біреу-ақ): 2. жол, жолға шығу, жол жүру: ẹr joldan jandï (Ер жолдан оралды): 3. діни. Бір нәрсенің пайда болуы: sen üč jolï ïnča tep ajγïl (Сен ол үш жол туралы айт). Ескерткіш тілінде ауыспалы мағыналары қолданылған: 1. ғашықтық жолы деген мағынада. Бу йолға түшса Аплатун телүргай 466 (Бұ жолға түссе, Апылатон да есінен адасады). Қазақ тілінде қоғамның дамуына, жазу-сызудың пайда болуына орай бұл сөздің мағынасы әлде қайда кең өріс алған. Олар мыналар: 1. Ерсілі-қарсылы жүруге арналған (ұзын әрі жіңішке) жер белдеуі, сүрлеу деген мағынада. 2. Сөздің жазба не баспа түріндегі қағазға түскен ізі. 3. Сапар, ұзақ жол. 4. Алға ұстаған бағыт, бағдар. 5. Салт, әдет-ғұрып. 6. Кезек, рет. 7. Бұл, сол, осы. 8. Ауыс. Амал, айла, тәсіл. 9. Ауыс. шама-шарық, жөн, 10. Ауыс. Жөні, орны, жайы.

Ел. 1. тайпалық одақ, тайпалық ұйым: mẹn elig etmiš mẹn ДТС 168 (Мен тайпа құрдым); 2. ел, халық: bilgä tojuquq bẹn özüm tabγač elingä qïlïntïm (Мен өзім білікті Тоныкөк табғаш елінен үйрендім); 3. мемлекет, әкімшілік: bẹg eli ДТС 169 (Бектің елі). Бұл сөз ескерткіште ел, халық, жұрт мағынасында жұмсалған. Қазақ тілінде мағыналық ауқымы кеңейе түскен: 1. Халық, жұрт, қауым. 2. Өскен орта, туған жер; ауыл-аймақ, ел-жұрт. 3. Шыққан тегі, негізі; заты, руы. 4. Отан, мемлекет. 5. ауыс. дос-жар, жақтас, ұрандас; жау емес.

Йер сөзінің көне түркі тіліндегі мағыналары мынадай: 1. жер: jerni kökni jaratqan ДТС 257 (Жер мен көкті жаратқан); 2. орын: jaγuq jer (жақын жер); 3. жер, ел: turk sir bodun jerintä (Түрік-Сирия халқының жерінде). Ескерткіште мынадай мағыналарда айтылған: 1. адамзат тіршілік ететін планета деген мағынада. Қабул қылдым, йер өптим, айдым: ей шах 55 (Қабыл қылдым, жер өптім, ей шаһ – дедім). 2. белгілі бір нысана, бағыт деген мағынада. Аның дек йирга қол сунды елик ким 315 (Сондай жерге қол создым жетемін деп). 3. орын деген мағынада. Харабат ичра масжидда йирим бар 609 (Шарапханада әм мешітте орным бар). Бұл сөздің қазақ тіліндегі мағынасы әлеуметтік жағдай мен қоғам ыңғайына қатысты біршама кеңейген: 1. Өз осінен және күннен айналатын, өзінде тіршілік бар планета. 2. Сол планетаның үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы; құрлық. 3. Бір елдің, облыстың, ауданның, колхоз-совхоздың пайдаланатын меншікті жері; аумағы (егіндік танап, шабындық, жайылым, т.б.). 4. Мекен, жай, орын. 5. ауыс. Ел, жұрт, ауыл, өскен орта. 6. ауыс. Мезет, кез, уақыт, мезгіл. 7. Рет, жөн, ыңғай. 8. ауыс. Бірдеменің шыққан орны, басталысы.

Сөз мағынасының тарылуы – сөз мағынасының кеңеюіне қарама-қарсы құбылыс. Мағына кеңейгенде нақтылықтан дерексіздікке, жалқылықтан жалпылыққа ұмтылса, мағына тарылғанда, керісінше, ұғымның дәлденіп жіктелуіне байланысты, дерексіздіктен нақтылыққа, жалпылықтан жалқылыққа қарай ұмтылады екен.

Мн жазба ескерткіш тіліндегі кейбір сөздердің мағынасында қазіргі қазақ тілімен салыстырып қарағанда өзгешеліктер байқалады.

Көңүл сөзінің ескерткіштегі мағынасына қарағанда көне түркі тілінде мағынасы әлдеқайда кең болғанға ұқсайды. Олар: 1. жүрек: söz köŋülkä siŋdi ДТС 315 (Сөз жүрекке жетті); 2. қалау: öz köŋülinčä barsun (Өз қалауымен барсын); 3. сезім: köŋül birlä maŋsa kiši arzular / tegir arzuqa terk jaγuqluq ulap (Егер кісі қаласа / ол қалауына қол жеткізеді); 4. ой, сана, зерде: köŋüllärin turγurmaq ДТС 315 (Ой тоқтату). Көңүл деген сөздің ескерткіштегі мағынасы «жүрек, жан-дүние», ал тіліміздегі мағынасы «көңіл-күй». Яғни қазақ тілінде: 1. адамның мінез-құлқына байланысты жалпы эмоциялық сезім (сана, ой, зерде, назар т.б.). 2. ауыс. қиял, арман мағыналарында жұмсалады. Бұған қарап бұл сөздердің мағынасының кейін тарылғанын аңғаруға болады.

Көңүл сөзі қазіргі түркі тілдерінде: түрк., gönül; әзірб., könül; башқ., küŋil, ruh, yöräk; қырғ., könül; өзб., köngil; тат., can, ruh, küŋil; түркм., könül, gövün; ұйғ., könül, can; қаз., көңіл.

Тон деген сөздің ескерткіштегі мағынасы бүкіл киім атаулыны білдіреді. Орта ғасыр ескерткіштеріндегі мағыналары да осындай. Ким атлас тон йарашур болса ма´лам 104 (Құрметті кісіге атлас тон жарасады). Қазіргі қазақ тілінде 1. Иленген қой терісінен жүнін ішіне қаратып тіккен жылы сырт киім. 2. Ауыс. Ерлердің сырт киіміне байланысты жалпы атауы ретінде жұмсалады.

Орта ғасыр мен қазіргі түркі тілдерінде қолданылатын тон сөзінің мағынасы қазақ тілінде бірте-бірте тарыла келіп, қазіргі кезде киімнің бір ғана түрін білдіретін атау болып қалыптасқан. Сонымен бірге ол тарихи қызметі бойынша арагідік киім деген мағынада ұшырасады. Қазіргі қазақ тілінде тон сөзі киім деген мағынада жұмсалғанда, көбінесе, тұрақты сөз тіркестерінің құрамында кездеседі.



Иш сөзі көне түркі тілінде екі мағынада кездесті: 1. іс, жұмыс: ol qïlmïš išiŋä oχsïndï ДТС 214 (Ол қылған ісіне өкінді); 2. іс, хал, жағдай: ẹr iši čülükti (Ер ісі құлдырады). Ескерткіште хал, жағдай деген ауыспалы мағынада қолданған. Күйар көңлүм сабаның ол ишидин 357 (Ішім күйеді самалдың сол ісіне); Ишит кил бу ғазалда ишларидин 311 (Бұ ғазалды тыңдаңыз істеген істері мен). Қазақ тілінде еңбек, жұмыс, қаракет, шаруа деген мағыналарда қолданылады.

Бек сөзі көне түркі тіліндегі мынадай мағыналарды иеленген: 1. билеуші, бек; altï baγ bodunqa bẹg ertim ДТС 91 (Алты халқына бек болдым); 2. күйеу, жұбай: javlaq tïllïγ bẹgdän kẹrü jalŋus tul jeg (Ащы тілді бегің болғанша жалғыз басты болғаның жақсы). Ескерткіште беретін мағынасы хан тұқымынан шыққан халықты басқарушы. Мысалы, Бурун алқысса бек мадхин айайын 105 (Әлқисса, алдымен бек мадағын айтып алайын); Бизниң бек йадыға ´ишрат қылалы 157 (Біздің бектің назарына ишарат қылайық). Қазіргі қазақ тілінде кеңес дәуіріне дейін феодалдық қоғамдағы үстем тап өкілі, ел билеген әкім, хан тұқымы деген мағынасы қалыптасқан. Бұл сөздің аясы да тарылған.

Улығ сөзінің көне түркі тілінде мағынасы кең болғанға ұқсайды: 1. үлкен: bu jerdä bir uluγ orman bar erdi ДТС 610 (Бұл жерде үлкен орман бар еді); 2. жас жағынан үлкен: uluγï šad ẹrti (Үлкені патша еді); 3. ұлы: uluγ täŋri aγïrladï (Ұлы тәңрі жарылқады); 4. күшті, қатты: uluγ ünün maŋradï (Қатты дауыспен маңырады); 5. үлкен, биік: uluγ taγ (Биік тау); 6. күшті, ауыр: uluγ tïnïp (Ауыр тыныстады); 7. өте үлкен, орасан, зор: uluγ bẹdük altun küvrüg (Өте үлкен алтын барабан). Ескерткіште 1. ұлы тәңірі деген мағынада. Улығ таңриниң атын йад қылдым 1 (Улық тәңірінің атын жат қылдым); 2. ең жоғарғы мәртебелі лауазым деген мағынада. Кичик йашдин улығларның улуғы 108 (Кішік жастан ұлықтардың ұлығы). Қазақ тіліндегі мағыналары: 1. орасан зор, аса үлкен, ірі. 2. Асқан кемеңгер, данышпан; атақты, озық ойлы. Бұл сөз «ұлық болсаң кішік бол» деген мақалда әлі күнге дейін қолданылады. Яғни ұлық сөзінің мағынасы қазақ тілінде мағыналық жақтан ығысып үлгермеген.

Таңри сөзінің тарихи ескерткіштердегі мағыналары мынадай: 1. аспан, көк: ẹr bušušluγ täŋri bulïtlïγ boltï ДТС 544 (Ер көңілсізденді, аспан бұлтты болды); 2. көк Тәңірі: täŋri jalŋuq jarattï (Тәңірі адамды жаратты); 3. тәңірлік: täŋri ẹlimkä ẹlčisi ẹrtim (Тәңірлі елімнің елшісі едім); 4. билеуші, мырза: bu savïγ ẹšidip mẹn ötrü olarqa ïnča tep tedim aj-a ẹdgülärim täŋrimlärim (Бұл сөзді есітіп, мен оларға былай дедім: «О, игілерім, тәңірлерім»). Ескерткіште ұлы жаратушы деген мағынада қолданылған. Улығ таңриниң атын йад қылдым 1 (Улық тәңірінің атын жат қылдым). Қазақ тілінде де жаратушы иеге байланысты айтылады. Тәңірі сөзі қазақ поэзиясында кеңінен етек алған. Бұл орта ғасыр поэзиясы мен қазіргі қазақ поэзиясының өзіндік бір жалғастығы, сабақтастығы болар.

Улус. Улусқа рахм етиб ғамхор болғыл 177 (Ұлысқа рақым етіп, қамқор болғыл). Бұл сөз монғол тілінде ел, мемлекет деген мағыналарда жұмсалғанымен, қазіргі қазақ тілінде қолданылмайды. Уақыт талабы бұл сөздің мағнасын белгілі бір заманға дейін ғана жеткізген.

Чечак. ДТС 143 (Барлық гүлдер бүршік атты); Ескерткіште түркілік чечак сөзімен қатар парсының гүл сөзі қатар қолданылған. Қазақ тілінде де осы парсы тілінен енген гүл сөзі қолданыста, шешек сөзі ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек атауында ғана сақталған.

Ғасыр өткен сайын қоғамның дамуына, заман талабына орай кейбір сөздердің мағыналары тарылып жатса, кейбір сөздер жаңа мағыналарға ие болып өрісін кеңейтіп жатады. Бұл тіл білімдегі болатын заңды құбылыс. Ескерткіштегі сөздердің мағынасы қазіргі тілмен салыстырғанда кеңейген болса, енді бірінің мағынасы тарылып қалған. Ескерткіштегі мағынасы тарылған және кеңейген сөздердің кейбір мағыналары қазақ тіліндегі мағыналарымен сәйкес келіп жатса, кейбір мағыналар мүлдем қолданыстан шығып қалған.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет