Алдағы үш-бес жылға арналған жоспарыңызбен бөлісіңіз, әлеуетті табысты ғана емес, сонымен бірге сату коэффициенті немесе жарнаманың тиімділік көрсеткіші сияқты маңызды ақпарат туралы баяндаңыз. Сатудың ұзақ мерзімді циклдары мен маусымдық факторлар туралы айту- ды да естен шығармаңыз. Инвесторлар болжамдарыңызға негіз болған факторларды түсінулері керек, бұл сандар өте маңызды ақпарат.
Бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарыңыз бен жобаңызды қалай жүзеге асыратындығыңыз туралы, алғашқы жасаған қадамдарыңыз жайлы айтып беріңіз. Кез келген бизнесті дамыту үшін мынадай сұрақтар жиі қойылады: «Біз қазір қай жердеміз?»,
«Біздің қайда болғымыз келеді?», «Оған қалай жетеміз?». Инвестордан алатын ақшаны қалай жұмсайтыныңызды түсіндіріңіз. Жағымды динамиканы толық суреттеңіз. Кедергілер мен проблемаларды қалай шешетініңізді көрсетіңіз. Жобаңыздың келесі түйінді кезеңіне қол жеткізу үшін қанша ақша керек екенін нақты айтыңыз. «Жалпы жобаға» емес, нақты келесі кезеңге қажет соманы көрсетіңіз және бұл кезеңнің нақты мақсаттарын айқын түсінуіңіз керек. Егер сізде қажетті түсінік болмаса, ешкім инвестиция бермейді. Сіз «ақша сұрамайсыз», сіз инвестициялық мүмкіндікті іздеп жүргендерге оны ұсынасыз. Сондықтан қанша ақша керектігін, бұл ақшаның жобаңызды қай деңгейге жеткізетіндігін (мысалы, «прототип құру»,
«сата бастау» және т.б.), сонымен бірге осы ақшаның орнына инвесторға не бе- ретіндігіңізді нақты тұжырымдаңыз. Жалтару сөздеріңіз («бұл жөнінде жеке айтамын», «мен бұл туралы көпшілікке жария еткім келмейді») бизнестегі шеберлігіңізді көрсетпейді, олар сіздің нені және не үшін сұрап жатқаныңызды түсінбейтіндігіңізді айқындайды.
Болашақ инвесторыңыз презентацияңыздан кейін сұрақ-жауап сессиясы барысында сізбен сөз таластырғысы келмейтін шығар. Инвесторыңыз дәл сол сәтте сізден ештеңе де сұрамауы мүмкін, ол аудиторияда өте қатты және кейде әділетсіз «қыспаққа» алынған жағдайыңызда сізді жай ғана бақылап отырады. Бұл инвесторға өзіңізбен кейін ыңғайлы уақытта және қолайлы жерде тілдесуге мүмкіндік беріңіз, соңғы слайдта аты-жөніңіз, телефоныңыз, e-mail, Skype, әлеуметтік желідегі аккаунт, WhatsApp немесе Telegram сияқты ірі әріптермен және анық жазылған байланыс деректеріңіз болсын. Көпшілікке барлығын қарап алуға, жазып алуға және суретке түсіріп алуға уақыт пен мүмкіндік беріңіз, слайдты жаппаңыз, проектор мен экран арасында тұрып алмаңыз. Өзіңізге дұрыс email мекенжайын ашып алыңыз, ал natusik@hotmal.com немесе macho1959@mail.ru секілділер керемет презентациядан алған әсерді бүлдіруі мүмкін.