Тілді меңгеру. Сөз байлығын арттыру және грамматикалық формаларды игеру ойдың дамуына алғы шарт жасайды. Ойлау жұмысы байқау, бақылау барысында, басқа да әрекеттер үстінде күрделене отырып, сөйлеуді байытады, күрделендіреді. Ойлау жұмысы сөйлеуге итермелейді. Тілдің дамуы ой дамуына қолайлы жағдай жасайды. Балалар кейбір сөздерді мағынасын білмей жаттап алады, тіпті қатесіз де жазады, бірақ сөздер олардың санасына мазмұнсыз қонған. Келесіде сол материалды әңгімелеуге келгенде бала сөз таба алмай қиналады.
Тіл дамытуда кітаптағы материалына талдау жасау, кейбір жағдайларда бақылау арқылы жинаған материалын кітап материалымен ұштастыра пайдалану балалардың ойын дамытады, тілін байытады. Тіл дамытуда мұғалім ақыл-ой жұмысының белгілі формаларына (анализ, синтез, индукция, дедукция, маңызды белгілерін табу, қорытындылау, ой міндеттерін шешу, себеп-салдар байланыстарын анықтау, салыстыру және қарама-қарсы қою) сүйенеді.
Заттың белгілерін немесе құбылысқа тән белгілерді табу байқағыштық қасиетке байланысты; бұл естің жұмысына да қатысты. Бақылау жүйелі және алуан түрлі материал бойынша жүргізіледі.
Заттар мен құбылысқа тән белгілерді таба білу грамматикамен байланыстырылады.
Белгілерді тапқызу үлгілері шамамен мынадай:
Алма жөнінде не айтасыңдар? Формасы, түсі, дәмі. Шие, қызанақ, сәбіз жөнінде?
Күннің, айдың, жұлдыздың белгілерін көрсет. Оларға ортақ белгі қандай?
Биік, әдемі ..., ақ-қара..., ақымақ-ақылды..., тәтті-ащы....
Көктем мен күздің; қарға мен сауысқанның; алма мен алмұрттың; ұшақ пен автобустың ортақ белгілерін айтыңдар.
Сонан кейін осы заттарды қандай белгілері арқылы ажырататынымыз айтқызылады.
Бір заттың бірнеше белгілері көрсетіледі. Ішінде ең бастысы қайсысы? –деп сұрақ қойылады.
Салыстыру. Мұнда заттар мен құбылыстардың ұқсастық, айырмашылық қасиеттері айқындалады. Оқушылар заттарға тән белгілерді таба алатын дәрежеге жеткен кезде ғана салыстыруды жүргізүге болады. Салыстыру мақсатты болуға тиіс; мысалы, қасқырды итпен салыстырғанда сыртқы белгілеріне қарай ғана емес, мінезқұлықтарына, адамға тигізетін пайда – зиянына қарай да салыстыруға болады. Салыстырудың аяғында қорытынды жасауы керек. Бұл жұмыс әуелі екі затты немесе құбылысты салыстырудан басталып, кейін үш-төрт заттарды салыстыруға болады.
Мысалы: алма ағашы мен қарақат ағашы; тиін мен түлкіні; оқыған әңгімелеріндегі екі кейіпкерлерді; мінез-құлықтарын.
Ұғыммен жұмыс. Ұғымда заттар мен құбылыстардың жалпы және негізгі белгілері бейнеленеді.Ұғым жалпы және дара болып бөлінеді. Оқушылар дараны жалпыға айналдырып жаттығады.
Жұмыс түрлері: а)берілген суреттер, заттарды бір топқа жинақтайды.
ит, сиыр, қой, мысық, аю – аю. Бір топқа енген заттарға ортақ белгілерді тапқаннан кейін әрқайсының жеке белгілерін сипаттатып шығарма да жаздыруға болады.
б) Оқушыларға бір ұғым бойынша жалпыланған заттарды ұсынып, жеке ұғымдар анықталады. Мысалы, үй жануарларын атаңдар. Ол- ит, сиыр, қой, мысық. Қандай белгілері болады?
Достарыңызбен бөлісу: |