Жобаның қысқаша сипаттамасы : Тіл біліміне кіріспе – тіл туралы оның ішінде жалпы тіл білімінің, тіл ғылымының ең алғашқы баспалдағы, кіріспе бөлімі. Ал тіл және ойлау мен тіл және сөйлеу деп аталатын сонымен қатар, әлі күнге дейін зерттелмеген қырлары мен сырлары бітпейтін бұл бөлімі - тіл білімінің негізгі зерттеу объектісі. Біз бұл жобада аталған бөлім туралы мәліметтерді барынша жан-жақты әрі ауқымды түрде жинақтауға тырыстық.
Тақырыптың өзектілігі : Сөйлеу мен ойлау қоғамдық қызметтің өзара тығыз байланысты, мәні және арнайы белгілері жағынан ерекшеленетін екі түрі. Ойлау мен сөйлеудің байланысы қандай дәрежеде екенін және онын нақты сипатын анықтау — теориялық тіл білімі мен философияда ежелден-ақ әр түрлі пікірлер туғызған. Бұл егіз ұғым адамзат пайда болғалы бері күнделікті өмірдің айнымас бөлігіне айналғаны рас. Сондықтан лингвистикалық және психологиялық тұрғыда екі қасиет арасындағы тепе-теңдікті сақтап, әрқайсысының даралығына назар аудару ғасырдан-ғасырға ұласатын нақты талап.
Мақсаты : Қандай да болмасын сөйлесу, ойын жеткізу мақсатында, тілдің қаншалықты маңызды екенін қысқа әрі түсінікті жеткізе отырып, тіл - ойды жеткізудің басты құралы, сөйлеудің қаруы екенін ұғындыру.
Міндеттері : Аталған жоба студенттердің әрі теориялық сонымен қатар практикалық таным-түсінігін қалыптастырып, одан әрі қарай дамытуға жағдай жасау.
Нәтижесі (өнім) : Қоғам – адамдардың қарым-қатынас орнату үшін, бірлесіп еңбек етуі үшін қаншалықты маңызды әрі қажет болса, тілдің де өмір сүруі үшін қоғамның соншалықты қажет екендігін түсіндіре отырып, бекіту .
Кіріспе Дербес ғылымдардың қатарында тіл білімі де бар. Ал тіл білімінің ғылым ретінде зерттеу обьектісі – тіл. Сонымен, тіл дегеніміз не? Тіл – кез келген ұлттың өмір сүруінің алғышарттарының бірі. Әр ұлттың ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырамас бөлігі. Әр халықтың өз тілі, өзінің ана тілі болады. Дүние жүзінде қанша халық болса, соған орай тіл де бар. 1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жариялаған мағлұматтарға сүйенсек, дүние жүзінде 5661 тіл бар. Бірақ, 1400-ден астамы дамымай қалған көне немесе өлі тілдер.
Әлемде қанша тіл бар екеніне ғылым нақты жауап бере алмайды. Лингвис Георгий Старостиннің айтуынша, олардың саны 2 мыңнан 60 мыңға дейін болуы мүмкін. Мұның бәрі тіл мен диалект арасындағы шекараны қай жерде сызуға байланысты. Мұнда біртұтас ереже жоқ, сондықтан әр ғалым әртүрлі ойлайды. Ғылым оны әлі анықтамағанымен, ресми тілдерді санауға болады. Қазіргі таңда 95 тіл мемлекеттік деңгейде танылды. Ең танымалдары мыналар: ағылшын тілі 54 елде ресми болып саналады; француз тілі 35 елде; араб тілі әлемнің 27 елінде; Әр екі аптада бір тіл «жоғалады». Себебі, ауылдарды, шағын елді мекендерді тастап, үлкен қалаларға көшкен халық жергілікті тілден айырылады. Қазіргі уақытта 400-ге жуық тілдің жойылу қаупі анықталған.
Тіл – еркін сипаттағы белгілер жүйесі, ол арқылы адамның қарым-қатынасы жүзеге асады, өзара пікір алмасуы, сонымен қатар ойлау операцияларын, хабарларды (сигналдарды, ақпараттарды, білімдерді) алу, сақтау, түрлендіру және беру және соған байланысты процестерді қамтиды. Жалпы, тіл адамдар үшін, қоғам үшін қызмет етеді. Сондықтан ешбір қоғам тілсіз өмір сүре алмайды. Тіл қатынас құралы, сонымен қатар ойлаудың, ойдың жарыққа шығуының да құралы. Адамның ойы тіл арқылы белгілі болады, ойдың жене оның мазмұны тіл арқылы көрініп, сол арқылы ұғынады. Демек, ойлау мен тіл бір – бірімен тығыз байланысты.
Ал ойлау дегеніміз не? Ойлау – бұл адамның танымдық әрекеті. Ол мидың қызметімен тікелей байланысты. Ерекшелігі – қоршаған дүниенің тікелей қабылдауға болмайтын заттары, қасиеттері мен қатынастары туралы білім алу қабілеті. Ойлаудың бұл қасиеті аналогия, дедукция сияқты тұжырымдар арқылы жүзеге асады. Ойлаудың нәтижесі – ой және ол сөйлеу актісімен байланысты. Ал тіл мен ойлаудың арақатынасына келер болсақ, адамдар бір-бірімен қарым-қатынасқа тіл арқылы түседі, айтар ойының бәрін тіл арқылы жеткізеді. Тілсіз ойлау болмайды, кез-келген ой тіл арқылы ғана көрініс табады. Осы арада Ф.Соссюр: «Ой дегеніміз, сол қағаздың бет жағы, ал дыбыс – астыңғы жағы, егер қағаздың бет жағын, астыңғы жағын бүлдірмей кесіп алуға болмайтыны сияқты, тілде де дыбыстан, дыбысты ойдан бөліп алуға болмайды. Мұны тек абстракциялық түрде ажыратуға болады»,- дейді. Ойлаудың туып, жасалуында да тілдің рөлі айрықша зор. Адамның ойы тілдегі сөздер және олардың тіркесі арқылы айтылады да, материалдық формаға енеді.
Тіл білімінде белгілі бір позиция бұрыннан қалыптасқан: тіл – белгілер жүйесі, код, сөйлеу – жеке психофизикалық құбылыс, ол сөйлеушінің ойына сәйкес тілдік кодты белсенді түрде қолдану. Сөйлеу дағдысы – сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау және сөйлеуді түсіну қабілеті. Физикалық деңгейде ақпаратты беру дыбыс арқылы, яғни ауызша сөйлеу және графика, яғни жазбаша түрде қамтамасыз етіледі.