Тіл және сөйлеудің адам өміріндегі қызметі Тіл аясындағы құбылыстардың барлық топтамасындағы тілге қатысты саланы анықтау үшін сөйлеу әрекетінің жеке қозғалысын зерттеу қажет. Тіл мен сөйлеуді ұғыну үшін толық қарым-қатынас үстіндегі екі адамның әңгімелесуін қарастыру керек. Оны тәжірибе жүргізу арқылы байқай аламыз. Мысалы, бір-бірімен сөйлесіп тұрған екі адамды: А-ны және В-ны көреміз. Сөйлеу арақатынасы әрекетінің алғашқы нүктесі екі сөйлеушінің, мысалы, А-ның миында орналасады, бұл аумақта сана құбылыстары, ұғымдарды жеткізуші тілдік таңбалардың айқындылығымен немесе нақты бейнелерімен ассоциация құрайды. Мысалы: қарастырылатын ұғым мида саналы түрде өзіне керекті акустикалық бейне туғызады – бұл шынайы психикалық құбылыс, одан кейін физиологиялық процесс басталады: ми сөйлеу мүшелеріне бейнеге сай келетін белгі жібереді, одан соң дыбыс толқыны А-ның аузынан В-ның құлағына жетеді. Бұл – физикалық жағдай. Әрі қарай қарым-қатынас әрекеті В-да жалғасады, бірақ ол теріс бағытта, яғни, құлақтан миға қарай жүреді. Сәйкесінше, В-ның миынан А-ның миына қарай сөйлеу айтылған фазалардан өтеді.
Жоғарыда аталған сөйлеу әрекетін мынадай бөліктерге жіктеуге болады:
а) сыртқы бөлік (ауыздан құлаққа жеткізілетін дыбыстардың тербелісі) және өзге әрекеттің барлығын есепке алатын ішкі бөлік;
э)психикалық және психикалық емес бөлік; (сөйлеу мүшелеріндегі физиологиялық және физикалық құбылыстарды қамтиды)
б) актив жэне пассив бөлік: сөйлеушінің ассоциация орын алатын ортадан тындаушының құлағына жететіннің барлығы – актив, ал тыңдаушының құлағынан оның ассоциация туғызушы ортаға жететіндердің барлығы пассив болады. Сонымен, тіл мен сөйлеу деген ұғымдар бір-бірімен байланысты, бірақ бір құбылыс емес. Сөйдеу деген, психологтардың ойымен жеткізгенде, әрекет. Ал әрекет дегеніміз – белгілі бір нәтижеге жету үшін, бағдары, мақсаты арқылы топтастырылған процестердің күрделі жинағы. Сөйлеу тілдік қызметтер арқылы жүзеге асады. Ол белгілі бір талапқа бағынышты. Сөйлеу әрекеті сөйлеу мүшелерінің артикуляциялары арқылы пайда болып, ауа толқыны арқылы құлаққа естіледі. Сөйлеу әрекеті ұғыну, есту, сөйлеу дейтін үш бөліктен тұрады. Бұлар ішінара келіспейтін үш бөлек дүние. Мысалы, сөйлейтін адам ми орталығынан ақпар алады да, сөйлеу мүшелерін әрекетке дайындайды, артикуляция жасайды. Осындай әрекеттерден соң дыбыс пайда болады және ауа толқындары арқылы тыңдаушыға жетеді. Тыңдаушы есту мүшелерінің қызметінің нәтижесінде сезімін есту талшықтарымен миға жеткізеді. Бұдан шығатын тұжырым, тіл дегеннен ондағы барлық сөздердің, дыбыстардың, грамматикалық пішіндердің жиынтығын түсінсек, сөйлеу дегеннен сол тілдік элементтердің өзара қатынасу жағдайын, яғни тілдің әрекет үстіндегі күйін ұғынамыз. Осы тараптан саралағанда, тіл сөйлеуге керекті материалдардың шоғыры болып саналады.
Тілді Ф.де Соссюр «акустикалық бейненің қоймасы» деп атайды. Ал сөйлеу – сол қоймадағы материалдардың тіріліп іске көшуі, адамдардың қатынас құралына айналуы. Тіл мен сөйлеудің байланысы туралы сөз қозғағанда мына айта кеткен жөн: тілде бар нәрсенің барлығы сөйлеуде кездесуі мүмкін, бірақ сөйлеудегі жайттың бәрі тілде кездесе бермейді. Сөйлеу барысында сөздер кейде тілде орныққан, әдеттегі мағынасында қолданылмай, тек контекст арқылы ғана байқалатын коннотацияда жұмсала береді. Мысалы, көңілдің жайлауынан ел кеткен соң; жас жүрек жайып саусағын; кірлетпей кетті жүректі, т.б. бұндағы тіркестердің мағынасы тілде жоқ. Бұлар сөйлеу үдерісі туғызған коннотативті мағыналар. Тілді жақсы не жаман, нормаға жатады немесе жатпайды деп бөліп қарастыруға болмайды. Тілдегінің барлығы қажетті, барлығы да нормаға сәйкес. Ауытқушылық, нормасыздық тек сөйлеу әрекеті барысында орын алатын жағдайлар. Осыдан кейін, қоғамдық сипаттағы тіл тұлғалардың сөйлеу (жазу) процессінде даралық сипатта көрінеді. Тіл мен сөйлеудің өзара өзгешеліктері осында. Сонымен қатар, тіл мен сөйлеудің ерекшелітері жеке адамдардың сөйлеу қабілеттілігіне ғана емес, орасан зор проблемаларға да келіп тіреледі. Ондай мәселелерге: диалектілік айрмашылықтар, әлеуметтік ортаның, сананың күрделене түсуі, т.б. жатады.
Ендігі кезекте тіл және сөйлеу ұғымдарын лингвистикалық тұрғыда сараптап көрейік: Әмеди Хасенов «Тіл білімі» еңбегінде: «Лингвистиканың негізгі объектісі-сөйлеу, адамзаттың сөйлеу тілі. Сөйлеу-адамның іс әрекетінің ерекше формасы. Сөйлеу адамның ойлау қабілетімен және басқа да психикалық процестермен етене жақын. Күнделікті өмірде "тіл" мен "сөйлеу" деген ұғымдар бір-бірімен синоним ретінде қолданыла береді. Бірақ бұл екеуі бір нәрсе емес. Сондықтан осы егіз ұғымдарды бір-бірінен арашалай білу қажет. Өйткені сөйлеу мен тілдің бір-бірінен айтарлықтай айырмасы бар»,- деп жазады. Бұл дұрыс пікір. Сонымен тіл – дегеніміз жоғарыда айтылғандай адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, пікір алмасу құралы болса, ал сөйлеу дегеніміз – сол тілдегі қарым-қатынас жасау, пікір алысу құралын қолдана білудің әр түрлі амалдары мен жолдары, тәсілдері.
Лингвистер ішінде сөйлеу мен тілдің бір ұғым емес екеніне алғаш рет көңіл аударған неміс ғалымы Вигельм фон Гумбольдт (1767-1835жж). пен швейцар лингвисі Фердинанд де Соссюр (1857-1913жж). Бірақ бұлардың тұжырымдамасында айқындық болмады, олар сөйлеу мен тілдің айырым белгілерін көрсете алмады. Тіл мен сөйлеудің бір-бірінен ажыратып, айырымын тани білу керек. Сөйлеудің екі жағы бар: сөйлеу үдерісінің нақты өзі және сол сөйлеу іс-әрекеті үдерісінде жасалынған қорытынды, яғни сөйлемдер, мәтіндер, т. б. Сөйлеу ішкі және сыртқы формада жүзеге асады. Ішкі сөйлеу формасы – сөйлеу процесі үшін өте қажет дүние, ал сыртқы форма арқылы адам өз ойын басқалармен бөліседі, белгілі бір хабарлар береді. Сыртқы сөйлеу формасының өзі ауызша және жазбаша түрде жұмсалуы мүмкін.
Сөйлеу ауызша түрде қолданылғанда, оны айту мен екінші біреудің қабылдау мерзімі бір уақытта болады, ал сөйлеудің өмірі жазбаша түрде көп уақыт сақталады. Ондай жазбаша мәтіндер шығармалар жүздеген, мыңдаған жылдарға жете алады, сондықтан адамзаттың ұрпағы жазбаша жеткен дүниелерді әр кезде, әр заманда өз керегіне жаратып, пайдалана алады.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, «Лингвистиканың зерттейтіні – сөйлеуші халқы бар күнделікті өмірде қолданып жүрген, нағыз қарым-қатынас құралына айналған тірі тілдер», - деген тұжырым жасай аламын.