Компьютерлік вирустардан сақтанудың негізгі тәсілдері
Компьютерлік вирустар «таза» компьютерге вирус жұққан иілгіш дискеттер арқылы таратылады. Егер компьютер жергілікті желіге қосылған болса, онда вирустың таралуына бұрынғыдан да кең жол ашылады.
Айта кететін жайт, вирустардың кейбір түрлері компьютерге келісімен зиянды ісіне кірісіп кетеді, ал олардың кейбірі файлдар құрамына енсе де іске кіріспей, біраз уақыт тым – тырыс жасырынып жатады, бұл уақытты «инкубациялық мезгіл» деп атайды. Бұл мезгіл аралығында олар екпінді күйде файлдар арасына таратылып зақым келтіруді белгілі бір уақыт өткен соң немесе ол өзін - өзі белгіленген мөлшерде көбейтіп болған соң ғана бастайды.
Вирустардан сақтану үшін мынадай шаралар қолдануға болады:
а) информацияны қолданудың жалпы шаралары – дискіні физикалық зақымданудан сақтау, дұрыс жұмыс істемейтін программаларды қолданбауға және жұмыс істеп отырған адам қателіктер жібермеуге тырысуы;
б) профилактикалық шараларды пайдалану, яғни вирусты жұқтыру мүмкіндігін азайту тәсілдерін қарастыру;
в) вирустан сақтайтын арнайы программаларды пайдалану. Жалпы информация қорғау тәсілдері тек вирустан сақтаудан ғана емес, басқа жағдайда да пайдалы болатынын есте сақтаған жөн. Ондай тәсілдің негізгі екі түрі белгілі:
1) Информацияның көшірмесін алып отыру – файлдарды және дискінің – жүйелік мәліметтерін көшіріп сақтау.
2) Керекті информацияңызды басқалардың жиі пайдалануына тосқауыл қою – ол информацияны рұқсатсыз көшіріп алуды, яғни программамен дұрыс жұмыс істемейтіндерден және қателігі бар программалардан қашық жүруді және мәліметтерді өзгертуді, вирустар енгізуді болдырмауды қамтамасыз етеді.
Жалпы информацияны сақтаудың ортақ тәсілдерінің қажеттілігіне қарамастан, қазіргі кезде тіптен олардың өзі жеткіліксіз болып отыр. Вирустан сақтану үшін арнайы программалар қажет және оларды тұрақты түрде қолдана бастау керек. Мұндай программаларды бірнеше түрге бөлуге болады: детекторлар, докторлар (фагпрограммалар), ревизорлар (файлдағы және дискінің жүйелік аумақтарындағы өзгерістерді бақылайтын программалар), доктор – ревизорлар, сүзгі программалар (вирустан сақтайтын резиденттік программалар) және вакциналық (иммунизаторлар).
Вирустардың әсерін жоятын антивирустық программаларды үш негізгі топқа бөлуге болады:
файл мәліметтерін есте сақтауға арналған, олардың қосындыларын есте сақтауға негізделген программалар;
программаларға немесе операциялық жүйеге вирус жұққан сәтте оларды анықтайтын резиденттік программалар;
вирустар жұқтырылғаннан кейін олардың бар екендігін анықтайтын программалар.
Файлдағы мәліметтердің белгілі бір сипаттамаларын есте сақтайтын антивирустік программалардың негізгі жұмысы – сол файлдардың жаңа сипаттамаларын бұрын белгіленіп, жазылып қойылған мәндермен салыстырады. Егер файл ішіне вирус енсе, онда олар бір – біріне сай келмейді де, программа ол туралы экранға ескертпе хабар шығарады. Осы тәсілмен бұрын белгісіз жаңадан шыққан вирус түрін де анықтауға да болады. Бірақ бұрын белгіленіп жазылып қойылған сипаттамаларды вирустан мұқият сақтау қажет. Ал кейде сол сипаттамалардың өзгеруі вирустың әсерінен емес, тексергеннен кейін өзіңіздің өзгертуіңізден де болуы ықтимал. Оның үстіне, сіз тексеру сипаттамаларын жазу кезінде компьютерде вирус жоқ екеніне сенімді күйде болуыңыз қажет, әйтпесе бұл тәсіл дұрыс нәтиже бере алмайды.
Сондай – ақ, бұл программалардың тағы бір кемшілігіне, тексеруге көп уақыттың кетуі мен бақылау сипаттамаларының файл көлемін шектен тыс үлкейтетінін жатқызуға болады. Оған қоса, ол мәліметтерді көшіру немесе аттарын өзгерту қажет болса, тағы да сипаттамаларын өзгертіп жазу керектігі түсінікті шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |