«Феодализмді көксеген, қазақ халқының жаулары ұйымдастырған бүліншілік»,– деп баға берді.
Сондай-ақ «Алаш» партиясы туралы да осындай екіұдай пікір білдірді. 1937 жылға дейін Сәбит Мұқанов:
«Октябрь революциясына дейінгі «Алаш» қызметі қазақ халқы үшін прогрессивті әсері болды»,– деп келсе, кейін мүлдем кереғар пікірді ұстанды.
Жекелеген ірі тұлғалар жөнінде де екіұшты бағалар берді. Соның ішінде Мұхтар да бар еді. Заман ағымына қарай солай айтуға мәжбүр де болған шығар. Алайда:
«Сәбит Мұқанов – қазақ халқының тарихына үнемі шабуыл жасаумен болды»,– дегеннің де шындығы шамалы.
Бұл арада Сәбит Мұқанов сол қауесетке қарсы шығып отыр. Себебі: сондай пікірді қоздырушының бірі – Мұхтар Әуезов деп түсінген. Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-қайшы пікірлеріне, тіпті кейде, оқиғаның тым асқынып кетуіне тосқауыл қоюдың орынына, сол ағымға өзі де қоса араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде (әрине, сынап отырып) үлкен мән бар. _о да күрестің бір түрі, ең болмаса – атын елдің есінде қалдырудың амалы еді.
Бұл хат – екі ой алыбының арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын болғанын байқатады. Әрі олардың сол кедергілерді жоюға ұмтылғаны да аңғарылады. Сол үшін «жүрегіне кір жасырмай», көңіл кірбіңдерін бір-біріне ашық айтуды мақсат еткен, яғни, жариялылықты жан демеуі ретінде ұстанған. Сондықтан да, өзара пікір алмасуларының негізінде әдебиет, өнер, тарихи кезеңдер, дара тұлғалар туралы көзқарастары ғана арқау болмаған, жеке бастарының да мүдделері қозғалған.
Өкінішке орай, өзара кінәласулар да шаң береді. Несі бар, ол да өмірлік құбылыс. Мұндайда, Сәбит тізгінді өз қолына алған да Мұхтар «қорғаныста жүрген». Ірі-ірі айтыстарда ғана Әуезов сүңгуір қайық сияқты толқынның бетіне көтеріліп, «жалын көрсеткен». Қолдағы деректер осылай тұжырымдар жасауға негіз қалайды. Кейде олар өздерінің осынау қалыптасқан жағдайына үйреніп те қалған сияқты әсер береді.
«Мен өзімнің соншама ұзақ, сонымен қатар ауыр-ауыр пікірлер айтқан хатымды аяқтап келемін. Бұл хатты мен саған соншалықты қатты соққы беріп, көңіліңді қалдырып, ренжіту ниетінен жазып отырған жоқпын. Алайда, құрметті Мұхтар, біз зиялы қыздарды дайындайтын оқу орындарының шәкірті емеспіз ғой, біз өзімізді совет жазушысымыз – большевиктерміз деп есептейміз, сондықтан да не ойлайтынымызды, қандай мәселелер бізді толғандыратынын жасырмауымыз керек. Менің әлі де үнсіз қалуыма болатын еді, бірақ та жоғарыдағы айтқан жайларымды ішіме түйіп жүре беруді намыс санадым. Мұны мен, біздің ортақ ісімізге, қазақ совет әдебиетін жасау жолындағы жұмысымызға кез-келген ұсақ-түйектер кесірін тигізбеуі үшін жаздым.
Достарыңызбен бөлісу: |