«1937 жылдан бастап менің өмірімде аздаған өзгеріс болды. Сонда адамдардың үш тобы маған қарсы жағдайды пайдаланып қалғысы келді:
1. Менің ежелден келе жатқан жауларым – алашордашылардың ашық қимылдағаны, жасырынып жүргені бар, бәрі де қуаныштан қолдарын шапалақтап, билеп: «Аһа, Мұқановтан күш кетті, енді оны мүйіздеуге болады»,– десті.
2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар.
3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды»,– деп түсініктеме береді.
Сонғы екі топтың түп тамыры жоғарыда біз келтірген «үштіктен» еш айырмасы жоқ болатын. Айырмашылығы олардың Сәбит Мұқановша жіктелуі ғана. Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларын өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Бұған қарағанда Сәбиттің өзі де «қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, не ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген, дәлірек айсақ, түсінгісі келмеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.
Әйтпесе, 1937 жылға дейін, өзі есептен шығарып тастаған Әуезовтен басқа, тірі жүрген және ашық жауласатын қайдағы алашордашылар? Бар болса, олар кімдер? С.Мұқановтың бұл пікірі ежелгі екпінмен «ежелгі жауды еске түсіру» ғана.
«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады,– деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да, ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзім қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым: (мен нағыз совет адамдарын айтамын): саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік,– десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ» («Заман талқысы» тарауында бұл адамдар туралы емеуірін жасалды – Т.Ж.).
Бұл үкімді кім шығарып отыр? Зады 1937 – 1938 жылдары М.Әуезовтің жинағына алғысөз жазғаны және М.Жұмабаевқа көмектескені үшін өзін «халық жауы» ретінде әшкерелеген адамдарды мекзеп отырған сияқты.
«Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болмысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т. Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақ та мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым. Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім. Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбеді де. Қателіктері де сонда.
Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқада екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.
Сөзінің соңын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын»,– деп аяқтайды.
Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.
Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтің арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тыйым да салар деген үміттеміз.
6.
Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңімен араласа жүріп азаматтық қасиеттерге жыға негізделген. Олардың шағымды сәттерде жеке бастарының ренішінен халықтың, өнердің мүддесін жоғары қоюға дәттері жеткен. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. Ашық жаулыққа жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:
«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.
Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.
Достарыңызбен бөлісу: |