Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет176/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   ...   273
Байланысты:
Ұраным Алаш ТАЛҚЫ Т.Тұртбай 3 том

«Мен бір анықтама бере кетейін, менің мақалам ешқайда талқыланған жоқ. Ал Қ.Аманжоловтың мақаласы 1948 жылы 12-ақпанда талқыланған, оны Жароков пен Жұмалиев жолдастар біледі»,– деп бір қате үшін екі рет жазалауға болмайтынын еске салады.

Алайда оған Ә.Тәжібаев: «Қазоты» – дегеніміз дастан. Ол бұл арада талқыланған жоқ. Мен қайталап айтамын, біріншіден, бұл қате туынды, екіншіден, «Ақсақ құлан» туралы сөз қозғағанда, ондағы бейнелі образдарды мен түсінбей отырғамын жоқ. Сіздің: «Оның (Тәжібаевтың – Т.Ж.) менен қарымта қайыруы үшін оның мақаласына «Ленинская смена» газетінің орын беруі өрескелдік,– деген пікіріңіз дұрыс емес»,– деп қарсы уәж айтып, қаулыны күшінде қалдыруды ұсынған.

Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмаиылов қана.

Е.Исмаиылов: «Қаулыда мен туралы жеке бап бар. Менің ойымша бұл тым қатаң ұстаным. Неге «Көптеген қателері» деп жазылған? Бұл дұрыс шешім емес. Қандай «көптеген қателік»? Бұл ойдан шығарылған жала. Менің атымды өзге жолдастардың қатарындағы тізімге қосуларыңызды өтінемін.

Неклюдов: Исмаиыловтың мұндай ұсыныс жасауының басты себебі, ол Ғылым Академиясындағы жиналыстағы сияқты осы арада да өзінің қателіктері мен кемшіліктерін барынша терең ашып берген жоқ. Бұл арада өзінің көзқарасы арқылы шәкірттеріне тигізген зиянды әрекеттерге де баға берілуі тиіс. Сондықтан да мен қарарда көрсетілген формулировканы қалдыруды ұсынамын және оған: Исмаиыловтың сөзінде сын аз болды, өзінің қызметі арқылы тигізіп отырған саяси зиянкестігіне баға бермеді,– дегенді қосып жазу керек.

Мұстафин: Тәжібаев жолдас қабылданған қаулыға қанағаттанбай отыр. Сондықтан да бұл пункті дауысқа саламын.

Тәжібаевтің: Бекхожин өзінің қателеріне сын көзбен қараған жоқ және жеткіліксіз мойындады,– деген ұсынысы дауысқа салынды. Оны қостап бір ғана дауыс берілді».

Сол тұстағы айдарынан жел есіп тұрған Қ.Жармағамбетов, әрине, өзіне қарсы пікірге өктем үнмен жауап берді:



«Енді, Исмаиылов жолдасқа жауап берейін, ол мені: жақсы істерін жасырып, жаманаттың барлығын жапсырған» жалақор сыншы деп айыптады, жалақорлық сынмен айналысқамын жоқ, айналыспаймын да, ал сіздің еңбегіңіз баршаға мәлім, мүмкін мен Кенесарыға мінездеме беретін барлық еңбектеріңізге толық тоқталмаған шығармын. Егерде дұрыстап қараса, сіздің еңбектеріңізден бұдан басқа да кемшіліктерді табуға болады. Сіздің өзге еңбектеріңізге баға беру – менің міндетіме жатпайды.

Ал Нұрпейіс Байғаниннің қолжазбасына қатысты айтарым, мен оның редакторымен 25 күн бірге отырып қарап шықтым, баспасөзде сілтеме жасалған бұл кітаппен менен басқа сіздердің ешқайсыларыңыз таныс емессіздер. Қабдолов (Ғабдуллов) қолжазбаны маған берді де, редакция жаса! – деді. Менің айтарым, демек, халық ақындарының шығармаларына жасалған редакторлық та сіздің еңбегіңіз жоқ.

Сөзімді аяқтай келе айтарым, көптеген жолдастар осы партия жиналысында өздерінің қателіктерін мойындады. Қатені мойындау – қатені түзетуге жасалған қадам, сондықтан да біздің жиналысымыздың қорытынды қарарында: қатесін мойындап сөйлеген жолдастар – өздерінің Кенесарыны бағалауда жіберген қателіктерін мойындады және оны өздерінің еңбектерінде, шығармаларының жаңа басылымында түзететін болады,– деп жазуымыз керек. Міне, менің бар айтайын дегенім осы».

Қарама-қарсы пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі.

Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес Жазушылар Одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді.

Бұл да келешекке сабақ.

6.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесарының, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.



Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:

«Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық комитеттің бюросы және Орталық комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымдарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.

Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) деп «мойындады».

Айтылған пікірлерге орай Жазушылар Одағының партия ұйымы:



«Сұлтан Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысы революцияға дейінгі және кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тауып келді: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің реакциялық романтизм ағымындағы өкілдері Нысанбай, Досқожа т.б., сонымен қатар буржуазияшыл-ұлтшыл алашордашылар Кенесарының қозғалысын – ұлт-азаттық қозғалыс, ал Кенесарының өзі мен оның айналасындағыларды – ұлттық батырлар деп жырлады. «Қаншайым», «Жасауыл қырғыны» атты халықтық дастандарда және жазушы-демократ Мұхамеджан Сералиннің «Топ жарған» дастанында суреттелгеніндей, қалың бұқара Кенесарының қозғалысына қарсы болғанына қарамастан, қазақ әдебиеттанушылары сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаның туындыларын қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көптеген еңбектерінде мадақтап келді. Кенесарышыл алашордашыл-жаршылардың сартабан соқпағымен жүрген жазушылар Әуезов, Бекхожин, Аманжолов, Тоқмағамбетов және тағы да басқалар Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысын мадақтайтын көркем шығармалар жазды.

Партия жиналысы, әсіресе, Есмағамбет Исмаиыловтың Кенесары Қасымов қозғалысының «прогрессивті» екені туралы жазған кітаптары мен мақалаларында контрреволюцияшыл-алашордашылардың кеңес өкіметіне жаулық сыпатындағы идеясын жүйелі түрде насихаттап келгенін ерекше атап өтеді. Е.Исмаиыловтың осы партия жиналысындағы сөйлеген сөзі коммунистерді ешқандай да қанағаттандырмайды, өйткені Е.Исмаиылов өзінің сөйлеген сөзінде өзінің қателігін толық мойындамады, оның әдебиеттану және сын саласындағы еңбектеріне қаратыла айтылған әділ сыннан партиялық принципті қорытынды шығара алмады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет