З.Кедринаның кітабы жөніндегі менің айыбым: өзімнің творчеством жөніндегі оның сөздеріне, қорытындыларына, бағыттарына әділ сыншылық, қатал талап ретінен қарай алмадым».
Бұл мәтіннің астары жоғарыда түсіндірілді. Дегенмен де өзіңді құрметтеп қалам тербеген адамның еңбегін: «З.Кедринаның өзі зерттеген жазушыны оның замандас жазушыларының тобынан даралап бөліп, аспандатуы сорақылық. Әсіресе бір жазушыны өзге жазушылардан асыра мақтау жолында көңілдестікті, отбасышылдықты қолдануы, әсіресе, татымсыз айыпты, залалды мінез»,– деп бағалау да жарасып тұрмағаны және табиғи емес екені анық. Бірақ өзге қандай амалы бар еді?.
М.Әуезов (жалғасы): «Правданың» мақаласында менің Абай жөніндегі романдарымның да кемшіліктері аталғандықтан, сол кітаптарға әсер еткен өзімнің тарихи түсініктерімдегі бір қате кемшілікті арнап атап өтпекпін. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселеде, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселеде және үшінші, осы аталғандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың кейбір адамдарын дәріптеу мәселесінде айқын байқалған еді. Осы бір топ мәселелердің ішінде, өзі көбірек таратылып жазылған тақырып болғандықтан да, «Абай мектебі» деген мәселенің романға еткен ауыртпалық дертті әсері, әсіресе, көбірек болды.
Абайдың ақындық мектебі бар – деген өзімнің көптен келе жатқан, кейін аса теріс екендігі анықталған бір түсініктерім бойынша, мен «Абай» романына жалғастыра «Ақын аға» деген кітап жаздым. Осы кітапта романның жағымды адамының бірі етіп, Абайдың жақын досы етіп, оның озғын ойларын тұтынушы етіп Көкбай деген реакцияшыл керітарпа ақынды бейнеледім. Ал Көкбай қазақтың еңбекші халқының қас дұшпаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.
1951 жылы «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайтану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қорытынды жасады. Осы саналған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қателік, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме себеп болды.
«Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым. 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған нұсқасына «Абай жолы» деп жаңадан ат қойып, жаңадан түзеп жазып шыққан сол романыма сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта Абайдың Кенесары қозғалысына да және ол жайында поэма жазушы Көкбайға да қатты сын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны жирене сынаған уақытында, әсіресе, олардың Россияға жаулығын батыра әшкерелейді. Өзінің қараңғылық қорлықта жүрген елінің бар үміті, бақытты болашағы тек Россиямен достықтың арқасында ғана туатынын ойлап отырып, жаңағыларды айыптайды.
«Ақын аға» романында жаңағы аталғандай өрескел қателіктер болғандықтан мен сол кітабымды ұлы ақынның қасиетіне сай шығарма деп танымаймын. Ол кітапты солайша мансұқ етіп, оның орнына оқушы жұртшылыққа Абайды тану жөнінде жіберген қателерім турасындағы партиялық сынды ескеріп отырып жазған «Абай жолы» атты романды ұсынамын. Осы айтылғанға байланысты сол «Абай мектебі» дейтұғын мәселе жөніндегі өз қателерімнің тамырын ашу қажет деп білемін. Бұл мәселе 1933 жылдан бері қарай Абайды тану жөнінде менің сыңаржақ сипаттап келе жатқан бір қателігім боп келді.
Абай өлгеннен кейін көптен соң Абайдың өмірбаяны мен бұрын жарияланбаған шығармаларын жинауға кірісіп жүргенімде мен Көкбай сияқты талай кісілердің ауызша әңгімелері мен естегілерін сынамай қабылдай беріппін. Өз уақытында олар айтқан жайларды қатал сынап, өздігіммен дұрыс байлау жасай алмаппын. Көкбайдың өзін Абайдың шәкіртімін деп айтқанына сенумен бірге, сол Көкбаймен және соған ұқсаған Абай замандастарының шығармаларындағы, салт-санасындағы халыққа қарсы реакциялық жат жайларды түгел аңдамаппын.
Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30-ақпандағы мақаласында дұрыс көрсетілгеніндей, осы жай Абай шығармаларын орысшаға аударып бастыруда орын алуына және кейбір жалған «шәкірттерді» менің орынсыз бағалауыма әкеп соқты. Осы жай және де сондай тақырыптарға жазылған кейбір жұмыстарға менің берген баға-рецензияларымда да орын алды.
Абайдың өмірі мен еңбегін сипаттаған менің романдарымның ішіне кіріп кетуіне Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кең орын алған сорақы бірыңғай ағым теориясының да әсер болды. Соның салдарынан «Абай» романының алғашқы тарауында керітартпа ақын Бұқар, Шортанбайлар орынсыз аталады. Бұл жөніндегі менің қателігім, әсіресе, керітартпа ақын Дулатты мадақтау тұсында тіпті тереңдей түсті. Ешкімнің өмірбаянына сүйенбей, менің өз жанымнан шығарылған халықтық санасы бар жағымды ақын бейнесін жасап едім, сол өз қиялыммен жасаған жағымды бейнеге мен Дулаттың атын бердім. Бұл тұста оқу құралдарында, жеке баспаларда орынсыз мадақталып жүрген жалған халық ақыны делінген Дулаттың атына мен орынсыз құрмет көрсетіппін.
Достарыңызбен бөлісу: |