Сәлеммен, – Сәбит.
12-ҮІІІ-1958 жыл. Ленинград».
Бұл пікірге қандай түсінік беруге болады? Қандай ниетте жазылмасын, С.Мұқановтың М.Әуезов туралы оның көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де жалпыға ашық айтып жүрген пікірі осы хатта барынша қамтылған. Сондай-ақ пьесаның идеялық нысанасы мен түрлік құбылтуына, өмірлік және көркемдік шындығына, орындалу деңгейіне еркін пікір білдіруіне және ол пікірін сол кездегі Жазушылар Одағының басшысына хат арқылы жеткізуге Сәбит Мұқановтың толық құқы бар. Мұндай кемшілікті М.Әуезовтің бетіне айта алатын жалғыз бедел иесі де С.Мұқановтың өзі. Айтылған сынның ішіндегі маркстік, лениндік, большевиктік, таптық пайымдаулардың мүлдем жоқтығы да, не оны игере алмағандығы да шындыққа жанасымды, табиғи да болуы мүмкін. Алайда М.Әуезовтің жеке басына қарата:
Тахауидің: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»;
Әбділдәның: «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»;
Гольдблаттың: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!»;
Ахмет Жұбановтың: «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі»;
Штейн, Гончаров, Осиповтердің: «Метафизический бред»;
С.Мұқановтың: «Мұхтар шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады! Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!»; «Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы»; «Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен»; «Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам»; «Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл»; «Жеке беделге сиынбауымыз керек»; «Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот»; «Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы, қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам»,– деген пікірлерді қалай түсінеміз?
Адал ниеттен туған ба, жоқ, сұраушы адамның көңілін жықпас үшін айтылған «шығарып салды» ма, әлде шынында да «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»; «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі», «Бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы» ма еді? Обал-сауабын әуелі айтушылар, содан кейін хатқа түсіруші адам көтерер мәселе бұл.
Әрине, пьеса сахнаға жіберілмеді. Бірақ та оған енді М.Әуезовтің жығасы қисаймайтын. Оның есебі – өзге, адымы – алыптана бастап еді. Енді оған тек таң қалып қана қарау жарасатын. Жеңсе – мақтап қана жеңе алатын – өзге бір уақыт пен кеңістікке көтеріліп кетіп еді.
Қашан кеңес өкіметі құлағанша басылымға рұқсат етілмеген Дулат, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп позиясын ақтап алудың орайы келген 1959 15-19 маусым аралығында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияның түпкі мақсаты да сол болатын. Өзге республикаларда да жарыса өткен мұндай бас қосуда бұрынғы қателіктерін орынына келтіріп, Шәміл сияқты күрделі тұлғалардың да басын ашып алды. Сондай дәмелі үмітпен Сәйділ Талжанов – Шортанбай Қанайұлы, Ханғали Сүйіншәлиев – Дулат Бабатайұлы, Заки Ахметов – Шәңгерей Бөкейұлы, Ісләм Жарылғапов – Машһүр Жүсіп туралы дербес баяндама жасады, бұл мәселе Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, Ы.Дүсенбаевтің да талдауының арқауы болды. Осы конференцияда қазақ әдебиеттану ғылымы өкілдерінің негізгі көзқарастары екіге бөлінді: Қ.Жұмалиев – қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, ал Б.Кенжебаев – көне түркі дәуірінен басталып, жыраулар поэзиясымен жалғасады – деген тұжырымды ұстанды. Бұл тұжырым қашан кеңес өкіметі жойылғанша өзінің пәрменін сақтап қалды. Міне, осының барлығына тоқтам айтып, «жазықсыз жазалыларды» жарыққа шығаруға болатындай пәрмен мен құқық Мұхтар Әуезовке берілді. Ол өзінің қорытынды және конференцияның қарар қабылдауына тікелей ықпал беретін тұжырымды сөзінде:
«Шортанбай жайында С.Талжанов ... Шортанбайдың көпке мәлім керітартпа, қайшылығы мол мұраларын, сол қайшылықтарды атай отырып, ақтау жағына бейім болды. Ал анығында Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді? Ол – діншілдік, керітарпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып құяр сағасы қайсы десек, ол: «заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты» дегенге саятын. Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ боп шықты. Дулаттың идеялық тарихтық керітартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Көпке мәлім даулы, күдікті жерлердің бәрін де «әрі итеріп, бер жығып» дегендей бұлдырға соға берді... Машһүрде іздесең – пантюркистікті де, панисламистикті де табуға болады. Бірақ ол жайлар бұнда Гаспиринский тәрізді пантюркистердей програмдық бағыт, өріс алған ойлар емес еді десе – бір сәрі... Қожахмет Яссауи туралы сөйленген сөздерге жауап ретінде айтарымыз: Яссауи сияқты адамдарды кітаби жазушылардың да қатарына кіргізуге мүлде болмайды. Яссау ескі шағатай тілі деп аталатын, беріде, қазір де көне өзбек тілі деп аталып жүрген тілде жазған. Ол тарихқа кірсе тек өзбек әдебиеті тарихына кірер еді. Бірақ мұрасының залалды мистикалық діншілдік, керітартпалық санасы себепті өзбек тарихынан да шығарып тасталған. Бір кезде оны өзбек ұлтшылдары әдебиет тарихына кіргізе бастаса да, кейінгі маркстік-лениндік әдебиеттану негізі бойынша өзбек ғалымдары Яссауиді жоғарыда айтқандай, әдебиет тарихынан мүлде өшірген... Жоғарыда айтқандардан ұзамай, әрі сондай пікірлерге жол бере берсек, біздің әдебиеттану ғылымымыз тағы да қырқыншы жылдардың ішіндегі көпшілігіміз жіберген қателіктерге тағы да қайта соғар еді. Шортанбай, Мұрат, Дулаттардың бәрі де бірдей «анау ақауы», «мынау кемшіні», ол-пұл міні бола тұрса да, «жақсы ақын дейтін болсақ, тағы да бірыңғай ағын арнасына түсеміз. Ал бұған бізге тарих та, партия да бір де бір рұқсат етпейді. Солары шексіз дұрыс, біздің ғылымның ырысы»»,– деп екіұштылау қорытынды жасады.
Керісінше, Шортанбайды – Шоқанға, Дулатты – Ыбырайға, Мұратты – Абайға қарсы салыстыра «тексеруді» ұсынды. Оның бұл сөзі қаулыға негіз қалады. Сөйтіп, олар тағы да отыз жыл бойы тылсым тағдыр кешті. Ал өзбектер Яссауиді дербес зерттеп, қолжазба жинағын шығарып, ұлттық руханиятының меншігіне айналдырып та үлгерді. Бұл тұста Әуезовтің сөзі – сөз, айтқаны – үкім, дегені – орындалатын. Құнанбай туралы да осындай пікір ұстанды. Зады, зауығы сөнген көңілге қайта шоқ тастағысы келмеді ме, екен? Соның нәтижесінде Кенесары қозғалысы да «керітартпа» күйінде қалды.
Тағдыр талқысындағы осындай қарсы ағыстардың мағынасын да сол Олжастың:
«Шамшырақтарға майлы білте керек, ал Күншырақтар онсыз да өмір сүре алады. Алайда алмастай жарқыраған нәзік сәуле ұлттық мәдениеттің шырқау аспанына көтерілгенше алмастай беріктік көрсетуге тиіс болды, әйтпесе ол, біздің санамызда орнаған тылсым қараңғылықтан өте алмайтын. Ол асыл сәуле, не санаңа сәуле боп құйылып барып сынып тынады, не санаңды мағрифаттандырып, мәңгілік өмірдің нұрына айналады. Міне, Мұхтардың тағдыры бізге осыны тәфсір етті»,– деген сөзі толық жеткізеді.
Соңғы майданда Мұхтарға соңғы Күншырақтың тағдыры нәсіп етілді. Ұйғыр ақыны Махмұд Әбдірахманның:
Мен өзім болсам досы көп шайыр,
Қасым да көп, оған да қайыр.
Болашақ үшін күреске түссең,
Дұшпансыз адам – адам ба, тәйір, –
деген шартына салсақ, онда Мұхтарға «өзінің адам екенін дәлелдейтін мүмкіндіктер» қапысыз берілді.
Оған 1958 жылы 10-көкек күні Жазушылар Одағының С.Омаров төрағалық, Ғ.Ахмедов хатшылық еткен, төралқа мүшелері С.Мұқанов, С.Бегалин, Ә.Әбішев, К.Хасанов, Д.Снегин бастатқан 82 адам қатысқан мәжілісінің шешімі дәлел. Онда Қ.Жармағамбетов бір кезде өзі: «халық жауы Кенесарыны дәріптеген» ұлтшыл-буржуазияшыл, «атышулы Абайдың ақындық мектебі деген бағытты қалыптастырушы», «фольклор мен эпос саласында жалған ғылыми ұстанымды орнықтырған», «ислам шариғаты мен түрікшілдік ілхамды насихаттаған», «феодализмді үлгі тұтқан», «хандардың жоқтаушысы» деп атаған М.Әуезовке:
«Жолдас М.Әуезов – аса көрнекті қазақ жазушысы, Сталиндік сыйлыққа ие болған атақты 4 томдық «Абай» романының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі, шығыстанушы ғалым, – деген мінездеме беріп, – Осы мәжіліске қатысып отырған Қазақ ССР-нің астанасы Алматы қаласының барлық жазушыларының атынан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кандидатурасын СССР Ғылым Академиясының толық мүшелігіне ұсынды».
Иә, уақыттың талабы қалай өзгереді десеңші. «Ара» журналының бас редакторы Қ.Жармағамбетов осы арқылы: М.Әуезовтің алдында өзінің бетін жылытып алды – деу әбестік болар. Бірақ аса ұғымтал, асқан білімпаз, өте талантты, өткір осынау талант иесінің жандүниесі, ішкі нәрі «жасасындатқан» кезеңнің тұсында жанып кетіп еді. Арлы азамат өзінің ожданымен бетпе-бет қалған шақтағы жанталасқа шыдамай, орыстың орта қол ақыны Сергей Семьянниковтың:
Начну с того, что я еще не умер,
Что сплетни обо мне – для дураков,
Я просто эту смерть придумал,
Чтобы отдохнуть на время от врагов, –
дегеніндей, өмірінің соңын табалаудан тыс жалғыздықта өткізіп, туған жері Торғайда оқшау бөлмеде өмірден қайтты.
Ол да бір тағдырдың тауқыметі шығар.
Ғалым ретінде кеңестік ғылымның ең жоғарғы иерархиясы СССР Ғылым Академиясының толық мүшесіне сайланбағанымен де, жазушы ретінде ол биікке көтерілді. 1958 жылы 28-қараша күні Қазақстан Жазушылар Одағының төралқа мәжілісінде екі тұлғаның шығармасы социалистік құрылымдағы аса беделді, Нобельдік сыйлықпен пара-пар саналған, шығармаларының дүние жүзі тіліне аударуына кепілдік беретін Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Мәжілісте бірінші Тахауи Ахтановтың, екінші Мұхтар Әуезовтің есімі аталды. Алқа төрағасы Ғ.Мүсірепов, С.Омаров, партия ұйымының хатшысы Ғ.Ахмедов қол қойған ұсыныспен бірге К.Зелинскийдің «Путь поэта» («Правда», 1958, 3 тамыз), М.Қаратаевтің «Шедрый талон», «Первая казахская эпопея» сияқты мақалалары, «Еңлік-Кебек» пьесасының жиырмасыншы жылдары Қазақтың халыққа білім беру институтында қойылғаны, Сара Есова – Еңлік, Ілияс Жансүгіров – Кебек ролінде ойнағаны туралы «Тілші» газетіндегі жарияланым да қоса тіркелген. Мінездемеде:
«Алайда жазушы көзқарасының шектеулігі және оның сол жылдардағы пролетарлық емес идеологияның ықпалынан шыға алмағандығынан, Әуезов халық өмірінің дамуы сөзсіз революцияға әкелетіндігіне сенбеді, кеңес құрылысының қазақ даласына әкелген жаңалығын толық түсінбеді. Сондықтан да бұл жылдары оның шығармаларында қате сарындар басым болды, өтіп жатқан құбылысты социалистік таным тұрғысынан түсінуге революциялық ұмтылысы жетпеді. Мұндай идеялық, көркемдік жаңылысулар оның аталып өткен «Еңлік – Кебек» пьесасынан анық байқалды. Бұл пьесада, әсіресе оның бірінші нұсқасында ру аралық қақтығыс – «жақсы би» мен «жаман бидің» арасындағы тартыс – жақсылық пен жамандықтың күресі ретінде көрсетілген. Бұл автордың әлі толыспағандығын, әрі көзқарасының шектеулі екендігін танытты.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында, әсіресе, РАПП жетекшілерінің қателіктері белең алған тұста Мұхтар Әуезов дұрыс ұстанымнан алыстап, ол буржуазиялық-ұлтшылдықтың және өршіл романтизмнің желегінде жүріп «Қаракөз» пьесасы мен тарихи шындықты бұрмалаған «Қилы заман» повесін жазды. Қуанышқа орай, дарынды жазушының мұндай идеологиялық адасуы ұзаққа созылған жоқ»,– деп басталды.
Мұндай саяси мінездеме берілмесе, онда ол партиялық қырағылықтан айырылу болып табылатын. Қалай дегенмен де «Абай жолы» әлемдік ғарышқа жол тартты. Келесі жылы көктемде оған Лениндік сыйлық берілді.
1955-1961 жылдардың аралығында екі рет қатарынан Қазақ республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сондай-ақ, Кеңес одағы Бейбітшілік қорғау комитетінің, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комитеттің мүшесі, СССР Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы президиумының мүшесі, Азия-Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі кеңестік комитеттің төрағасының орынбасары, Үнді-кеңес достығы мен мәдени байланыс қоғамының Қазақстандағы бөлімінің төрағасы міндеттерін атқарды. М. Әуезов мәдениет-өнер қайраткерлерінің құрамында І955 жылы Индияға қырық күндік сапар шекті, ГДР жазушыларының IV құрылтайына (1955, желтоқсан), 1956 жылы Чехословакия жазушыларының құрылтайына барды. 1957 жылы тамызда Токиода өткен атом, сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі III халықаралық конференцияға, 1960 жылы АҚШ-тағы кеңес жазушыларының пікір алысуына, 1961 жылы наурызда Делиде өткен III халықаралық бейбітшілік қорғау конгресіне қатысты, халықаралық мәжілістерде сөз сөйледі. Осы сапарларында қазақ ұлты мен кеңес әдебиетінің озық нұсқаларын насихаттады, әлемдік рухани ынты-мақтастыққа жол салды. Сол сияқты Мұса Жалил, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов іспетті ұлы таланттардың туындыларының әділ бағаланып, Лениндік сыйлық алуына тікелей ықпал жасады.
Бұл толық марқаю және даңқ тұғырына мәңгілік көтерілу еді. Енді оған «дауыл да, боран да, дүлей де» қарсы тұра алмайтын. Мұхтардың өмір жалауындағы «тартыс» деген сөз өшті. Ол «даңқ», «үміт» айдынынан кешіп өтіп, лаухулмахфуздың тақтасында «өткінші өмір» деген сөздер жазылған жағаға бет алды. Алда екі жылдық өмір қалды.
4.
Ол күндер де алаңсыз өткен жоқ. Тіршіліктің қат-қабат қыртысы жазылып-оралып, аударылып-төңкеріліп, аз күнгі тәттісімен алдап-арбап, санаулы таусыншақ сәтке де жетті. Мәскеуге операция жасатуға аттанды. Содан қайтып оның табаны туған жерін басқан жоқ. Бұл операцияны Алматыда жасаса өкінішке ұрындырмайтындай да мүмкіндігі болыпты. Сол санаулы күндерде өзінің даудан арылмаған «Қилы заман» романы мен әңгімелерін А.Пантиелевке орыс тіліне аудартып, артына қамсыз қалдырып кетті. Бұл да М.Тынышбаевтің күнделік дәптеріне: «Туар күнің алда»,– деп жазып қойғанындай, ағалары өзіне аманат еткен алаш идеясын келер күндерге жеткізудің бір амалы еді.
Таланты ашылғаннан бастап талқының дүлейінен құтылмаған Әуезов, енді, атақ-даңқтың бас айналдырар иірімді құйынына тап болды. Ол құйын жан-жағына қаратпастан үйіріп, ой қорытуға мұршасын келтірмей, жарықтың жылдамдығымен шектеулі күнге жақындай берді.
Мұхтар Омарханұлының өзі емес, оның атағы қазақ халқы мен оның ғылымының алдындағы ең соңғы ірі парызын өтеді. Өйткені бұл кезде оның атағының өзі КПСС Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, кеңестік идеологияның «сұр кардиналы» М.А.Сусловты алған бетінен қайыруға себеп болды. Ал бұл дегеніңіз кеңес тұсында екі тұлғаның біріне бұйыра бермеген сес.
Ш.Шокин: «Мәскеуге барғаннан кейін, Әзірбайжан академиясының президенті Әлиевпен бірге КПСС Орталық комитетінің ғылым бөлімінің меңгерушісі Криллиннің қабылдауына сұрандық. Академик Криллин мені докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген кезімнен білетін. Ол МЭИ-дің проректоры кезінде менің докторлықты қорғауыма көмектескен болатын. Академик, көп жылдар бойы еліміздің ауқымды салаларын зерттеуге жетекшілік етті, ғылыми зерттеу мен әкімшілік қызметті үйлестіре атқарды. Ірі ғалым-энергетик, көптеген тамаша кітаптардың авторы, оған қоса аса мәдениетті адам. Ғылым жөніндегі кез-келген мәселе бойынша онымен кездесуге құдайдың өзі сәтін сап тұрды. Әлиев екеуміздің алдымыздағы ең басты мәселе – қоғамтану бағытындағы институттардың жағдайы еді. Өйткені олардың көбінің категориясы жаратылыстанушыларға қарағанда төмен еді, соған орай олардың жалақысы аз әрі өзге де психологиялық сәйкессіздіктер тудыратын. Сондықтан да біз академиктен: біздің республикаларымыздағы қоғамтану институттарын бірінші категорияға көтеруді өтіндік. Криллин бізге: мұндай мәселелерді шешуге өзінің өкілеттігі жүрмейтіндігін айтты. Алайда ол бізді Сусловпен кездестіруге уәде берді. Бірнеше күннен кейін қонақүйге нәзік дауыс хабарласып, Михаил Андреевичтің: Әлиев пен мені қабылдайтынын жеткізді. ... КПСС Орталық комитетінің хатшысы әдеттегідей тығыз қосқабатты қоңыр тоқымадан тігілген костюм киген (ол бұл үлгіні қашан көзі жұмылғанша өзгерткен жоқ), мектептің мұғалімі сияқты сұсты, ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы сондай болу керек деген менің түсінігіме сай адам екен. Бір ауыз артық сөзі жоқ. Өлшенген, бірақ та өте сусымалы, жаттанды сөздер. Біз ұзын столдың екі жағына жайғастық, Сусловтың әңгімеге шақыруына орай:
– Михаил Андреевич, түсініспестік туып отыр. Ғылымның аты – ғылым. Қоғамтану ма, жаратылыстану ма, бәрі бірдей. Тіпті патша уақытының өзінде олар өзінің сыншылары мен тарихшыларын қорлаған жоқ. Белинскийді қалай сыйлады! Бенуа мен Стасевті ше?, – дедім.
Достарыңызбен бөлісу: |