Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Осы арада Суслов мені тағы да бөліп жіберді



бет262/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   258   259   260   261   262   263   264   265   ...   273
Осы арада Суслов мені тағы да бөліп жіберді:

Мұхтар Әуезов пе? Әрине, оны білемін. Онда былай істейік. Ұсынысыңды тастап кет. Бір нәтиже шығрауға тырысып көрейік,– деді».

Бұл 1961 жылдың 6-көкек күні болған сұхбат еді. Бұл күні Қаныш Сәтбаевтің асқазан рагіне ұшырағаны анықталған, Мұхтар Әуезовтен де тура сондай дерттің белгісі байқалған күн еді.

Иә, «сұр кардинал» Суслов Әуезовті білетін. Өйткені, елуінші жылдардағы өзінің «Правда» газеті арқылы салған идеологиялық ойраны мен сергелдеңінің басты нысанасының бірі де осы Мұхтар Омарханұлы еді. Сондағы әділетсіздігінің кінәсін жеңілдеткісі келді ме, жоқ, орынды ұсынысқа тоқтады ма, кім білсін, әйтеуір, Әуезовтің есімі оның «сусымалы, жаттанды» жауабына бір сәт дәміл жасатып, игілікті шешім қабылдауға мұрсат берді.

Адамның алпыс екі тамырын идіріп, жұлын-жүйкеңді босататын сәттің бірі – алыс сапардан отаныңа оралу. «Мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылдың наурыз айында үш адам Мәскеу сапарынан Алматыға поезбен қайтып келе жатты. Сырттағы алашұбар далаға терезден көзін сәл қыса қарап тұрған Қаныш Имантайұлына – өңірі өрнектелген ақ көйлек, кең балақ мата шалбар, тері сүйретпе киген Мұхтар Омарханұлы Мәскеуде өткен жазушылардың сьезі туралы әңгімелеп тұр. «Мәскеу» қонақүйінде кездесіп қалған екі академик, кәмелетке толар-толмас кездерінде танысып, бүкіл өмірді бірге өткізген достар емін-еркін шер тарқатысу үшін осы жолды әдейі таңдап алған. Туған даланың көктемгі ауасы мен таныс «кең, биік көк аспан» тыныстарын кеңіткендей болған мезетте әр кім өз бөлмесіне тарасты. Түскі дәмге дейін өз ойларымен өзі боп, ойын жинақтауға мүмкіндік алды. Қаныш қалың-қалың папкаларды ашып, құжаттарды ақтарыстыруға кірісті. Мұхтар «Новый мир» журналындағы әдеби шығармаларды оқуын жалғастырды. Қаныштың шәкірті әрі бауырындай қастерлі Шафиқ Шоқыұлы түстікке шақырғанда барып олардың бастары қайта қосылды. Армян коньягі, «Боржоми» суы, Мәскеуде дәмі ұмытыла бастаған қазы, қарта. Жол ұзақ, оңаша әңгімеге уақыт жеткілікті. Көңілді отырыс. Саратов қаласының вокзалында Шафиқ сыртқа шығып, қайта кіргенде екі ағасының қабақтарындағы кірбіңді байқады. Екеуара әңгімеге еріксіз куә болды.

Ш.Шокин: «Қаныш Имантайұлы мен Мұхтар Омарханұлы менің қайтып келгенімді аңғармады. Екеуіне де жайсыздау аса маңызды әңгіме басталып кетіпті. Сәтбаев Әуезовке қатқыл сөйлеп отыр. Мұқаңның қабағы шытқыл тартқан. Әңгіме – Мұхтар Омарханұлының Сәбит Мұқановпен арадағы қырғиқабақ дүрдараздығы туралы. Президент: Әуезов сияқты жазушының жастарға теріс үлгі қалдырғаны жараспайды – дегенді айтып жатты. Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас бұрыннан бері шиеленісіп келе жатқан. Оны жазушылардан өзге жұртшылық та жақсы білетін. Олардың арасындағы дүрдараздық қазақ әдебиетінің қамын ойлайтын әріптестеріне аз алаңдаушылық әкелген жоқ. Мұқанов пен Әуезов – таланты жағынан да, жұртшылықтың алдындағы беделі тұрғысынан да бір-бірінен алшақ жазушылар, олардың адам ретінде өзара тіл табыса алмауының кесірінен екеуі де аз зардап шеккен жоқ, көп нәрсе жоғалтты. Қайсысының кінәсі басым – ол мен баға беретін мәселе емес. Тіпті оған тіреліп тұрған ештеңе де жоқ. Сәтбаев Мұқаңды: әдебиеттің мүддесі үшін жеке басының менмендігінен жоғары тұруға шақырды:

Мұқа, өсекшілер сені емін-еркін арандатып, пайдаланып жүргені ешкімге де құпия емес. Пиғылы жаман адамдар Мұқановты аңдып, оның сөзін саған жағымпаздана әсірелеп жеткізеді, сөйтіп, екі үлкен жазушыны жастардың көзінше біріне бірін табалатып қояды. Ал сен ғой сол қаскүнемдердің мойынын қайырып, қасыңнан қуып жіберуің керек. Саған құдай көп нәрсені берген, сондықтан да сенен сұраныс та үлкен. Сондықтан да сен бірінші болып Сәбитке достық қолыңды ұсынуың керек. Саған бүкіл республиканың зиялылары қарайды. Сен өзіңнің жауапкершілігіңді бәрінен де жоғары сезінуің тиіс...

Мұқаң Қаныш Сәтбаевпен келісті, бірақ оған: Сәбит Мұқанов та қазір бала емес қой, – деп қосып қойды. Сәтбаев одан бетер ашуланып: ұсақшылдық – күпіршілдік, бұл саған жараспайды – деген пікір айтты. Мұндай әңгімені тыңдап отыру маған қолайсыз көрінді де шығып кеттім. Жиырма минуттан кейін Әуезов пен Сәтбаев дәлізге шықты. Мұхтар Омарханұлы Қаныш Имантайұлына разылығын білдірді. Менің байқауымша, алғысын шын жүректен айтқан сияқты. Сәтбаевтің өңінен өзінің алаңдаушылығын дұрыс түсінген жазушыға деген риза көңілі білініп тұрды».

Шындығында да екі ұлы адамның ұзақ уақыттан бері оңаша арыла шер тарқатқаны да осы болуы керек. Қос алыптың еске алатыны да, ескеретіні де, алдағы уақытта атқарылар аңсарлы мақсаттары да мол болатын. Олардың осы бір екеуара әңгімесіне өткен өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз», даңқ пен дақпыртқа толы, ауыр да абыройлы шақтары желі тартты. Ойлары тең, қарымы қатар, беделдері қапталдас, екеуі де алаш идеясын мұрат ерткен азамат еді, бірақ алдағы күндердегі армандары одан да зор болатын. Алайда екеуі де осы келе жатқанда олардың тәніне ең ауыр дерт – асқазан рагі дендей жайылып келе жатқанын білген жоқ. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында Жүсіпбек Аймауытов жазбақ болып тиісті дайындықтар жүргізе бастаған Абылай туралы романды аңсарына айналдырған Мұхтар Әуезов, енді оны жүзеге асыратындай қуаты мен мүмкіндігінің жоқтығын, жарық дүниенің дәмін үш ай ғана тататынын сезгендей, сол жолы алаш ұранды бұл тақырыпты Әлкей Марғұланға аманаттап, оны қадағалауды Шафиқ Шокинге тапсырады. Өйткені, осы жолда Қаныштың дерті анықталып – емделуге, Мұхтардың дерті анықталып – операция жасауға ұйғарым жасалған болатын.

Бұдан кейін олардың сыр ашып сөйлесетіндей уақыттары да қалмады. Демек, бұл жолғы сырласу – екі ұлы адамның бақұлдасуға мүмкіндік алған ант мезгілі еді. Ал Мұхтар мен Сәбиттің «достық қолдарын алысуға» өткінші уақыт, қарбалас тіршілік, қатерлі сырқат мұршаларын келтірмеді.

Өкінішке орай, жақсы дайындықпен басталған бұл тақырыпты қилы-қилы тіршіліктің қыспағында ғұмыр кешкен Әлкей Марғұлан да жүзеге асыра алмай кетті. Әлекең марқұм бізге соны армандай айтып, өкінішін жасыра алмай, Ілияс Есенберлинге үміт артумен дүниеден өтті. Абылай мен Кенесары жөніндегі жинастыра бастаған архив деректерінің топтамасы арнайы қорда шаң басып жатыр. Ант мезгілі тақағанда қызы Дәнел арқылы бізді іздетіп, аманаты барлығын сездіріпті. «Аяулы Тұрсын!..» – деп басталған өсиет хаты да аяқталмай қалыпты. Үзілмеген үміттің жібін – үзілмейтін Алаш идеялы ұрпақтың келешекте жалғастыратынына сенім кәміл.

Сондай алаңы мол арманмен өткен соңғы сәттерінің куәсіндей болған демі үзілер алдында жазылған естеліктер мен өзінің хаттарын келтірумен құжаттарға негізделген бұл баянды да аяқтаймыз. Осы лебіздің ішінде оның өмірге құштарлығы да, өкініші де, үміті де, дәмесі де, достығы да бар.

Е.Исмаиылов: «1961 жылы май айында Мұхаң сырқаттанып, ауруханада жатты. Температурасы жоқ, дені сау сияқты. Сырқат болса да жаңадан ашылған Әдебиет және өнер институтының жұмысымен шұғылданып жатты. Күн сайын М.Базарбаевты, Е.Лизунованы, мені, тағы басқа жолдастарды ауруханаға шақырып, ақыл-кеңес айтып, тынымсыз жұмыс істеумен болды.



Сол кезде Мұхаң жатқан ауруханада ақын Жұмағали Саин да жатыр екен. Оның ауруы күннен күнге меңдеп, халі ауырлай берді. Мұхаң өз сырқаты жайына қалып, күніне әлденеше рет әр жерге телефон соғып, бас дәрігерге жолығып, қайткенде де Жұмағалидың халін жеңілдетуге зер салды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   258   259   260   261   262   263   264   265   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет