Технологиялық қадағалау. R&D&I менеджментінің жүйесі келесідей мақсаттарды жүзеге асыру үшін технологияларды бақылау процесін қамтуы керек:
кәсіпорын үшін пайдалы болатын ақпаратты құрастыру, талдау, тарату және қолдану бойынша жұмыстарды жүйелі орындау;
қажетті немесе қауіпті болатын инновациялар туралы ескерту.
сыртқы талдауға қатысты, кәсіпорыннан тыс жерде технологиялық жобаларды жүзеге асыру тиімділігі мен жүзеге асыру мүмкін емес жағдайларды сәйкестендіру, нарықты дамыту бойынша деректерді алу, бәсекелестердің өнімін салыстыратын зерттеулер жүргізу;
ішкі талдауға қатысты R&D&I мәселелерін шешуге қажетті адами және материалдық ресурстарды түгендеу, инновациялық қызметпен айналысатын қызметкерлердің дағдысы мен білімін саралау, жобалардың тиімділігі мен сәтсіздік факторларын талдау;
Мәселелер мен мүмкіндіктерді теңестіру үшін келесі аспектілерді қарастыру қажет: кәсіпорынның R&D&I саясатына сәйкес мүмкін болатын қателіктерді болдырмау мақсатында нәтижелерді бағалау, кедергілерді анықтау, үздіксіз білім алуды жетілдіру, жетістік жоспарын қалыптастыру, нетворкингті нығайту, инновациялық жобалардың құнын бағалаудағы және маркетингтегі нетворкинг, кәсіпорынның бизнес-стратегиялары мен R&D&I жобалары арасындағы келісушілікті талдау.
R&D&I идеяларын талдау және таңдау үшін критерийлердің болуы шарт және идеяларды талдау әдісін таңдау маңызды, оның көмегімен идеялардың жетістігіне кепілдік беретін факторларды анықтап, бағалау керек. Таңдау әдісіне даму сценарийі, қажетті ресурстар, басты мәселелер, құндылық, R&D&I үлесіне, нарықтағы жағдайға қатысты әсер, тәуекел факторы, жетістік ықтималдығы, күтілетін артықшылықтар жатады.
Жобалар портфелін жоспарлау, басқару және бағалау келесі рәсімдерді қамтиды: құжатты талдау және бекіту, басым ұсыныстар, ғылыми-техникалық ілгерілеу нәтижелері және есептер, қаржыландыру көзін іздестіру, ішкі, сыртқы ынтымақтастық үшін серіктестер тарту, бағалау жүргізу.
Технологияларды беру рәсімдерін құжаттау және қолдау тәсілі келесілерді қамтиды: зияткерлік меншік, өнеркәсіптік меншік, сатып алу, сату шарттары бойынша технологияларды алу, бірлескен кәсіпорындарды құру, R&D&I жобаларын орындау үшін нетворкинг.
R&D&I өнімін құру үшін тиісті процестерді жоспарлау және әзірлеу керек және ол келесі кезеңдерді қамтуы тиіс: негізгі жоба (өнім сипаттамасы, ресурстарды жоспарлау, технологиялық карталар жобасын әзірлеу); арнайы жоба (жобаның сипаттамасының, инфрақұрылымның, жобалық топтың, коммуникациялық құрылымның болуы шарт, сонымен қатар, жобалау процесін қалай енгізу туралы мәлімет қажет), тәжірибелік сынақтар (бұл кезеңде алынған ақпарат көрсеткіштерді жақсарту үшін барлық жобалау кезеңдерінде пайдаланылуы мүмкін), қайта жобалау, көрсету және өндіріс (түпкі өнімді әбден жетілдіру үшін пайдаланылуы мүмкін), маркетинг (нарықта өнімнің керектігі және мүдделі тараптарға сәйкестігі анықталады, өнім сапасына және құрылымға өзгертулер, одан әрі түрлендірулер енгізілуі мүмкін).
Сатып алу мәселесі R&D&I менеджменті бөлімшесінің талаптарына сай болуы керек: сатып алу процесі, сатып алу туралы ақпарат, сатып алуды тексеру туралы рәсімдер мен келісімшарттарға отыру.
R&D&I процестерінің нәтижелері біріншіден, R&D&I саясатында жоспарланған мақсаттар тиімді атқарылғанын бағалауға мүмкіндік беретіндей ұсынылуы керек. Екіншіден, R&D&I нәтижелері туралы хабарлауды қамтиды, оған жобалар бойынша соңғы есептер кіруі тиіс. Үшіншіден, бақылау және өлшеуді қажет етеді, ол талдау, таңдау және нәтижелерді бекіту критерийлерін анықтауды, қол жеткізген нәтижелерді тексеру үшін қажетті тетіктерді анықтауды, сонымен қатар, R&D&I саясатында жоспарланған мақсаттармен оларды салыстыруды, тиімділік алуды, қажет болған жағдайда түзетулер енгізуді көздейді.
R&D&I қызметі нәтижелерін қорғау және пайдалану − технологияны табыстау үшін ішкі тетіктерді, келісімдердің құрамын анықтауды, нәтижелерді қорғау үшін баламаларды теңестіруді, жаңа ашуларға патенттер алуды, нәтижелердің құпиялылығын қамтамасыз ету шараларын анықтауды талап етеді [80, с. 1; 81, с. 4; 82, с. 3].
Бұл R&D&I менеджмент жүйесі кез келген саланың инновациялық дамуы үшін негіз болып табылады. Инновациялық дамуға қол жеткізу – үкімет, бизнес, жоғары оқу орындары, қауымдастықтар мен нарық қатысушылары және т.б. субъектілердің тиімді өзара әрекеттесу қабілетіне байланысты. Ұжымдық әрекеті белгілі бір даму нәтижесіне әкелетін өзара байланысты субъектілердің жиынтығы – экожүйе болып табылады.
Сапалы экономикалық өсу инновациялық компонентті белсендіретін және күшейтетін факторлар болған кезде ғана мүмкін болады, яғни ол үшін инновациялық экожүйенің болуы және жұмыс істеуі маңызды. Инновациялық идеяларды тиімді генерациялау, әзірлеу және масштабтау үшін инновациялық экожүйені қалыптастыратын жоғарыда аталған субъектілердің үйлестірілген, бірлескен іс-қимылдары мен ресурстары талап етіледі. Инновациялық экожүйенің бір бөлігіндегі өзгеріс оның басқа бөліктеріндегі өзгерістерге әкеледі.
Экожүйелер теориясы соңғы үш онжылдықта Р. Аднер., М. Якобидес, С. Сеннамо, А. Гавер, П.Дж. Уильямсон, А. Де Мейер, С. Дерст, P. Путанен сияқты шетелдік зерттеушілердің, сондай-ақ ТМД ғалымдары Клейнер Г.Б., Карпинской В.А., Дорошенко С.В., Шеломенцева А.Г., С.Д. Проскурнин, Н.А. Маслюк, Н.В. Медведева, Б.А. Ахмадеев, Н.А. Моисеев, В.В. Акбердина, Е.В. Василенконың және Н.А. Айнақұл, С.К. Нурымова, А.Т. Бекназарова, т.б. отандық ғалымдардың еңбектерінде дамып келеді [78-79].
«Инновациялық экожүйе» ұғымының ізашары – Джеймс Мур енгізген «бизнес экожүйесі» ұғымы болып табылады. Бизнес экожүйесі бәсекелестік пен ынтымақтастық негізінде белгілі бір өнімді немесе қызметті жасауға, өндіруге және жеткізуге қатысатын жеткізушілердің, дистрибьюторлардың, тұтынушылардың, бәсекелестердің жиынтығы ретінде қарастырылады. Демек, бизнес экожүйесі өзара қолдау жүйесін құрай отырып, жаңа өнім, қызмет, инновация төңірегінде бірлесіп дамитын ұйымдар желісі ретінде сипатталады.
«Инновациялық экожүйенің» тұжырымдамасын 2004 жылы алғаш ұсынған Ч. Веснер болды, ол инновациялық экожүйе – инновацияны құру мен дамытуды қамтамасыз ететін инновациялық процесс қатысушыларының өзара әрекеттесу сипаты деп қарастырады. Проскурнин С.Д. инновациялық экожүйеге идеялардың, құндылықтардың, адамдардың, ақпараттың, ресурстардың кіріс ағындарымен сипатталатын өзін-өзі ұйымдастыратын, өзін-өзі реттейтін және өзін-өзі дамытатын ашық жүйесі деп анықтама береді [80].
Л. Копейкинаның анықтамасына сәйкес, инновациялық экожүйе – инновациялық ұйымдардың құрылуы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жағдайлардың жиынтығы болып табылады. Ол идея тасымалдаушылары, инновациялық менеджерлер, инвесторлар және ғылыми қауымдастық сияқты төрт негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Бұларды инновациялық орталық біріктіреді, аталған орталықта өміршең идеялар таңдалып, қаржыландырылады.
Джексон Д. «Инновациялық экожүйе дегеніміз не?» атты еңбегінде, инновациялық экожүйе ғылыми-зерттеу және коммерциялық сипаттағы екі түрлі жүйенің жиынтығы болып табылады деп сипаттаған. Бірінші жағдайда іргелі зерттеулер қозғаушы күш болса, екіншісінде нарықтық факторлар болып табылады. Инновациялық жетістіктер арқылы пайданың өсуі R&D&I-ға жұмсалған бастапқы инвестициядан асып кетсе, экожүйеде тепе-теңдіктің орнына өсу жүреді. Демек, егер зерттеуге мемлекеттік, жеке немесе корпоративтік көздерден инвестицияланған ресурстар кейін инновациялық өнімдерді енгізу арқылы ұлғайған пайдамен өтелген жағдайда инновацияның екі секторы да (зерттеу және коммерциялық) тепе-теңдікке жетеді [79, с.193].
А.Т. Бекназарованың көзқарасынша инновациялық экожүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біріншіден, идеяларды генерациялайтын адамдардың өзара пікір алмасуы үшін орталықтың болуы, екіншіден, зерттеу процесін ұйымдастыру арқылы идеялардың жүйелі түрде болуы, үшіншіден, кәсіпкерлік, басқарушылық қабілеті мен бизнес құрылымдарды құру тәжірибесі бар мамандар тобының болуы қажет. Төртіншіден, инновациялық идеяларды қаржыландырудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету маңызды. Бесіншіден, мемлекеттік, консалтингтік, сақтандыру және басқа да ұйымдардың сапалы ақпараттық қолдауы және қажетті қызметтерінің толық спектрін қамтамасыз ету маңызды. Алтыншыдан, инновацияларды қолдау және ынталандыру бойынша мемлекет тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Инновациялық қызметтің осы аспектілерінің оңтайлы үйлесімі мен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету арқылы ғана инновациялық жобаларды әзірлеу мен енгізуден табыс көруге болады.
Инновациялық экожүйе келесідей элементтердің болуымен сипатталады [81]: