Туребаева Ж. К. «Қоғамдық сектордағы қаржылық есеп» пәнінен дәріс жинағы



бет2/32
Дата14.12.2022
өлшемі0,55 Mb.
#57293
түріБілім беру бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Пәнді оқытудың мақсаты Студенттердің нарықтық экономика жағдайында мемлекеттік бюджетте ұсынылатын ұйымдардың жұмысына қойылатын талаптарға сәйкес қаржы органдарында мемлекеттік бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепті енгізу тәртібі және бюджеттік мекемелерде шығыстар сметасының орындалуы, оның әдістемесі мен ұйымдары туралы білімді меңгеруі
Пререквизиттер: Қаржылық есеп 1, Басқару есебі 1.
Постреквизиттер: Қаржылық есептілікті талдау, Аудит, Өндірістік практика.


Тақырып 1. ҚР қаржы органдарында мемлекеттік бюджеттің орындалуының бухгалтерлік есебін ұйымдастыру және оның міндеттері.
Дәріс 1
1.Бухгалтерлік кәсіп және бухгалтерлердің этикалық жауапкершілігі. 2.Бухгалтерлердің атқаратын функционалды міндеттері мен ұйымдастырушылық құрылымы.
Дәріс 2
3.Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесі.
4.Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру тәртібі.


1.Бухгалтерлік кәсіп және бухгалтерлердің этикалық жауапкершілігі.
Бухгалтерлік есеп мамандығына ие болған әрбір азамат өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, іскерлік қатынастар өрісіндегі маңызды мәселелер мен операцияларды шешуші тұлға болып саналатындығын білу керек.
Ұйымдарда қызмет атқарушы бухгалтерлік ақпараттық технологияның жетілдіруіне, экономикалық үрдістің күннен – күнге тұнық қалыптасуына үлкен рөл атқаратындығын білген жөн. Сауда мен коммерцияның халықаралық сипатқа түсуіне байланысты осы заманғы бухгалтерлер өздерін отандық экономиканың дамуына үлес қосушының және әртүрлі іскерлік әрекетке қатысушы терең білімді кәсіби маманмын, сондай-ақ бухгалтерлік есептің өміршеңдігін жақсы түсінемін деп міндет қабылдауы керек.
Елімізде нарықтық қатынастардың қалыптаса бастауына қарай, бірлескен ұйымдардың, меншікті ұйымдардың, шағын ұйымдардың жалпы шаруашылық ұйымдары мен іс - әрекет етушілердің саны жылдан – жылға көбейіп келеді. Мұның өзі заңдылық үрдіс егемендік жағдайда біртіндеп өркендеп келе жатқан базарлы сауданың талабы. Өркениетті елдер қатарына қосылудың болашағын болжау нарықтық қатынастарды іске асырудың тиімді жолдарын белгілеу экономикалық үрдіске қатысушы тұлғалардың интеллектуалды потенциалына тікелей байланысты.
Өкінішке орай, елімізде бухгалтерлік есеп қызметін атқарушы мамандардың көпшілігінің білім дәрежесі әлі де болса төмен және нарықтық қатынастар талабына сай емес. Көбіне бухгалтерлік қызмет атқарушы жауапты адамдар тек салық есебін жүргізу өрісіндегі кәсібін қорғап қана келеді. Көп сатылы, мол мағынасы бар бүтіндей бухгалтерлік есеп жүйесі салық есебіне тәуелді сияқты.
Дейтұрғанмен, заман талабына қарай бухгалтерлік есеп кәсібінің мағынасы біртіндеп жоғары кәсіби мамандыққа айналып, есеп қызметін атқарушылардың мәртебісі мен қадірі артып, бұлардың алатын еңбек ақысы көбейіп келеді.
Қазіргі кезеңде еліміздегі бухгалтерлерді даярлау мен қайта даярлау төмендегідей төрт бағдарламадан тұрады.
1. Бастауыш деңгейде кәсіби білім беру.
Орта мектептерде, оқыту орталықтарында, лицей, кәсіби техникалық оқу
орындарында , коммерциялық құрылымдарда, курстарда негізгі мамандықтарға қосымша ретінде арнайы жасалған бағдарламаға сәйкес счеттар жүргізуші бухгалтерлер даярланады. Бұл деңгейде дайындалған мамандар есептің бір учаскесіндегі счеттарды жүргізіп, бастапқы құжаттарды толтырып, қарапайым экономикалық операцияларды ғана орындайды.
2. Орта деңгейдегі кәсіби білім беру. Колледждерде, орта дәрежеде кәсіби білім беретін оқу орындарында техник-бухгалтерлер даярланады. Бұл бағдарлама бойынша екінші категориядағы бухгалтерлік қызмет атқарушылар даярланады.
3. Жоғарғы дәрежеде кәсіби білім беру.
Университеттер, академиялар мен институттарда, бизнес мектептерінде жасалған арнайы бағдарлама бойынша даярланады. Бұл деңгейде даярланған бухгалтерлер бас бухгалтерлер, бухгалтердің орынбасары, бөлімдердің аға бухгалтерлері және бірер жыл тәжірибе жинақтағаннан соң ұйымдардың басқа құрылымдардың қаржы жөніндегі директоры қызметін атқаруына болады.
4. Жоғарға оқу орындарын тамамдағаннан кейінгі кәсіби білім беру.
Бухгалтерлердің кәсіби білім беру институттарында, университеттер мен академияларда, халықаралық деңгейде шетелдік сараптаушы маман оқытушылардың қатысуымен жасалған арнайы бағдарлама бойынша ең жоғарғы категориядағы кәсіби бухгалтер даярланады. Мұндай бағдарламаның негізінде бухгалтер – аудиторлар даярланады, жоғары дәрежедегі маман бухгалтерлердің білімі жетілдіріледі, магистратураларда және докторантурада оқытылады. Жоғары кәсіби бухгалтерлер даярлау арнайы құрылған бухгалтерлік есеп және аудит кафедралары бар оқу орындарында даярланады. Соңғы бағдарлама бойынша даярланған жоғары категориядағы маман бухгалтерлер аудиторлық, оқытушылық, зерттеушілік жұмыстар атқаруына болады.
Белгілі дәрежеде білім алған бухгалтерлер еліміздегі еңбек занына қарай келісім – шартқа отырып, әртүрлі меншік түрі бар ұйымдарда қызмет атқаруына болады. Кәсіби білім дәрежесі жоғары, өз мамандығын терең біліп, басқа да экономикалық мамандықтармен өз білімін ұштастыра білетін, этикалық нормаларды сақтайтын, есеп – қисап жұмысын ұйымдастыра алатын мамандар өздері қызмет атқарып отырған ұйымдар мен басқа да құрылымдардың экономикасын басқаруға мықты әсерін тигізеді.
Бухгалтерлік қызмет атқарушылардың түпкі мақсаты – басқару жүйесін қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету. Ұйымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін ұрлық пен коррупцияны болдырмау мүліктері мен құндылықтардың дұрыс сақталып, тиімді жұмсалуын бақылау мен тексеру үшін ішкі аудит жұмысын жолға қою.
Әсіресе нарықтық қатынастар мен базарлы сауда жағдайында, акционерлер үлкен сомадағы дивиденд алғысы келеді. Несиелендірушілер ұйымының төлем өтеушілік қабілетінің жоғары болуын қалайды, ал берешектер өз қарызын төлемей кетудің мөлшерде пайдамен жұмыс істеуіне тілектестік білдіреді, жұмыс атқарушы қызметкерлер көп сомадағы еңбекақысын алғысы келеді. Міне, осының барлығы жалпы бухгалтерлік есеп жүйесіне қойылған талап қана емес, орындаушы бухгалтерлерге қойылған этикалық және кәсіби талап болып табылатындығын білгеніміз жөн.
Сонымен, жалпы бухгалтерлік есеп жүйесі ұйым деңгейіндегі орындалатын және шешілетін мәселелер қойса, бұларды шешіп, түпкі мақсатқа жеткізушілер бухгалтерлер мен есеп – қисап жұмысын атқарушылар екендігін әрбір бухгалтерлер терең түсінуі керек.
Теориялық тұрғыдан жақсы дайындалған мамандар кәсіпкерлік білімі жоғары саналып, білімсіздерге қарағанда сұраныс талабына жауап берерлік болуы керек. Мұның барлығыда нарықтық қатынастардан туындаған үрдіс мамандығы мен кісілігі ұштасқан интеллектуалды болып табылады.
Осы заманда бухгалтерлік кәсіби қызмет атқарушылардың арнайы білімі, кәсіби мамандық талабына жауап берерлік ой – санасы, іс – тәжірибесі, этикалық нормалар тәртібін сақтайтын кісілік қасиеті, қоғамдық мүддені қолдайтын қадірі мен беделі болу керек. Қанағаттанарлық жұмысы бар, өз ұжымының мамандарымен бірлесіп экономикалық мүддені шешетін кәсіби білімі мен кісілік мәдениеті жоғары мамандар, басқаларға қарағанда, сапалық жоғары сатыда бағаланатындығы кімге болса да белгілі.
Кәсіби мамандардың жан – дүниесі таза болып, ақылы мен ой санасын жетілдіріп, байқаушылық пен болжампаздық қасиетін сақтап, іскерлік әрекетке қатысушылар мен басқа да клиенттердің айтқанын түсініп, өз кәсібін аса бір біліктілікпен орындайтын қасиеттері болуы керек.
Кәсіби қызмет атқарушы әрбір мамандықтың өзіне тән этикалық нормасы болады. Еңбек етуші өмірімізде көптеген жағдайларға кездесіп, моральдық талаптарды сақтамай кететін жағдайлар да болады. Басқа да кәсіби істер мен қызметтер атқарушыларға қарағанда бухгалтерлік міндет атқарушылар ұйым ұжымындағы әлеуметтік және экономикалық өмірге жиі араласып, адамдардың тұрмыс – тіршілігіне, хал – ахуалына жағдай жасаушылар қатарына екендігін терең түсінгені жөн. Яғни «этикалық кодекс» тұрғысынан дұрыс шешімдер қабылдап, ұят пен жан тазалығын сақтау тәртібі туындайды.
Әрине бухгалтерлер үшін арнайы жасалып ( жазылған), қабылданған
«этикалық кодекс» біздің елімізде әлі жоқ. Кәсіби іс атқарушы маман адамдар басқалардың тағдыры алдында өздеріне белгілі міндеттемелер қабылдайтындығын түсінуі қажет. Әрбір маман халық үшін, халық игілігі мен болашағы үшін қызмет атқаратындығы этикалық норманың алғы шарты деп түсінгені жөн.
Жетілдірілген тәртіптің дұрыс жолын білім қалыптастандыратындығын Сократ айтқан еді. Ал Аристотель болса ізгі – рахымшылық көрсетуді батылдылық және әділеттілік деп танып, бұлар жеке адамдар мен қоғамның амандығын сақтайтын категориялар екендігін айтқан. Этикалық тәртіп пен моральдық принциптер білім арқылы қалыптасып, адамдардың түсінік дәрежесі артып отыратындығын классиктер дәлелдеген. Этикалық норманы қалыптастырудың әмбебаптық жолдары жоқ. Мұндай норманың болуы да мүмкін емес.
Әйткенмен де, кәсіптің жаңа түрлерінің пайда болуына қарай «кәсіптік этика» категориясы қажет. Бухгалтерлік қызмет атқару тұрғысынан қарағанда «кәсіптік этика» бухгалтерлік есеп жүйесін жүргізу әдістері мен ережелеріне, сондай- ақ бухгалтерлік есеп жүйесінің мерзімдік өзгерістерге түсіп отыруына қарай қалыптасуы керек.
Кәсіптік этика - философиялық және әлеуметтік бағытқа әсер етуші категория. Философиялық бағыт моральдық нормалардан тұрса, әлеуметтік бағыт кәсіби тұрғыдан реттеу мен бақылау үрдісінен тұрады. Бухгалтерлік кәсіп атқарушы мамандар өз ұжымының экономикасы мен адамдардың тиімді жолдармен басқару үшін арнайы концепциялар мен ұсыныстар енгізіп отыруы қажет. Кәсіпкерлікпен жалғасқан тұжырымдар мен ұсыныстардың түпкі мақсаты – қоғамдық мүдде мен қоршаған ортаның талабын қанағаттандыру болып табылады. Сондықтан , кәсіптік этиканың бухгалтерлік есепке тән кәсіби қоғамдық талапты мойындау мен келістіру қажеттігі туындайды.
Бухгалтерлік есеп кәсібінің деңгейі бухгелтерлерге деген қоғамдық сенімнің артуына қарай жетілдіріліп отырады. Ал қоғамдық сенімді ақтау үшін бухгалтерлер өз жұмысын жетік біліп, сенімді және сапалы атқарып, тәуелділікке түспеуі керек. Арнайы ережелер мен нұсқаулар, сондай- ақ есеп әдістерін қолдану кезінде бухгалтерлер үш топтың; қоғамның, қатысушы клиенттердің, басқа да әріптес бухгалтерлердің мүддесінен шығу жолдарын анықтауы қажет. Осы жоғарыда айтылғандардың негізгі сақталған жағдайда бухгалтерлердің этикалық нормасы қалыптасады және ол жетілдірілініп отырады [4].
Өркениетті елдерде қалыптасқан, бухгалтерлік есеп мамандығының беделін арттырып отыру мақсатында туындаған «бухгалтерлердің этикалық кодексі» есеп жүргізудегі тәжірибені зерттеу, клиенттер арасында қайшылықтарды болдырмау, есеп көрсеткіштерін сыртқы пайдаланышуларға тұнық түрде хабарлап отыру үшін қажет екендігін кейінгі жылдары ғана біле бастадық.
Кейінгі он жыл ішінде материалдық игілікті бөліп тарату, табыстарды бағалау мен өлшеу және есептеу, жуйесінің өзгеріске түсуі, бухалтерлік есеп кадрларының күннен күнге көбеюі, есеп жүйесінің компьютерленуі, әлеуметтік қызмет көрсету өрісінің көбеюі, т.б жағдайларға қарай бухгалтерлік кәсіп атқарушылар қызметі де өзгеріске ұшырап келеді. Сонымен қатар, қаржылық және саяси кризистер орын алған жағдайда бухгалтерлік қызмет атқарушылар өміріне де тікелей әсер етендігінде білдік.
Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік кәсіп жиі өзгерістерге ұшырап келеді. Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына көшуге орай бухгалтерлік есеп мамандары едәуір жоғары бағаланып, бұлардың кәсіби білімі сапалы бола бастады. Жаңа ақпараттық қызметтердің (маркетингтік басқару жүйесін зерттеу, стратегиялық жоспарлау, бизнес жоспарынжасау, салық жүйесін сараптау) пайда болуына қарай кәсіби бухгалтерлерге деген сұраныс артып отыр. Бұл күндері қызмет атқарушы бухгалтерлер «счеттер жүргізушілер» қатарынан өтіп, ұйымдардың шын мәніндегі қаржы басқарушылары қызметін атқарушылар қатарына қосылып келеді.
«Қоршаған экономикалық ортаның» өзгеріске түсуінің және бухгалтерлік кәсіп атқарушылар арсында бәсекелестік жағдайдың негізінде кәсіпкерлік іс- әрекеттермен айналысушылар арасында дау-дамай орын алуы мүмкін. Бәсекелестік пен дау дамай және құқықтық мәселлелерді шешудің бірден бір жолы, сапалы жасалған бухгалтерлік есеп мәліметтері мен бухгалтерлердің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Бухгалтерлер мен тәуелсіз аудиторлар қаржы қортындысы есебінің сапалы жасалуын қамтамасыз етіп, этикалық норманың сақталуымен қатар даулы мәселелерді шешудің жолдарын жақсы білуің керек.
Өкінішке орай бухгалтерлік есеп кәсібі Қазақстан Республикасында бәсекелестік үрдіске түскенімен, әлі де болса тамыр-таныстық, туыстық жерлестік, т.б. жақындық жолдармен жұмысқа орналастыру фактілері кездесіп келеді. Мұндай жағдайда бухгалтерлердің тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, сапасыз ақпараттар жасалынды. Әрине, кәсіпкерлік пен пайда күнемдік арасында қарама- қайшылықтар болуы мүмкін. Яғни қоғамдық мүдде мен жеке бастың мүддесі арасында да қайшылықтар болуы мүмкін. Сондықтан, бухгалтерлік кәсіби қызмет атқарушы адамдар таза, сапалы жұмыстар атқарып, өз мамандығын сыйлап, ешқандай да «келісім» әректтерге бармауы керек.
Еліміздегі бухгалтерлік кәсіп тарихи даму кезеңінің үстінде тұр. Нарықтық қатынастарға түсуші сыртқы қаржы салымшылар мен несие берушілер сенімді болуымен қатар қоғам өмірінің ахуалын қорғау үшін сапалы жасалған бухгалтерлік ақпараттар жүйесінің атқаратын рөлі өте зор. Бухгалтерлер және есеп- қисап жұмысын жүргізушілер заң мен құқық қорғау орындары алдында бірден – бір жауапты екендігін де түсінгені жөн. Бухгалтерлік кәсіп атқарушы мамандар өздерінің тәуелсіздігін төмендетпей, жұмыстың сапасын арттырып, ешкімді де алдамай, адастырмай аудиторлық қызметін сатпай, пайда күнемдікке (меркинтилизм) салынбай, басшының берекесіздігіне қарсы тұрып, бағаның дұрыс қойылуын, жоғарғы деңгейде сапалы қызметтер атқаруды мақсат тұтуы керек.
Нарықтық қатынастар заманында бухгалтерлік кәсіп атқарушылар төмендегі келеңсіз жағдайлардан және сырттай күш көрсетіп, пайда күнемдікке салынушылардан сақ болуы керек. Ол үшін:
Біріншіден, өз қаражатттарын белгілі бір бизнеске сомалап салмай, құнды қағаздарға заңсыз иелік етушілік пен көп мөлшерде дивидент алғысы келетіндерді қатыстырмау.
Екіншіден, қабылданған және экономикалық өмірге енген бухгалтерлік есеп стандарттарынан ауытқымай жалған ақпараттар жасаушыларды, өтірік пен алдауға итермелеушілерді жақындатпау.
Үшіншіден, қатысушы клиенттер салық төлемей, салық төлеуден қашып, салық органдарына жалған мәліметтер беруді мақсат тұтушылардың жолдарын кесу.
Төртіншіден, қатысушы клиенттер ұсынған парасын алмау «сый дастарханына» ( ішімдік дастарханын ) қатыспау.
Бесіншіден, басшылар мен әріптестердің есеп мәліметтерін өзгертіп, әкімшілік шығындарын азайтып көрсету жөніндегі «кереғар ұсыныстарын» қабылдамау.
Бұл жазылғандар этикалық нормалар мен қайшылықтардың толық тізімін қамтый қоймас. Әйткенмен де этикалық және этикалық емес әрекеттер көптеген факторлардан пайда болатындығын есте сақтау керек. Бұларға жеке бастың мүддесі, адамдардың сана – сезімі мен мәдениеті, басшылардың ұйымдастырушылық қабілеті, басқару аппаратының ұстаған бағыты, сыртқы
күштердің әсер етуі т.б. жатады.
Кәсіби бухгалтерлердің этикалық кодексі бақылау, талдау және тексеру мен шара қолдану механизмдерін іске асыруға бағытталуы керек. Мұның үшін кәсіби бухгалтерлер, бухгалтерлік есеп жүйесінің сапалы жасалуын қамтамасыз етіп, жоғары дәрежедегі кісілік идеяны сақтауы керек.
Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлердің этикалық кодексі әлі күнге дейін ресми түрде жасалмай келеді. Өркениетті елдерде бухгалтерлердің этикалық кодексіне үлкен мән берілген. Америкалық бухгалтерлер қауымдастығы ( ассоцация ) 1986 жылы «Бухгалтерлік білімнің мақсаты мен маңызы және болашақтағы құрылымы» туралы ресми құжат қабылданған. Бұл құжатта бухгалтерлерді оқытудың жаңа бағдарламасы жасалып, техникалық және этикалық тұрғыдан бухгалтерлер даярлау ісіне талаптар қойылған. Британияның ант беруші бухгалтерлері институты 1992 жылы «Кәсіби этика жөніндегі нұсқау» шығарған. Австралияның дипломданған бухгалтерлер қоғамы 1988 жылы «Бухгалтерлердің кәсіби тәртібі жөніндегі жаңа кодекс» қабылданған. Жаңа Зеландия елінде 1992 жылдан бастап «Бухгалтерлердің этикалық тәртібі жөніндегі кодекс» қабылданған.
Яғни өркениетті елдерде бухгалтерлердің этикалық кодексінің қажеттілігі мен пайдаға асатындығы, сондай – ақ тәртіп сақтап, ереже – нұсқаулар және әдістемелік материалдардың жаңаланып отырылуы қамтамасыз етілген. Бухгалтерлердің «кәсіби этикалық кодексі» экономикалық өмір үшін аса қажет екендігін білген жөн.
Кәсіби бухгалтерлер даярлау үшін, жоғары оқу орындарында «Бухгалтерлердің этикалық кодексі» жөнінде арнайы сабақ өткізілуі керек. Студенттер бизнес пен қоғам арасындағы байланыстарды білу тиіс. Сонымен қатар болашақ мамандарға ұйымның аса көп көлемдегі ресурстары есебін тиянақты жүргізу үрдісі тапсырылатындығын, тек қана жеке бастың қамы емес, қоғамдық мақсаттың да мүддесіне жұмыс істейтіндігін білуі керек. Бухгалтерлік есеп пәнінен дәріс оқып, тәжірибеде сабақтарын жүргізуші оқу орындарының оқытушылары өз студенттеріне этикалық норманы сақтау сенімділігін туғызарлық және мамандардың рухани сапасын арттыру бағытында ой саларлық дәрістер оқу қажет.
Нарық экономикасы түбегейлі қалыптасқан жағдайда интеллектуалдық және моральдық потенциалдың рыногы туындайтындығын білгеніміз жөн. Нарық жағдайын білетін, экономикалық қатынастардың қыры мен сырын , мұны жетілдіру жолдарын анықтай алатын мамандар ғана кәсіпкерлікке жаңа көзқараспен қарайды.
Кәсіпкерлік «заңмен» өмірге келмейді. Ол атқарған ауыр еңбектің, оқып- үйренудің, көріп-білудің нәтижесі туындайды. Кәсіпкерлік – көптеген адамдардың біліктілігімен ынтасынан, идеялық тұрақтылығынан және іс жүргізудегі тәртібінен қалыптасады.
Кісілігі мен кәсіби мамандығына кір келтірмейтін бухгалтерлік есеп қызметін атқарушы тұлғалар өзінің «этикалық нормасын» өзі қалыптастырып, аса бір сабақтастық жолдармен, есеп өрісіне тән арнайы ережелер мен нұсқауларды басшылыққа ала отырып өз білімін жетілдіре беруді мақсат тұтқаны жөн. Осы мақсатта қаржылық және басқарушылық есеп жүргізуші бухгалтерлердің сапалық сипатты 1 кестеде көрсетілген.

1 кесте
Қаржылық және басқарушылық есеп жүргізуші бухгалтерлердің сапалық сипаты





Сапалық, кәсіби қасиеттері

Білімі мен атқаратын негізгі қызметтері

1 Білімі мен білетіндері

а) кез келген жағдайда есеп жүргізу әдістерін қолдана алатындығы;
б) тиісті заңдар мен нормативтік құжаттар мазмұнын қолдана алатындығы;
в) ұйымдар қызметіне тән салық жөніндегі заңдар, кәсіпкерлікке тән басқадай заңдардан ауытқымау;

2. Қабілеттілігі

а) жұмыс уақытын тиімді пайдалану, атқаратын жұмыстардың күнделікті тізімін жасау;
б) өзімен қызметтестердің іс - әрекетін бақылау;
в) кез келген категориядағы қызметтес адамдармен сөйлесе білу, басшылармен, акция иелері, директорлар, аудиторлар т.б. ресми адамдармен ашық қатынаста болу;
г) пунктуалдық, орындаушылық шеберлік қасиеттерді сақтау;

3.Көп аспектілік және дәлелділік




Басқарушылық есеп жүргізуші бухгалтер

1. Білімі мен білетіндері

а) қаржылық есеп тұжырымдамасы және әдістері;
б) ақпараттар жинақтау мен өңдеу;
в) экономикалық теория және басқарудың осы заманғы әдістері, есеп жүргізу принциптері;

2. Қабілеттілігі

а) қажетті ақпараттарды дер кезінде жасау, өңдеу және тапсыру;
б) бизнестік жүйенің ерекшелігі және мұның ішкі байланысын зерделей білу;
в) әр деңгейдегі қызметтес адамдармен жұмыс істей білу;

3. Ойлаушылық пен тұрақты мінез




Экономикалық күрделі өмірімізде кәсіби мамандықтар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Арнайы жұмыстар атқарушы адамдар тобы өздерін «кәсіпкерміз» деп атайтын болады. Кәсіби мамандық атқару үшін теориялық негіздегі білім және іс-тәжірибеден дағдыланған ой мен сана кажет. Жоғары дәрежедегі кәсіби мамандық деңгейіне жету үшін интеллектуалды және кәсіби терең білім керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет