У. А. Ажіғалиева Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру



бет7/36
Дата23.11.2022
өлшемі1 Mb.
#51934
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   36
«Қол ұшын беру» (дәстүр). «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жұмыс істеп жатқан жерге келген адам сәл аялдап, көмек көрсетіп, қолғабыс тигізуге тиіс. Көпшілік жұмылған іске өз үлесін қосу – азаматтық борыш, парыз, міндет іспеттес. Мұндай жерде қол қусырып бос тұру тәрбиесіздік, әрі білімсіздік саналады.
«Қымызмұрындық» (дәстүр). «Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы». Бұл тойға көрші-қолаң, тума-туыстар шақырылады. Яғни, «көппен көрген ұлы той» демекші алғашқы қымыз «көпке бұйырсын» деген тілекпен туындаған дәстүрдің бірі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Бұл дәстүр халқымыздың қонақжайлылық, мәрттік қасиеттерін көрсетеді.
«Ерулік» (салт). Ел ішіне үй көшіп келіп қоныстанса, сол ауылдың байырғы тұрғындары «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл – жаңа қоныс тепкен адамдарды өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі болып табылады.
«Төркіндеу» (дәстүр). Ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайы баруы төркіндеу деп аталады. Төркіндеу - әр қыздың парызы және ол бір-ақ рет төркіндеп баруға қақысы бар. Мұндай жағдайда қызды қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп аттандыруға тиіс.
Жоғарыда мазмұндалған салт-дәстүрлердің қайсысын алып қарасақ та, олардың астарында терең тағылымдық мән-мағына, ізгілік, адамгершілік, тәрбиенің бастау бұлағы жатқандығын байқаймыз.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары арқылы болашақ мұғалімдерді парасаттылық, имандылық, ибадаттылық тәрізді ұлағатты қасиеттерге тәрбиелеудің мүмкіндігі мол. Сондықтан, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды меңгеру, олардың озық үлгілерін жаңартып, бүгінгі күні ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда басты құралға айналдыру біздің басты міндетіміз.
Қазақ халқының рухани мұраларының бөлінбес бөлшегі ретінде ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын тәрбие құралының бірі дін, діни ілімдер. Дін имандылық, әдептілік, қайырымдылық тәрізді адамзат баласына тән жоғары адамгершілік қасиеттерді тәрбиелейді. Оның айғағы – мұсылмандардың Ұлы кітабы Құран негізіндегі саналы адамзат тәрбиесін мақсат еткен, тәлімдік-тәрбиелік маңызға ие қағидалар. Нақты ғылыми негізделген діни ілімдермен болашақ маманды таныстырудағы басты мақсат – халқымыздың сенім артқан күші – ислам діні арқылы ұстаз бойында адамдық асыл қасиеттердің дәнін егу, оларды халықтық имандылық негізінде жоғары рухани деңгейде тәрбиелеу болып табылады.
Діни ілімдердегі өзекті қағидалар да (обал, сауап, кішіпейілділік, өтірік айтпау, кісіге қиянат жасамау, жоқ-жітік кемтарларға қайыр-садақа беру, ұрлық-қарлық жасамау, күш көрсетпеу, тазалық сақтау т.б.), педагогикалық деонтология талаптарымен үндесе келе, ұрпақтың имандылық-адамгершілік, физиологиялық-гигиеналық тәрбиесіне өзіндік үлесін қосты. Мәселен, өзінің педагогикалық еңбегінде ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендердің бірі – Ы. Алтынсарин. Ағартушы еңбектері көбіне еңбекқор деген атаққа ие бол, еңбексүйгіш бол, кішіге қамқор бол, жат мінезден бойыңды аулақ сал деп уағыздайды. «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінде «Шариатүл ислам», «Иман турасында», «Ахлық, яғни адамдарға тиісті мінез тұрғысында» деген бөлімдері болашақ мұғалімнің мінез-құлқын қалыптастыруға көмектеседі.
Ол мінез тұрғысында былай дейді: «Аят пен хадисте білдірілген жақсы мінез жетпіс сегіз түрлі. Бұларды мақтаулы, игілікті мінез-құлықтар деп атайды. Оларға: иман, әділет, адалдық, ақкөңілділік, сыпайылық, жомарттық, кеңпейілділік» және т.б. [128] «Иманды ұстаз – ибалы шәкірт тәрбиелейді» деп халық бекер айтпаса керек.
«Егер жас ағашты жас күнінде қисығын түзеп өсірсең түзу болып өседі, бір түзу болып өскен ағаш жаңадан қисаймайды. Ағаш ұлғайып, қатып кеткен соң түзетуге де келмейді, сынып кетеді» деп тұжырымдайды автор. Ы. Алтынсариннің басты көздегені - жастарды имандылыққа бет бұруының негізгі бағыты мінез-құлықты әрқашан бағдарлап қарап, түзету. Бұл пікір қазіргі кезде де болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға керекті бетбұрыс деп білуіміз керек. Қазақта ата-бабамыз адамның жақсы кісілік қасиеттерін хадиспен белгілеген. Хадистердің айтуы бойынша имандылық қасиетінің он тоғыз қағидасы бар. Олар: ар-ұят, намыс, әдеп, жомарттық, қажыр-қайрат, әділдік, әділет, кешірімділік, кеңпейілділік, мінез-құлық, мәрттік, кішіпейілділік, аманат, адалдық, уәде, сабыр-тағат, кісі ақысын өтеу, обалына қалмау, жақсылармен сұбхаттас болу. Жоғарыдағы көрсетілген қасиеттер ата-бабамыздың адамзатпен қатар жасар асыл қазынасындағы өздері аңсаған үлгілі адамзат бейнесі. Осындай сипатта болашақ мұғалімдеріміз нағыз Адам атанса, халқымыз адамзат көшінде әркез ардақты орында болары сөзсіз.
Халқының қамын ойлаған асыл ойлы ғұлама-ойшылдарымыз (Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ж. Баласағұни, Қорқыт, т.б.) көзқарастары да халықтық педагогика қазынасының бір саласын құрайды. Мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастырып, дамытуда, оларға жақсы тәрбие беруде ұлы ойшыл Ж. Баласағұн шығармашылығы да ерекше роль атқарады. Оның түркі тілінде жазылған «Құдатғу білік» (Құтты білік) атты еңбегінің тәрбиелік маңызы зор. Ол өз еңбегінде адамның қадір-қасиетінің алдымен терең біліммен, ақылмен ғана қалыптасатынын сөз етеді:
Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде, сол білікті болады.
Ақылды ұғар, білімділер біледі,
Түгел болар білімді, есті тілегі...
Білімсіздер бар кеселді көреді,
Емделмесе тектен-текке өледі… [129, 63-64]
Шығармада, сонымен қатар, сөз өнері, адамдар бойында кездесетін жақсы-жаман қасиеттер, парасаттылық, тәрбиелілік, білімділік туралы да кеңінен жырланады. Мысалы:
Тілесең сен есендікте жүруді,
Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді,
Біліп айтқан сөз – білікті саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар, - деп айтуы әрбір айтылған сөзге мән беріп ойланып, ойтаразылап сөйлеу ақылдылық пен біліктіліктің белгісі екендігін көрсетеді. Ал ақынның:
Ер ажары - сабырыңды сақтай біл,
Сабыр жолы көк төріне бастайды.
Өлімді ойла, ұмытпа еш сарала,
Өзіңді ойла, қасиетіңді бағала.
Дос, туғаннан лебізінді аяма,
Кіші, үлкенді жылы жүзбен аяла.
Тұз-дәміңді бөліс, жаса қайырым,
Кешіре сал, көрсең кісі айыбын [129, 162-163], - деген жыр жолдары болашақ мұғалімдер үшін тәрбие тағылымының үлгі өнегесі іспеттес. Ол болашақ мамандарды адамдық қасиеттерді жоғары бағалауға, әділ болып, өтірік айтпауға, үлкен-кішіге құрметпен қарап, ынтымақ-бірлікті сақтап, өз ар-намысын жоғары ұстауға шақырады. Осының бәрі болашақ мұғалімнің деонтологиялық тәрбиесін жетілдіру қажеттілігіне сәйкес бойына дарытуды қажет ететін адамгершілік қасиеттер.
4 – кесте Ұстаздың деонтологиялық потенциалына қатысты ұлы ойшылдардың ой-тұжырымдары





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет