Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады.Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады.
Арнайы ойын-сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойынұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады.
Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтан да ойын-тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.
Балалармен «Кім қалай дабыстайды?», «Кім шақырды, тап!» тіл дамытуға арналған ойындар, «Шарды үрле» атты дем алу жаттығуларын ұйымдастыру. Пейзаж, натюморт, портрет жанрларымен суреттерді қарастыру. Үлкендердің көмегімен «Төлдерін тап және ата» дидактикалық ойынын ойнау. Балаларға арналған: дүкен, ойыншық, отбасы, бақша жемістері, орман, көл, бассейн, үй және дала жануарлары мен олардың төлдері, үй құстары, гүлдер, сонымен бірге құмырсқа, көбелек, ара сияқты жәндіктер туралы кітапшаларды қарастыру.
«Алақай», «Бесік жыры», «Әлди-әлди», «Түлкі», «Шырша», «Қыс», «Қоян», «Қонжық», «Доп», «Жаңбыр» өлеңдерін жатқа айтуға үйрету.
«Бауырсақ», «Шұбар тауық», «Шалқан», «Түлкі мен тауық», «Үш аю» атты ертегілерді тыңдап сахналауға баулу.
Тәрбиеші балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойын) үш түрлі етіп өткізуіне болады.
Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өті леді. Мысалы: «Дәл осындайды тауып ал», «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп, қайсысы аз», т.б.
Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңде сақта». Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата». Сонымен қатар балалардың сөздік қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолданумен қатар,«Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр», «Биші адамдар», «Көңілді таяқшалар» тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін берді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін және саусақ бұлшық етін дамытады.