1-ДӘРІС.БИОСФЕРА КОНЦЕПСИЯСЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
«Биосфера – бұл біздің тіршілік ортамыз,
бұл біздің ауызекі тілімізде айтылатын
бізді қоршаған табиғат»
В.И.Вернадский
Биосфера туралы түсінік
Биосфера – (грекше «биос» - өмір және тіршілік, «Sphaira» (сфера) шар, қоршаған орта) тіршілік бар немесе қандай да бір кезеңде тіршлік болған және үнемі тірі ағзалардың әсер етуіне ұшырайтын немесе ұшыраған планета аймағы (В.И.Вернадский бойынша).
Тірі организмдер қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста екені ертеден белгілі. Биосфера туралы түсінік голланд ғалымдары Б.Варениус және Х.Гюгенс, француз табиғаттанушысы Ж.Бюффон еңбектерінде кездеседі. Француз табиғаттанушысы Ж.Кювье тірі организмдер тек қана сыртқы ортамен заттар алмасу арқылы тіршілік етеді деп есептеген. Биосфера туралы ілімнің басталуын «биология» терминін енгізген француз табиғаттанушысы Ж.Б.Ламарк (1744-1829) есімімен байланыстырады. Бірақ 1875 жылы австриялық геолог Эдуард Зюсс өзінің «Альпі тауларының шығу тарихы туралы» кітабының соңғы тарауында жер шарының әртүрлі қабаттары жайында баяндаған кезде, осы терминді алғаш рет қолданған болатын. Бірақ бұл үстіртін айтылған сөз ғылыми ойдың дамуында айтарлықтай роль атқара алған жоқ.
Биосфера туралы ілімнің ғылыми негізін қалаушы белгілі орыс геолог-ғалымы В.И.Вернадский (1863-1945) болды. Ілімнің негіздері оның биосфера кітабында баяндалған.
Ол өзiнiң дарындылығы арқылы қазiргi жаратылыстану ғылымының барлық салаларында елеулi iз қалдырды. Оның шығармашылық шыңының бiрi 1926 ж. биосфера туралы iлiмiн жасауы болды. 1926 ж. Вернадский Ленинградта, 3 жылдан соң Парижде және бiрнеше жылдан кейiн Берлинде “Ғарыштағы биосфера”, “Биосфера” деген аса құнды ғылыми еңбектерiн жазды. Ол жер бедерi кездейсоқ құбылыстардың нәтижесiнде пайда болмаған, оған керiсiнше өз шекарасы бар, жердiң геологиялық қабағы болып саналатын биосфераның ерекше әсерi болғанын атап көрсеткен. Ол өмiрiнiң соңғы жылдарын биосфера қабығының құрылымдық ерекшелiктерiн талдауға арнады. Осындай ғылыми зерттеулерiнiң нәтижесiнде “Жердiң және оны қоршаған ортаның бисферасының химиялық құрылысы” деген iргелi еңбегiн жазды. Бiрақ оны шығаруға үлгере алмады. Оның бұл еңбегi 1965 ж. жарық көрдi. Бұл еңбегiнде ғалым биосфера эволюциясы туралы өз ойын қысқаша тұжырымдай келе: “Адамзат жалпы алғанда, өте ықпалды геологиялық күшке айналуда. Ол, ақыл-ойы мен еңбегiнiң алдына еркiн ойлай алатын адамзаттың қажетi үшiн бiртұтас биосфераны қайта құру мәселесiн қойып отыр” деп, аса көрегендiкпен ескерткен болатын.
В.И.Вернадский планеталық тірі заттардың планетаның бет-әлпетін өзгертуге және оның дамуына қолайлы эко-жүйелерді қалыптастыруға қабілетті аса қуатты геологиялық фактор екенін дәлелдеді. В.И.Вернадский бойынша тірі заттар күн энергиясын қабылдай алады және ыдырауы кезінде химиялық және физикалық жұмысқа жұмсалатын энергия бөліп шығаратын химиялық қосылыстарды жасайды.
В.И. Вернадскийдiң анықтамасы бойынша “Биосфера” Жер ғаламщарының тiршiлiк таралған ерекше қабығы. Ол биосфераның тек өзiне ғана тән ерекшелiгiн бөлiп көрсеттi. Оның бiрiншiден - тек биосферада ғана тiршiлiк бар, ал екiншiсi – тек биосфера ғана күн энергиясын сiңiрiп, пайдалануға қабiлеттi деген тұжырымдар едi. Қазiргi көзқарас бойынша “Биосфера – Жер ғаламшарында кездесетiн барлық тiрi организмдердiң және ол организммен үздiксiз алмасуда болатын заттардың жиынтығын құрайтын ерекше қабығы”. Биосфера – атмосфераның төменгi бөлiгiн, гидросфераны және литосфераның жоғарғы бөлiгiн қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |