Витамиңдер туралы жалпы түсініктеме. (лат. вита - өмір + аминдер - құрамында азоты бар химиялық заттар). Витаминдер - аз мөлшерде кездесетін органикалық заттар. Олар тіршілікке өте қажетті. Витаминдерді латын әрпімен А, В, С, Д, Е, К, Р, РР деп белгілейді және химиялық қүрамдарына сай атайды (Мысалы, аскорбин қышқылы немесе С витамині). Барлық витаминдерді екі топқа бөледі: майда еритіндер және суда еритіндер. Майда еритіндер тобына А, Д, Е витаминдері, ал суда еритіндер тобына басқа қалған витаминдер (В, ВІ2, С, Р т. б.) жатады. Витаминдердің біразы гормондардың, ферменттердің т. б. биологиялық белсенді заттардың құрамына кіреді. Ал біразы (Е, С, Р витаминдері) клетка мембранасының құрамына кіріп қорғаныс, яғни антиоксиданттық қызмет атқарады.
Көптеген витаминдер адам денесінде өндірілмейді. Олар ішкен, жеген тамақтың құрамында провитамин (витамин алды) түрінде болады. Провитаминдер витаминдердің белсенді түрі емес, Бұлар адам организмінде ғана белсенді түрге ауысады. Кейбір витаминдер организмде химиялық жолмен түзіледі. Инозит, пангам қышқылы, убихинон, холин т.б. витамин тәрізді органикалық қосындылар да витаминдердің ролін атқарады.
Ұзақ мерзім бойы жеген тамақтың құрамында витаминдер мүлде болмаса, онда авитаминоз, ал жеткіліксіз болса гиповитаминоз, мөлшерден артық болса гипервитаминоз деп аталатын сырқаттар пайда болады. Гипервитаминоз көбінесе майда еритін витаминдердің денеде көп болуына байланысты туады. Витаминдердің мөлшеріне байланысты сырқаттар көпке созылса, адам өліп те кетуі мүмкін. Ал жетіспеген витаминдерді тағамдарға қосып немесе жеке өзін қабылдаған жағдайда адам ауруынан сауығады.
Өсіп келе жатқан бала организміне витаминдер оте қажет, сондықтан баланың жасына лайық витаминдердің молшері ішіп-жейтін тамақтың құрамында болуы тиіс. Қазіргі кезде баланың жасына лайық витаминдердің қажетті молшері толық анықталған.
А витамині (аксерофтол)майда ериді, қыздырғанда ыдырамайды, тек оттегі мен күннің күлгін сәулесінің әсерінен ыдырайды. Сырт көрінісі сары май түсті зат. Сәбіздің құрамында к а р о т и н түрінде болады.
А витамині жетіспесе, онда баланың өсуі тежеледі және көзінің өткірлігі нашарлайды халық арасында "соқыр тауық" деп аталатын, яғни іңірде көрмеушілік пайда болады. Оған қоса қуықтың, жатырдың, ішектің, өкпенің кілегей қабығы бұзылады. Балалардың жұқпалы ауруларға төзімділігі төмендейді. Бұлар құрамында А витаминдері бар балық майын, жұмыртқаны, сәбізді жесе біртіндеп жойылады.