Педагогика- адамдарды тәрбиелеу, оқыту мен білім беру туралы ғылым. Ғылым ретінде педагогика тәрбие, оқыту мен білім берудің заңдылықтары мен қағидаларын, түрлері мен әдістерін зерттейді. Педагогика ғылымы дамуының алғышарттары Ежелгі Мысыр және Ежелгі Грекия мен Рим мектептерінде қалыптасқан. Ежелгі дәуір мектептерінде қалыптасқан оқыту мен тәрбиенің педагогикалық теориясының негізін қалады. Авторитарлық қарым-қатынас жүйесіндегі үлгі-өнеге мен ауызша оқыту әдістеріне сүйенген сол дәуірдегі оқыту тәжірибесі мұғалімнің оқыту өнеріне негізделген еді.
Педагогикалық теория негізін қалаған Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель және т.б. ойшылдардың философиялық трактаттарында жеке тұлғаны қалыптастырудың негізгі идеялары, тәрбие мен оқытудың мақсаты, олардың тұлға дамуына тигізген әсері зерттелді. Сөйтіп, педагогиканың теориясы бастапқыда философия құрылымында дами бастады.
Орта ғасырлық догматизм салдарынан дамуы тежелген гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының қайта жандану себептері, педагогиканың ғылым ретінде қалыптасуына маңызды әсерін тигізген.
Қайта өрлеу дәуірінің Э.Роттердамский, Т.Мор, Ф.Рабле, В.Фельтре, М.Монтень және т.б. ойшылдар негізін салған гуманизм идеясы негіз болды.
Педагогика жеке ғылым саласы ретінде философиялық ғылымдар жүйесінен ХVІІ ғ. бөлініп шыға бастады. Ағылшын философы, жаратылыстанушы, педагог Френсис Бэкон, 1623 жылы «Ғылымның қадір қасиеті және жетілуі» атты трактатында ғылымдар құрылымында педагогиканы жеке бір ғылым саласы ретінде көрсетті.
Педагогиканың прогрессивті идеяларының түпнұсқасы болып табылатын «Ұлы дидактика» еңбегінде чех ғалым-педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670) дидактиканың әдіснамасын ұсынды, сөйтіп педагогиканың ғылыми негізін қалады. Оның дидактикалық принциптері (көрнекілік, дәйектілік, еліктеу, жаттығу) табиғат заңдарын ой елегінен өткізуді, таным мен білімді ұғымды түрде ұштастырып, баянды етуді көздеді.
Ресейдегі педагогиканың дамуы Константин Дмитриевич Ушинский атымен байланыстырылады. Орыс педагогикасының негізін салушы К.Д.Ушинский Я.А.Коменскийдің прогрессивті педагогикалық идеяларын жалғастырып, орыс мектептерінің тәжірибесіне енгізді. Оның дидактиканың әдіснамасына қосқан үлесі зор.
Түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі.
Қазақстанда педагогикалық ой-пікірдің дамуы Әл-Фараби, Әл-Бируни және басқа Орта Азиялық ойшылдардың тәлімдік ойларымен байланыстырылады. Отандық ғалым Карылғаш Амангельдиновна Сарбасова өзінің «Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері» атты педагогикалық еңбегінде Әл-Фарабиді педагогиканың негізін салушы ретінде ұсынады және оған дәйек ретінде ғұлама-ойшылдың идеяларын алға тартады.
Қазақстандағы педагогикалық ойлардың дамуы ұлы ойшылдар (Ж. Баласағүн, М. Қашқари, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин. А. Құнанбаев, Ж. Аймауытов және т.б.). Бұл ойшылдардың еңбектері мен ойлары олардың беделі сияқты әртүрлі тарихи кезеңдерде қазақ халқын оқыту мен тәрбиелеуде қозғаушы күшке тең болды.
Қазақ халқының мәдениеті мен ағарту тарихынан көрнекті орын алатын қайраткер, халқымыздың мақтанышы, демократ-ағартушы тұңғыш педагог, ақын - жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) – орыс - қазақ оқу - ағарту саласының негізін салушылардың бірі.
Ы. Алтынсарин оқыту әдістерін баланың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздей отырып құрды. Мектеп оқуында, ана тілін үйретуде ұлы педагог К.Д. Ушинскийдің терең ойларын басшылыққа алды.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының өзіне тән ұлттық-тәрбие процесстерін ағарту ісімен ұштастыра отырып, бүгінгі педагогика саласындағы бірнеше бағыттардың негізін салды. Халықтың ұлттық тәлім-тәрбиесі негізінде ол Қазақстандағы ұлттық мектептердегі оқыту ісінің әдістемесінің іргетасын қалады.
Жоғарыда аталған педагогиканы қалыптастырған дана тұлғалардың ерен еңбектері арқасында жоғары мектеп педагогикасын дамыту мәселесі орын алды.
Жоғары мектеп педагогикасы дегеніміз ол – тәрбие заңдылықтарының ұстанымы мен жоғары оқу орындарындағы жоғары білікті маман иесін даярлайтын ғылым саласы.
Оның басты міндеті – қазіргі ғылым мен тәрбиенің қол жеткізген жетістіктері негізінде мамандарды кәсіби іс-әрекетке даярлау болып табылады.
ХІІ ғ. - XIV ғ. аралығында Болонья мен Парижде, Испания мен Португалияда, Прага мен Краковта алғашқы университеттердің пайда болуымен қатар жоғары мектептің педагогикалық идеялары дами бастады: дәріс арқылы оқыту, оқу пікірталастары, тәжірибелік жұмыстар, оқытудың догматикалық және сократтық стильдері және т.б.
Қайта өрлеу дәуірінде жаңа университеттер ашылып, сонымен қатар жаңа идеялар қалыптасып дами бастады.
Витторино де Фельтренің гуманистік педагогика қағидалары, Франсуа Рабленің жан-жақты білім беру, оқудағы схоластиканы жеңу, білім алушылардың дербестігі мен шығармашылығын дамыту, Томас Мордың жаппай білім беру, оның өмірмен байланыстылығы, ғылымилығы, өз бетімен білім алу туралы.
Жоғары мектеп педагогикасының қалыптасуында Я.А. Коменскийдің «Академия» еңбегіндегі оқытудың қағидалары мен әдістері (студенттерге адамзатта бар білімді меңгерту, оларға ғылымның негізін үйрету; студенттерді оқытуға тек ғалымдар мен профессорларға рұқсат беру;
академияда барлығына қол жетімді кітапханалардың болуы туралы идеялары маңызды роль атқарған. ).
Дж.Локктың дамыта оқыту, оқытуда жеке-дара тұрғыдан қарау, дербес ойлауды дамыту туралы идеялары, И.Гербарттың оқыту үрдісін басқару, адамгершілік тәрбие, тәрбиелей оқыту, тәрбиедегі талап қоюшылық пен қаталдық туралы идеялары, А.Дистервегтің мұғалімдерді даярлау туралы идеялары ерекше маңызға ие болды.
Ресейде М.В. Ломоносов атындағы университетте оқытылатын бірнеше пәннің оқыту әдістемесін, студенттерді ғылымға қабілеттілігін дамытатын оқулықтарды жасады.
XIX ғ. Ресей университеттерінде оқу мен ғылыми бастамаларының тұтастығы, білімнің тәжірибе қажеттілігімен өмірмен байланыстылығы туралы; педагогтың шығармашылық ойлауының, студенттерді тәрбиелеу ісіне сүйіспеншіліктің маңыздылығы туралы; сабақ берудегі проблемалық тәсілді күшейту қажеттілігі туралы К.Д. Ушинский, НА. Добролюбов, Н.Г. Чернышевский, Н.И. Пирогов, Д.И. Менделеев, К.А. Тимирязев және т.б. идеялары үлкен беделге ие болды.
1917 жылдан кейін және, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жоғары мектеп педагогика саласында Ресейде келесі беделді ғалымдар еңбек етті:
Әдіснамалық-теориялық бағыттағы жұмыстар (А.М. Арсеньев, СИ. Архангельский, Б.С. Гершунский, МА. Данилов, СИ. Зиновьев),
тәрбие мен оқыту теориясы мен тәжірибесін ашатын жұмыстар (ТА. Ильина, Л.И. Рувинский, ВА. Сластенин, Н.Ф. Талызина, Т.И. Шамова және т.б.) ерекше назарға ие.
Қазақстандағы жоғары мектеп тарихы 1917 жылы қазаннан кейінгі бұрынғы КСРО жерінде болған өзгерістердің көрінісі. Тұрғындардың көпшілігіне ғылымның биік шыңына жетуіне жол ашылды, себебі оқудың барлық сатысында тегін білім алуға мүмкіндік болды. Бір ескеретіні, белгілі тарихи және экономикалық жағдайда кеңестік жоғары мектеп өзінің құрылысы жағынан классикалық жоғары білім беру жүйесінен ерекшеленді.
Қазақ қоғамында болған өзгерістерге байланысты педагогика ғылымы: социалистік, коммунистік, демократиялық, гуманистік сипатта дамып отырды.
20-30 ж.ж. отандық педагогика мен мектептегі оқытудың дамуына тарихи-мәдени мұра мен қазақ халқының салт-дәстүрлері тұрғысынан көп үлестерін қосқан қазақтың ағартушы педагогтарының шығармалары жас ұрпақтың бойына ұлттық сана-сезiм көзқарасын қалыптастырды, Олар: М. Жұмабаевтың “Педагогика”, А. Байтұрсыновтың “Оқу құралы”, “Сауат ашқыш”, “Тiл құралы”, Ж. Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекшi”, “Психология”, С.Көбеевтiң, Н.Құлжанованың, М.Әуезовтiң, М.Дулатовтың, Қ.Жұмалиевтiң, Е.Смайыловтың, М.Ғабдуллиннiң, Ә.Марғұланның т.б. еңбектерi болды.
1940 жылдары Раиса Григорьевна Лемберг «Сабақтың құрылымы проблемасы», «Білімді бекіту және сабақтағы біліктілік» және т.б. дидактикалық мәселелерді зерттеді. Ғалымның «Оқыту әдістемесі» және «Дидактикалық очерктер» атты еңбектері отандық педагогика ғылымының дамуына зор үлесін қосты.
Қазақстанда соғыстан кейінгі жылдары педагогика теориясы мен тарихы, жеке әдістеме мәселелері зерттеле бастады. 50-60 жылдардың екінші жартысында педагогика теориясы мен тәжірибесінде жаңа құбылыстар пайда болды. Бұл жылдары Қазақстанда тарихи-педагогикалық зерттеулердің қарқынды өсуі байқалады, олар:
1) Педагогика ғылымы саласында Қазақстандағы тұңғыш доктор және академик, Алаш қозғалысы қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтан білім алған Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаевтың, «ХІХ ғ. екінші жартысындағы Қазақстандағы ағартушылық пен педагогикалық ойлардың дамуы», «Қазақстан мектептері және ағартушылық», «Қазақстандағы педагогикалық ойлар», «Психология и педагогаческая психология К.Д. Ушинского».
2) педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіхамит Ібінияұлы Сембаевтың: «Қазақстандағы кеңес мектептерінің тарихы туралы очерктері»; «Қазақстандағы кеңестік мектептердің даму тарихы».
70-90 жылдары тарихи-педагогикалық жұмыстардың басылымы көбейді.
1968 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевтың «Қазақстандағы психологиялық ойлардың дамуы», 1978 ж. «Революцияға дейінгі Қазақстан педагогикалық ойларының даму тарихы»;
1972 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институттың бірінші ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жаманбайұлы Жаманбаевтың педагогиканың арнайы мәселелеріне арналған «Қазақстандағы жоғары мектеп»;
- 1983 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құнантаеваның «Қазақстандағы әйелдерге білім берудің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту; - 1984 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ауданбек Көбесовтың «Әл-Фарабидің педагогикалық мұралары» еңбектері басылып шықты.
Педагогика ғылымының дамуына ҚР ҰҒА академик, профессор Ажес Петрович Сейтешев және оның мектебі маңызды үлес қосты. Оның еңбектерінде жалпы білім беретін, кәсіби-техникалық, жоғары мектеп дидактикасы, инженерлік-педагогикалық кадрларды дайындау үлкен теориялық-тәжірибелік мәнге ие.
Бірінші сұрақты қортындылай келе, осы жалпы педагогикалық жұмыстардың мазмұны мен қорытындылары жоғары мектеп педагогикалық идеяларының дамуына маңызды әсерін тигізді. Сөйтіп, ғасырлар бойы дамып келе жатқан педагогикалық идеялар жалпы және жоғары мектеп педагогикасының негізін қалады. Бірақ қоғам дамуының өзгерісіне орай жоғары мектеп педагогикасы да ары қарай зерттеуді және дамытуды қажет етеді.