Алғашқы көрсетілетін көмек: кеуде торына окклюзионды немесе қысып тұратын таңғышты қою керек, ол парадоксальді тынысты азайтады; ауыру сезімін басатын дәрілер енгізіледі. Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, дереу кеңірдектің интубациясын жасап, ӨЖД -ды науқасты тасымалдау барысында жүргізу қажет.
Стационарда ашық пневмотораксты жою керек немесе кеуде торы қаңқасының тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Ол үшін төмендегі әдістердің біреуін орындау қажет: сынған қабырғаның бөліктері арқылы жібек жіпті өткізеді, содан кейін сау қабырғалардың шетіне тіреп, кеуде торына тығыз картонды қояды да, жіптерді осы картон арқылы өткізіп бекітеді немесе сынған қабырғаларды оперативті жолмен тігеді. Егер кеуде торы қаңқасын тұрақтандыру шаралары науқастың жағдайын жақсартпаса, онда оны ӨЖД -ға көшіріп, қақырықты қайта-қайта сорып отырады. ӨЖД ұзақ уақыт жүргізу керек болса, трахеостомия орындалады.
Гемоторакс
Плевра қуысында қанның жиналуын гемоторакс деп атайды. Ол өкпе тамырларының, қабырғааралық тамырлардың және ішкі кеуде артериясының зақымдалуының нәтижесінде болады. Плевра қуысына жиналған қанның көлеміне байланысты кіші, орташа және үлкен гемоторакс болып бөлінеді.
Кіші гемоторакста құйылған қанның мөлшері 500 мл -ден аспайды; орташа гемоторакста – 1000 мл; үлкен гемотораскта – 1000 мл -ден көп болады. Үлкен гемоторакста, бірінші кезекте қансырау белгілері байқалады: тахикардия, ентігу, бозару, АҚ төмендеуі болады. Жергілікті белгілері: зақымдалған аймақтың қабырғааралық кеңістігі шығыңқырайды; зақымдалған кеуде бөлігі тыныс алу актісінен қалып отырады; перкуторлы ұяң дыбыс шығады; аускультативті тынысы бәсеңдейді немесе анықталмайды.
Клиникалық тәжірибеде плевра қуысына қанның ағып тұрғандығын немесе тоқтағандығын білу өте маңызды. Бұл хирургтың қандай ем шарасын қолдану қажет екендігін көрсетеді. Осы сұрақты шешу үшін, Рувилуа-Грегуар сынамасы қолданылады: егер плевра қуысынан пункция кезінде алынған қан ұйымаса, онда қансырау тоқтады деген сөз. Ал егер керісінше қан ұйыса, қансыраудың тоқтамағанының белгісі болып табылады. Гемоторакс кезінде инфекция түсіп, плевра эмпиемасы дамуы мүмкін. Гемоторакстың залалсыз немесе инфицирленгендігін анықтау үшін, Петров сынамасы қолданылады: алынған пунктатты дистиллденген сумен 5 есе сұйылтады. Инфекция болмаса, эритроциттердің гемолизінен кейін, сұйықтық қызыл түске боялып, мөлдірлігі сақталады. Ал инфекция болса, сұйықтық бұлыңғырланып лайланады.
Плевра қуысында ауа да, қан да болса, соңғысы горизонтальді деңгейді құрайды. Мұндай жағдай гемопневмоторакс деп аталады.
Гемоторакс кезінде хирургтың жүргізетін емдеу шаралары: артқы қолтық асты сызығы бойымен 7 -ші қабырға арасында плевральді пункция жасалып, қан толық шығарылады. Содан кейін, кеуде торының бақылау рентгенографиясы жүргізіледі.
Аспирациядан кейін, қан плевра қуысына қайтадан жиналса немесе 2-3 сағаттың ішінде дренажды түтіктен 500-600 мл қан шықса, дереу операция жасау керек.