Есте сақтайтын мәселе – құрсақ қуысынан алынған қанды, тек екі жағдайда ғана реинфузия жасауға болады:
1) қуысты ағза зақымдалмаса, өйткені зақымдалған жағдайда қан инфицирленеді;
2) жарақат алғаннан 12 сағатқа дейінгі қанды реинфузия жасауға болады, себебі осы уақыт өткеннен кейін, қан гемолизге ұшырайды.
Ішкі қуысты ағзалар зақымдалғанда, олардың ішіндегі сұйықтықтар құрсақ қуысына түсіп, оны инфицирлейді. Науқаста жедел перитонит дамиды. Оның клиникалық белгілері: ішінің ауыруы; құрсақтың алдыңғы қабырғасының бұлшықеттерінің қатаюы; тілінің құрғап, тұтықпен қапталуы; бет әлпетінің сүйірленіп өзгеруі; бет терісінің қою-сұр түске боялуы. Іші тыныс алу актісіне қатыспайды, ішектің перистальтикасы анықталмайды. Щеткин – Блюмберг симптомы пайда болады. Құрсақ қуысының жалпы рентгенографиясында диафрагма күмбезінің астында бос газдың белгісі анықталады. Жалпы қан талдауында – лейкоцитоз бен лейкоцитарлы теңдеудің солға ығысуы байқалады. Қуысты ағзаның зақымдалуына күдік туғанда және клиникалық көрінісі түсініксіз болса, диагностикалық лапароскопия немесе лапаротомия орындалады.
ІШАСТАРЫ АРТЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК АҒЗАЛАРЫНЫҢ
Бұл жерде ұйқы безі, 12-елі ішек және тоқ ішектің ішастары артындағы бөлімдерінің, бүйректердің, несепағарлардың және қуықтың жарақаттары туралы әңгіме қозғалады. Бұл ағзалардың ішастарының жыртылуымен қабаттасқан жарақаттары, перитониттің немесе құрсақішілік қансыраудың клиникалық белгілерімен сипатталады. Егер осы ағзалардың жарақаты кезінде ішастары зақымдалмаса, онда ішастары артындағы кеңістіктің гематомасы немесе флегмонасы дамиды.
Бүйректер зақымдалуы мүмкін (соғылу, жыртылу, тамыр шоғырының үзілуі). Бұл кезде зақымдалған бел аймағында ауыру сезімі және ісіну пайда болады, гематурия анықталады. Диагнозды нақтылау үшін, қанның және зәрдің жалпы талдауы, несеп шығару жолдарының жалпы рентгенографиясы, экскреторлы урография, УДЗ және КТ жүргізіледі.
Бүйректің соғылуы мен кішігірім жыртылуын ауруханада консервативті емдейді.
Гематоманың үдемелі ұлғаюы және қансыраудың тоқтамауы – шұғыл операцияның көрсеткіші болып табылады.
Қуықтың жабық жарақаттары, көбіне жамбас сүйектері сынғанда пайда болады. Қуықтың жыртылуы құрсақішілік және құрсақсыртылық болуы мүмкін. Құрсақішілік жыртылуда перитонит дамиды. Осы кезде құрсақтың төменгі бөлімінде ауыру сезімі анықталады, дизурия болады, қуықта зәр болмаса да, жалған шақырулар байқалады. Қуыққа резеңкелі сүңгі түтікті енгізгенде, одан қан шығады.
Қуықтың құрсақсыртылық жарақаттарында қан мен несеп қуықтың айналасындағы шелмайына түсіп, флегмонаның дамуының себепшісі болады. Қуықтың құрсақсыртылық жыртылуының клиникалық белгілері: құрсақтың төменгі бөліміндегі ауыру сезімі; пальпация кезінде шат үсті аймағының ауыруы; макрогематурия; жиі императивті, бірақ нәтижесіз зәр шығаруға шақыру сезімі. Ретроградты рентгеноцистограммада контрасты заттың қуық айналасындағы шелмайына шыққандығы анықталады. Қуықтың жыртылуында шұғыл түрде операция жасау керек – қуық жарығын тігу: (екі қатарлы түйінді тігіспен, сіңетін тігіс жіптерді пайдаланып, шырышты қабыққа өтіп кетпей, тігу керек). Операция эпицистостома немесе Фолея сүңгі түтігін 1,5-2 аптаға орнатумен аяқталады.
Достарыңызбен бөлісу: |