Буын шыққанда көрсетілетін алғашқы көмек: анальгетиктерді енгізу; иммобилизация жасау; ашық буын шығуында асептикалық таңғыш салу.
Сурет 13.3. Қолдың мәжбүрлік қалпы мен деформациясы
Буынның шығуын емдеу
Стационарда шыққан буынды орнына салу жергілікті және жалпы жансыздандырумен жүзеге асырылады. Буынның шығуы жаңа болса, жергілікті жансыздандыруды қолданады: Sol. Novocaini 2% – 40 мл -ін зақымдалған буынға енгізеді. Сан сүйегі шыққанда, асқынған және ескірген буын шығуында жалпы жансыздандыруды пайдаланады.
Емдеу кезінде үш міндет орындалады: шыққан буынды орнына салу, салынған сүйекті қалыпты жағдайда ұстап бекіту, еңбекке жарамдылығын тездету.
Бірінші міндеті – шыққан буынды орнына салу барысында, сүйектің басы буын сайына түскенде, «сырт» еткен дыбыс шығады, бұл сүйектің орнына түскендігіне ешқандай күмән келтірмейді. Науқас осы кезде өзін жеңіл сезінеді, деформация жоғалады, белсенді және енжар қимылдарды жасау мүмкіндігі туады. Түзету жасалғаннан соң, рентгенологиялық бақылау міндетті түрде жүргізілуі тиіс.
Төменде жиі қолданылатын иық, жамбас-сан және төменгі жақтың шыққан буындарын орнына салу әдістері көрсетілген.
Кохер әдісімен иық буынын орнына салу (түзету)
Науқасты орындыққа отырғызып, жансыздандырады. Дәрігер буын шыққан жағында, науқасқа қарама-қарсы тұрып, буынды түзетудің төрт кезеңін жүзеге асырады.
Бірінші кезең. Дәрігердің көмекшісі қолтық астынан өткізілген орамалмен немесе ақ жаймамен науқастың иық белдеуін қозғалтпай ұстап тұрады. Хирург бір қолымен иықты шынтақтың үстінен, ал екінші қолымен білезік буынынан ұстайды. Науқастың қолын тік бұрышпен шынтақ иінінде бүгеді. Бұлшықеттің серіппелі қарсыласуын жеңе отырып, иықты төмен тартады да, науқастың шынтағын денесіне жақындатып ұстайды. Бұл кезде иық сүйегінің басы сыртқа қарай бұрылады.
Екінші кезең. Науқастың денесіне қысылған иықты, хирург білегінен тартып, сыртқа қарай алақаны дененің фронтальді жазықтығына теңескенге дейін айналдырады. Бұл кезде иық сүйегінің басы жауырынның буын бетіне қарама-қарсы орналасады. Екінші кезеңді орындағанда, буын түзелуі мүмкін. Бұл кезде «сырт» еткен дыбыс естіледі.
Үшінші кезең. Тарту күшін әлсіретпей, хирург ақырын ғана шынтақты дененің ортаңғы сызығына дейін және аздап жоғары жылжытады. Мұндай қозғалыста иық сүйегінің басы, әдетте буын қапшығының жыртылған орнына қарама-қарсы орналасады.
Төртінші кезең. Жылдам қимылмен, хирург білекті ішке қарай қозғалтып, науқастың кеудесіне зақымдалған қолдың алақаны сау иықтың үстінде орналасатындай етіп, жатқызып қояды. Осы кезде иық сүйегінің басы өзінің орнына келеді. Егер сүйек орнына түспесе, барлық кезеңдерді осы тәртіппен қайталайды.
а б
в г
Достарыңызбен бөлісу: |