Созылу мен жыртылудың емі: Ауыру сезімін басу, қысып тұратын таңғышты салу, зақымдалған аяқ-қолды иммобилизациялау, жергілікті – суық басу. Буын байламдары созылғанда 8-12 күнге дейін гипс таңғышы салынады. Ұзақ уақытқа салынса, физиотерапия тағайындалады. Шандырдың жыртылуын тігу, тек бұлшықеттің қызметі бұзылғанда ғана орындалады. Егер бұлшықеттің жыртылуы толық емес болса, консервативті ем жүргізіледі: тыныштық жағдай жасау; қысып тұратын таңғышты салу; кейінірек – компресстер, массаж, физиотерапия тағайындалады. Бұлшықет толық жыртылса, оны хирургиялық жолмен тігіп, 3 аптаға иммобилизация жасайды, кейін – массаж, емдік дене шынықтыру тағайындалады. Үзілгенінен ұзақ уақыт өткен, бұлшықет ұштарының семуі анықталатын жыртылуларды пластикалық заттарды (санның кең шандырын, лавсан ленталарын) қолданып, жалғастыруға болады. Сіңірдің жыртылуында хирургиялық ем қолданылады. Үзілген сіңірдің ұштарын бір-біріне жалғап тігеді де, 4-6 аптаға гипс таңғышымен бекітеді. Тізе буынының жедел бөгетінде мениск үзілген жағдайда, оны жабық түрде қолмен түзеп, буынды 5-10 күнге гипс лонгетасымен таңып қояды. Тізе буыны қайтадан бөгеліп, ауыру сезімі мен қызметінің бұзылуы байқалса, оперативті ем қолданылады: менискіні және оның бөлшектерін алып тастайды. Тізе буынының сыртқы байламының толық емес жыртылуында, консервативті ем тағайындалады: буын қуысына пункция жасап, сұйықтықты шығару; иммобилизация. Толық жыртылған жағдайда, оперативті ем жүргізіледі. Крест тәрізді байламдардың жыртылуы, тек қана хирургиялық жолмен емделеді – байламдардың пластикасы жасалады.
Ұзақ қысылу синдромы (синонимдері: жарақаттық токсикоз, «краш – синдром») – жұмсақ тіндердің ұзақ уақыт (4-8 сағаттан артық) қысылуымен сипатталатын ауыр жарақат болып табылады. Негізгі патогенетикалық факторы – токсемия. Ол зақымдалған жасушалардың ыдырау өнімдерінің қан арнасына түсуінің салдарынан пайда болады және олар ҚШҰ синдромының дамуының себепшісі болады. Ұзақ қысылу синдромының патогенезінде плазманың жоғалуының да маңызы өте зор. Ол зақымдалған аяқ-қолдың ісінуінің салдарынан болады. Сонымен қатар, ауыру сезімдік тітіркенулер ОНЖ -ң қозу және тежелу үрдістерінің тепе-теңдігін бұзып, аурудың ағымын үдете түседі.