Жіктелуі
XXVII Бүкілодақтық хирургтар съезінде күйіктің 4 дәрежелік жіктелуі қабылданды:
I дәреже – беткей эпидермальді күйік (терінің қызаруы мен ісінуі, тұрақты артериальді гиперемия).
II дәреже – терінің жоғарғы қабатының күйігі (мөлдір сары түсті сұйықтыққа толған көпіршіктер пайда болады, эпидермис ажыраған).
IIIА дәреже – дермальді күйік. Меншікті терінің зақымдалуы, бірақ барлық қабаттары өзгеріске ұшырамаған, өсу қабаты мен тері қосалқылары сау қалады.
IIIB дәреже – күйік терінің барлық қабаттарына тараған, өліеттенген қабыршақ түзіледі. Кейбір жағдайларда тері асты шелмайы да зақымдалуы мүмкін.
IV дәреже – терімен қоса, меншікті шандырдан терең орналасқан тіндер де өліеттенеді – бұлшықеттер, сүйектер, сіңірлер, буындар.
Күйікті емдеудің ерекшеліктеріне байланысты және болжамына қарай, оларды екі топқа бөледі. Бірінші топқа беткей орналасқан (I, II, IIIА дәрежелі) күйіктер жатады. Екінші топты – терең (IIIB және IV дәрежелері) күйіктер құрайды, бұл кезде теріде өздігінен регенерация болмағандықтан, операция жолымен ғана қалпына келтіруге болады.
Сурет 13.20. Күйік кезінде тіндердің зақымдалу тереңдігін анықтау
Тік бағытта: 1) эпидермис; 2) дерма; 3) тері асты шелмайы; 4) бұлшықет; 5) сүйек.
Көлденең бағытта рим сандарымен күйіктің дәрежесі белгіленген
Күйіктің көлемін бағалау
Күйіктің көлемін анықтау үшін, әртүрлі әдістер қолданылады. Ю.Ю.Джанелидзе, Г.Ю.Вилявин, Б.Н.Постников және т.б. ұсынған кестелер мәлім.
Күйік көлемін анықтаудың тиімді, әрі қарапайым тәсілдері: А.Walace -тің «тоғыздық ережесі» және «алақан ережесі», бұл кезде алақанның көлемі дене бетінің 1% -ын құрайды.
«Тоғыздық ережесінде» әрбір анатомиялық аймақ 9% -ға тең: басы мен мойны – 9%; тұлғасының алдыңғы және артқы беттері – әрқайсысы 18%; әрбір қолы – 9%; әрбір аяғы – 18%; бұтаралығы мен сыртқы жыныс мүшелері – 1%. Б.Н.Постников әдісімен күйіктің көлемін дәл анықтауға болады. Күйіктің бетін, залалсыз целлофанмен жауып, күйіктің шекарасын сызып белгілейді. Содан кейін, целлофанды миллиметрлік қағазға қойып, күйіктің көлемін шаршы сантиметрмен есептейді.
Арнайы кестемен күйіктің көлемі мен жалпы дене бетінің көлемінің пайыздық ара-қатынасын есептеу жеңілірек болады.
Адам денесінің жалпы бетінің орташа көлемі – 16 000 см2. Балаларда күйіктің көлемін анықтау үшін, арнайы кесте ұсынылған, онда бала жасына байланысты дене бөліктерінің ара-қатынасы есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |