Септикотоксемия сатысы – күйік ауруының үшініші сатысы болып табылады, ол екі кезеңге бөлінеді: біріншісі – қабыршақ түсе бастағаннан бастап жара толық тазарғанға дейінгі кезең, 2-3 аптадан соң дамиды; екіншісі – грануляциялар пайда болғаннан бастап жара толық тартылып, жазылғанға дейінгі кезең. Септикотоксемия сатысының басталуы, өліеттенген тіндердің жарадан ажырай бастау уақытымен сәйкес келеді. Клиникалық көрінісі жаралық үрдістің сипатына байланысты дамиды. Науқастың жағдайы ауыр, дене қызуы өте жоғары болады. Жиі жағдайда токсикалық гепатит пайда болады. 70% науқастарда бактериемия байқалады. Бүйректердің қызметінің бұзылуы өрши түседі – зәрде альбуминурия, сілтіленген эритроциттер, түйіршікті цилиндрлер пайда болады. Қанның құрамында гемоглобиннің мөлшері төмендейді, лейкоцитоз бен нейтрофилез өседі.
Реконвалесценция (жазылу) сатысы – бұзылған қызметтер бұрынғы қалпына келеді, ол 2-4 жылға созылады. Бұл мерзім аяқталса да жүректің, бауырдың, әсіресе бүйректердің қызметінің өзгерістері сақталуы мүмкін. Күйік ауруынан жазылып шыққан науқастар диспансерлік бақылауда болуы керек.
Күйікте көрсетілетін алғашқы көмек
Оттың жалынын өшіріп, жарақаттанған адамды кауіпті аймақтан шығарғаннан кейін, алғашқы көмекті ұйымдастыру қажет. Тіндердің гипертермиялық мерзімін қысқарту үшін және соған байланысты күйіктің тереңдігін азайту үшін, күйген аймақты суық сумен шайып немесе мұздатқыш заттарды қойып, салқындату керек. Жалпы қызуды басу үшін, киімнің түймелерін ағытып немесе оны шешіп, науқастың басына мұз немесе суық компрессті қойған жөн. Күйік жарасына залалсыз құрғақ таңғыш қойылады. Залалсыз таңғыш табылмаса, кез-келген таза матаны пайдалануға болады. Күйік жарасына ешқандай шаралар жүргізілмеуі тиіс, себебі олар ауыру сезімін күшейтіп, жарақаттанған адамның жалпы жағдайының нашарлауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қолдары күйген жағдайда жүзіктерді шешіп тастаған жөн. Күйген аймақтағы киімді шешуге болмайды, оны тігісінен ажыратып, абайлап алып тастайды. Ауыру сезімін басатын дәрілерді міндетті түрде енгізу керек. Жанған оттың улы өнімдерімен уланғанда және тыныс алу ағзалары зақымдалғанда, біріншіден таза ауаның түсуін қадағалау керек. Тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіру қажет (тілдің артқа ығысуын жою, ауызды ашу және ауа өткізетін түтікті салу керек).
Достарыңызбен бөлісу: |