Қосарланған әдіс – жабық және ашық әдістерді бірінен кейін бірін жүргізеді. Сонымен қатар, жартылай ашық әдісті қолдануға болады. Бұл әдісте дәріге малынған дәкелік таңғыштарды жараның бетіне қойып, оны бекітпейді.
Терең күйіктерде терінің өліеттенген қабаттары алғашқы сағаттарда-ақ зақымдалған бетті қаптайды. Ылғал қабыршақ түзілсе, ол көптеген микробтармен инфицирленіп, сепсистің дамуына себепші болуы мүмкін. Күйік жаралары АТҚ -да немесе ультракүлгін сәулелермен құрғатылады. Жергілікті ем жүргізу үшін, антибиотиктер мен сульфаниламидтер қолданылады.
Терең күйіктік қабыршақ ыдыраған кезде аррозивті қансыраудың, буындар мен қуыстардың ашылу қаупі тууы мүмкін. Сондықтан, некрэктомияны 4-7 -ші күннен бастап, ерте орындайды. Некрэктомиядан соң пайда болған үлкен көлемді ашық жараны тері трансплантатымен жабады. IIIB дәрежелі күйіктердің көлемі 100 см2аспаса ғана, өздігінен жазылуы мүмкін. Жақсы нәтижеге аутотрансплантация жасағанда жетеді. Үлкен көлемді күйіктіктерде арнайы өңделген және консервіленген мәйіттің терісін қолдануға болады (аллотранспалантация). Кейбір жағдайларда жараның бетін ксенотерімен уақытша қаптайды немесе брефопластиканы (эмбрионның терісін) пайдаланады. Бұл плазманың жоғалуының алдын-алады. Осы мақсатпен жасанды теріні де қолдануға болады. Ол коллаген қабатынан және селиконды пленкадан тұрады және ауа өткізетін қасиеті бар, бірақ бұл қабаттан бактериялар өте алмайды. Сонымен қатар, науқастың терісінен жасанды өсіру әдісімен алынған эпителий қабатын да жараның бетіне қондыруға болады.
Қазіргі кезде терең, бірақ шектелген күйіктерде жараны біріншілік эксцизия жасап, теріні қондырады. Эксцизияны күйгеннен соң, 4-7 күндері орындайды, ал теріні 2 аптаның ішінде қондырады. Бұдан басқа да операциялар жүргізіледі. Мысалы, тыныс алу жолдары күйіп, көмекей ісінсе, трахеостомия жасалады; қол басының терең күйіктерінде және оның қатты ісінуі кезінде – тіндердің үдемелі өліеттенуінің алдын-алу үшін және контрактураға жол бермеу үшін, шандырмен қосып терең тіліктер орындалады. Аяқ-қолы көмірленіп күйсе, ампутация жасалады.