Химиялық күйіктер
Олар 4 дәрежеге бөлінеді. Химиялық күйіктер жаралық үрдістің торпидті ағымымен ерекшеленеді және химиялық заттың әсерінен дамитын тіндердегі үлкен зақымдардың салдарынан болады.
I дәрежелі химиялық күйіктердің ағымы қолайлы болады, іріңдеу мен инфекциялық асқынулар дамымай жазылады. Ісіну 3-4 күннің ішінде қайтады.
Қышқылдардың әсерінен болған II дәрежелі күйікте, жараның іріңдеуі басталғанға дейін, өліеттенген эпидермистің түрі өзгермейді. 3-4 күндері эпидермис ажырап, оның орнында пигментсіз қызғылт түсті аймақ пайда болады.
Сілтілермен күйгенде және іріңдеу үрдісі дамымаған жағдайда, жұмсақ қабыршақ 2-3 күннен кейін қатаяды, қою-қоңыр немесе қара түсті болады. Көп жағдайда қабыршақ іріңді ыдырауға ұшырайды және 3-4 күннен кейін, өліеттенген тінмен жабылған іріңді жара пайда болады.
Қышқылдардың әсерінен болған III, IV дәрежелі күйіктерде, өліеттенген қабыршақтың ажырауы 20-25 күндері басталып, 1 аптадан 4 аптаға дейін созылады. Осындай тереңдіктегі сілтілік күйіктерде, жара өліеттенген тіндерден 3 -ші аптаның аяғында 4 -ші аптаның басында тазарады. Бұндай күйіктер жазылғанда, оның орнында гипертрофиялық және келлоидты тыртықтар қалады.
Үлкен көлемді жараларға консервативті ем қолданылған болса, онда олар көп уақытқа дейін жазылмайтын жараға немесе трофикалық ойыққа ауысады.
Қышқылдар мен ауыр металлдардың тұздары тіндермен тез байланысады, олардан суды өздеріне сіңіріп, белоктарды ұйытады. Бұл кезде коагуляциялық өліеттену пайда болады.
Сілтілер (каустикалық сода, калий гидроксиді және т.б.) тіндерден сұйықтықты сіңіріп, белоктарды ыдыратады және майларды ерітеді. Сілтілер белоктарды ұйытпайды. Қабыршақ қалың, бозғылт түсті, жұмсақ және борпылдақ болады. Оны алып тастаған жағдайда жараның қансырауы байқалады. Сілтілер колликвациялық өліеттенуді шақырады. Белоктардың ыдырауының нәтижесінде улы өнімдер пайда болады, олар жалпы интоксикацияны тудырады.
Құрамында фосфоры бар заттардан (фосфор, напалм, пирогель) пайда болған күйіктер өте терең болады, себебі тінге түскеннен кейін де, олардың жануы жалғаса береді. Бұндай күйіктердің өзіндік спецификалық иісі болады, кейде оны сарымсақтың иісіне ұқсастырады. Жараның беті лас-сұр түсті қабықпен қапталған. Жергілікті өзгерістерден басқа дененің жалпы улануын да шақырады. Сондықтан, 2-3 тәуліктен кейін, науқастарда жедел бауыр-бүйрек қызметінің жетіспеушілігі дамиды.
Иприт – терінің бетінде 2 минутқа дейін тұрады, содан кейін сіңіп, майда ериді де, жасушаларға енеді. Иприт теріге түскеннен кейін, бірнеше сағаттан соң терілік эритема пайда болады, ал 24-48 сағаттан кейін, серозды сұйықтығы бар көпіршіктер түзіледі. Сонан соң, иприттің концентрациясына байланысты жара бір аптаның ішінде жазылуы мүмкін, не терең өліеттенуді тудыруы мүмкін, не болмаса ойық-жара дамиды. Иприт жараға түсетін болса, оның бетінде дақ пайда болады және қыша немесе күйген резеңке тәріздес иіс шығады. Жараның айналасы ісінеді, көпіршіктер түзіледі, жара өліеттенген тіндермен қапталады. Бұл жалпы белгілердің дамуымен қатар жүреді: әлсіздік, бастың ауыруы, бастың айналуы, құсу; кейбір жағдайларда кома дамиды және өлімнің себебі болуы мүмкін.
Химиялық күйіктерде алғашқы көмек өте тез жүргізілуі қажет. Оның мақсаты – химиялық заттардың әсерін тоқтату болып табылады. Ол үшін жараның бетін ағынды сумен 10-15-40 минут жуу керек. Содан кейін, бейтарапқыш ерітінділерді пайдаланады:
қышқылдармен күйгенде – натрий гидрокарбонатының 2% ерітіндісімен немесе натрий тиосульфатының 5% ерітіндісімен жуады;
сілтілермен күйгенде – сірке, бор немесе лимон қышқылдарының 1-2% ерітінділері қолданылады;
фосформен күйгенде – мыс купоросының, калий перманганатының 5% ерітінділерін, соданың 2% ерітіндісін пайдаланады;
иприттің тамшыларын тері бетінен мақтамен сүртіп алады да, хлорамин спиртімен (10% хлорамин ерітіндісі 70% этанол ерітіндісінде сұйылтылған) немесе калий перманганатының 0,1-0,2% ерітіндісі мен күкіртсутекті спиртпен өңдейді.
Өңеш пен асқазанның шырышты қабықтарының күйіктері жоғары концентрациялы химиялық ерітінділерді ішкенде дамиды. Мұндай күйіктердің нәтижесінде тыртықтар, стриктуралар пайда болады және оларды операциялық жолмен ғана емдеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |