«Қорқыныш пен абыржу» деп аталатын еңбегінің алғы сөзінде Кьеркегор адамзат ақыл-ойының мыңдаған жылдар бойы жинаған жетістіктеріне мектеп табалдырығынан бастап-ақ күмәнмен қарайтын «алыпсатар тіркеушілерді», алыпсатар философияны қатаң сынның астына алады. Өздерінің «танымын» сенімнен бастайтын олар, «қас қағым сәтте» оны кері ысырып қойып, Декарт сияқты атақты адамдарға иек арту арқылы барлығына күмән туғызуын жалғастыра береді деді. Бұл айтқан пайымдауларынан Кьеркегордың заманауи көзқарасын көруге болады: ол танымда бос әурешілікке, талғаусыздыққа және асығыстыққа жол берілмейтінін, адамның шынайы болмысы мен биік мақсаттары барын ескертеді.
«Қорқыныш пен абыржу» шығармасының сюжеттік желісі Авраам хақындағы көне тағылымды өсиет әңгімелерден құрылған. «Құдай адамды еліктіріп, азғырды... Құдай Авраамға: өзіңнің сүйікті жалғыз ұлың Исаакты ал да, Мориа жеріне бар, ол жерде Мен айтқан тауға барып, ұлыңды отқа жақ» деді» (қараңыз. Болмыс 22.1-2). Авраамның әрекеті этикалық жағынан алғанда өз ұлын өлтіру болып есептелгенмен, діни жағынан оны құрбандыққа шалу болып саналады.
Кьеркегор Авраамның әрекетінің себебін жақын түсіну үшін жанының қозғалысын бақылауға тырысады. Құдай Исаакты иә босатады, иә болмаса «құрбандыққа кеткен Исаактың орнына Жаңа Исаакты» береді деп сенді. Кьеркегор Авраамды нағыз сенімнің серісі ретінде бейнелейді. Сенімнің серісі өзін-өзі талай рет құрбандыққа шалу арқылы өзінің ішкі тілек-қалауын рухани жүзеге асырады, сөйтіп сенім арқылы шексіздікке қол жеткізеді. Шын мәнісінде, адам сенім арқылы «шексіздік алдында өзінің шектеулілігінен» туған сезімді жеңіп, мойынсұнады. Осылайша, Авраам хақындағы оқиғаларда сенім парадоксы және оның мәні ашылады: «сенім парадоксы мынада: ішкі дүние сыртқы дүниеден де жоғары» деп көрсетті.
«Қорқыныш пен абыржу» еңбегіндегі Кьеркегордың көтерген екінші мәселесін былайша беруге болады: «Құдайдың алдында абсолюттік парыз болу мүмкін бе?». Бұл жерде де парадокс туындайды. Этика – жалпыға ортақ, сол сияқты Құдай турасындағы ойлар да жалпыланған. Сондықтан кез келген парыз түптің-түбінде Құдай алдындағы парызың болып саналады. Жақын адамды сүю әр адамға парыз – сол сияқты Құдай алдындағы да парызың. Алайда адам бұл жерде Құдаймен қарым-қатынасқа түспейді, ол өзіне жақын адамымен қатынасады. Сол себепті кімде-кім Құдайды сүю менің парызым десе, ол қайталанғандық болып есептеледі («майлы май» деген сияқты қайталау болады). Бұл жерде этика назардан тыс қалды деген ой туындауы мүмкін, алайда бұл олай емес. Сенім арқылы этика басқаша, терең сипат алады.
Кьеркегор өзінің шығармашылығында әр адамның бойында болатын қорқынышқа, оның мәніне христиандық тұрғыдан түсінік береді. Осы мәселеге арналған «Қорқыныш туралы түсінік» деген еңбегі жарық көрді. Формасы жағынан дидактикалық туынды. Ол осы шығармасын кекесінмен жазылған шығармаларының ішіндегі «ең жеңіл ұғынылатыны» деп көрсетеді. Онда қорқынышқа бастау болған алғашқы күнә туралы мәселе қарастырылады. Құдайдың пендесі Адамның күнәсі арқылы күнә әлемге енді, ал әр адамның күнәсі арқылы қорқыныш әрбір индивидтің санасына енеді. Бірақ қорқыныш күнәға әкелуі де мүмкін. Ең алғашқы күні – Адамның жасаған күнәсі қорқынышпен бірге өлімге баратын жолды да айқындады.
Кьеркегордың философиясы ХХ ғасырда ғана қайта жаңғыра бастады. Дат философының ойлары Мартин Хайдеггердің, Карл Ясперстің, Лев Шестовтың, Жан Поль Сартрдың, Альберт Камюдің шығармашылығына зор әсер етті. Оны өмір философиясының және «экзистенциализм бастауларының» жаршысы болды деуге әбден болады.