Бұл түні не істеу қажет? Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:
- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (С.Ә.С) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (С.Ә.С) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (С.Ә.С) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.
- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:
1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.
2.Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.
3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.
- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (С.Ә.С) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.
Бәрат түні Бәрат түні – Шабан айының 15-ші түні. Құран кәрім Ләухул махфузға осы түні түсті. Аллаһу та’ала бұрын ешнәрсе жаратпастан бұрын жарататын нәрселерінің барлығын қалады. Олардың бір жыл ішінде болатындарын осы түні періштелерге білдірді. Бұл түн рақымдылық есіктері ашылып, дұғалар қабыл болатын төрт түннің бірі. Расулуллаһ бұл түні көп ғибадат жасап, дұға оқитын. «Аллаһуммәрзуқнә қалбән тақийән минәш-ширки бәрийән лә кафирән уә шақийән» дұғасын көп оқитын еді (Риад-ун-Насихин). Шабан айында ораза тұту үлкен сауапты іс.
Хадис шәрифтерде былай делінген: