Толық серiктестiк туралы негiзгi ережелер 1. Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады.
2. Азамат бiр ғана толық серiктестiктiң қатысушысы бола алады.
Толық серiктестiктiң жарғылық капиталы
1. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары белгiлейдi, бiрақ ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Толық серiктестiктiң iсiн жүргiзу 1. Толық серiктестiктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiнде шешiм барлық қатысушылардың жалпы келiсiмi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысының бiр даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн.
2. Толық серiктестiктi баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып басқаруды толық серiктестiктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртiбi және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Толық серiктестiкке қатысушының қалған қатысушылардың келiсiмiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серiктестiк қызметi мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серiктестiкке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы.
4. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi.
5. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушыны, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серiктестiктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Толық серiктестiкке қатысушы үлесiнiң үлесiнiң бiр бөлiгiнiң) ауысуы 1. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келiсiмiмен ғана беруiне болады.
2. Үлес (үлестiң бiр бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бiрге толық серiктестiктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады.
3. Толық серiктестiктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серiктестiкке кiре алады.
4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серiктестiк алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серiктестiктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серiктестiк қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.
5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкiндегi үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi.
Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серiктестiк мүлкiнiң мөлшерi азайтылады, бiрақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
Толық серiктестiктi тарату 1. Толық серiктестiк Кодекстiң 49-бабында аталған негiздерден басқа серiктестiкте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай iшiнде серiктестiктi қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.
2. Толық серiктестiкке қатысушылардың қайсы бiреуi шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бiрi хабар-ошарсыз кеттi, әрекет қабiлеттiгi жоқ немесе әрекет қабiлеттiгi шектеулi, не банкрот деп танылған немесе несие берушi бiр қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесiне сәйкес келетiн мүлкiнен ақы өндiрiп алған реттерде, егер ол серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келiсетiн болса, серiктестiк өз қызметiн жалғастыра бередi.
3. Егер қатысушылардың бiрi осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша серiктестiктен шығып кетсе, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейедi.
Сенiм (коммандиттiк) серiктестiгi Сенiм серiктестiгi туралы ережелер
1. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенiм серiктестiгi деп танылады.
2. Сенiм серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бiр ғана сенiм серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенiм серiктестiгiндегi толық серiктес толық серiктестiктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенiм серiктестiгiне осы Кодекстiң сенiм серiктестiктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы 1. Сенiм серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2. Сенiм серiктестiгi салымшысының:
1) серiктестiк таза табысының жарғылық капиталдағы өзiне тиесiлi үлесiн құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша алуға;
2) серiктестiктiң қаржылық есеппен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн заң құжаттарында және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша басқа салымшыға немесе үшiншi жаққа беруге құқығы бар. Салымшының өз үлесiн басқа бiреуге түгелдей беруi оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады;
4) заң актiлерiнде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серiктестiктен шығуға.
3. Егер салымшы сенiм серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксiз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серiктестiк мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы 1. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенiм серiктестiгi мүлкiндегi үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенiм серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
3. Сенiм серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенiм серiктестiгiн таратуға негiз болады.
Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенiм серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенiм серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртiбiн олар толық серiктестiк туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенiм серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенiмхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенiм серiктестiгi салымшыларының серiктестiк iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.
Сенiм серiктестiгiнiң тоқтатылуы 1. Сенiм серiктестiгi оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серiктестер сенiм серiктестiгiн таратудың орнына оны толық серiктестiк етiп қайта құруға құқылы. Сенiм серiктестiгi толық серiктестiктi тарату үшiн көзделген негiздер бойынша да таратылады.
2. Салымшылар сенiм серiктестiгi таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiнгi қалған серiктестiк мүлкiнен салымдарды алуға толық серiктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенiм серiктестiгiнiң бұдан кейiнгi қалған мүлкi толық серiктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе олардың серiктестiк мүлкiне қосқан үлесiне қарай бөлiнедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
5.алынып тасталды 6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы 1. Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару
1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртiбi осы Кодекске, заң актiлерiне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) атқарушы органның мүшелерін (мүшесін) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекiту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекiту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекiту;
9) Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бiрi банкрот болған жағдайда оның серiктестiк мiндеттемелерi жөнiндегi жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртiбi көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
Акционерлiк қоғам