Замана кейіпкерлері


ƏДЕБИЕТ ТАРИХЫНЫҢ БІЛГІРІ



Pdf көрінісі
бет2/107
Дата10.04.2023
өлшемі0,75 Mb.
#80799
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107
Байланысты:
full

ƏДЕБИЕТ ТАРИХЫНЫҢ БІЛГІРІ
Дүние жүзіндегі барлық өркениетті елдерде белгілі тари-
хи тұлғалардың, атақты ақын-жазушылар мен ғалымдардың, өнер 
қайраткерлерінің есімдерін қадыр тұтып, есте қалдыру дəстүрі бар. 
Бұл игі дəстүр кешегі кеңес заманында да сақталды. Қазақстан 
тəуелсіздік алған кезден бері біздің мемлекетімізде де елімізге еңбегі 
сіңген, республикамыздың экономикасы мен мəдениетінің, ғылымы 
мен əдебиетінің, өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар 
ұмытылмай, олардың ғылыми-шығармашылық мұрасы зерттеліп 
жариялану үстінде, мерейтойлары аталып, əртүрлі іс-шаралар 
өткізілуде. Осының өзі еліміздің руханият саласына жете көңіл 
бөлетінін, өзінің ардақты азаматтарын құрметтей білетінін, өмірден 
өткен ұлт зиялыларын есте қалдырып, тарихи жалғастықты, рухани 
сабақтастықты сақтауға үлкен мəн беретінін көрсетеді. Бұл сөзімізге 
– көрнекті əдебиеттанушы-ғалым, əдебиет тарихшысы, мəтінтанушы, 
филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжеевтің өмірі мен 
ғылыми қызметі айқын дəлел бола алады. Ғалымның туғанына жүз 
жыл толған мерейтойына арналып 2011 жылы Алматыдағы жазу-
шы, академик Мұхтар Əуезовтің мұражай-үйінде республикалық 
ғылыми конференция өткізілді. Кеш те болса қолға алынған бұл 
ғылыми шараға Мұратбек Бөжеевті көрген-білген, жақсы таныған 
ғалымдар, жазушылар мен ақындар, өнер қайраткерлері, тіпті шет 
елдерде тұратын қазақ зиялылары арнайы келіп қатысып, ғалым ту-
ралы тебіреністі сөздер мен естеліктер айтты. Мұның өзі бүкіл өмірін 
ғылымға арнап, қарапайым ғұмыр кешкен, əдебиет тарихынан сүбелі 
зерттеу еңбектер қалдырған ұлт зиялысына деген үлкен бір құрметтің 
белгісі болар.
Əдебиет тарихының үлкен білгірі Мұратбек Бөжеев қазақ 
əдебиеттанушы-ғалымдарының ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы 
алғашқы буынының өкілі болып, ұлт əдебиетінің тарихы мен поэти-
касын зерттеу ісіне елеулі үлес қосты. 


6
А Л Ғ Ы С Ө З
Ғалым 1910 жылы бұрынғы Семей облысының Шұбартау 
ауданындағы № 1 ауылда, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының 
Аякөз ауданына қарасты Шұбартау өңірінде дəрігер отбасында 
дүниеге келген. Əкесі Бөжей Қарқаралы, Кереку қалаларында орыс-
ша оқып білім алып, кейін Омбыдағы дəрігерлер дайындайтын ар-
найы мектепті бітірген, Семей өңірі жұртшылығына белгілі дəрігер, 
ел қамын ойлаған əділетті би ретінде атағы шыққан, ақындық талан-
тымен де танылып, заман шындығын жырлаған өлеңдер мен дас-
тандар жазған. Осындай зиялы əке тəрбиесін көріп өскен Мұратбек 
жастайынан оқу-білімге, əдебиет пен өнерге құштар болып өсіп, 
алғашында Семейдегі Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсіп, 
Мұхтар Əуезовтен тəлім алады. Ұлы жазушының шəкірті болып, 
дəрістері мен ақыл-кеңестерін тыңдау зерделі жасқа үлкен əсер етіп, 
өмірінде елеулі із қалдырды. 1925 жылы осы атақты оқу орнын үздік 
бітіргеннен кейін Қарқаралыда мұғалімдерге арнап ашылған курста 
əдебиет пəнінен сабақ беріп, 1926 жылы осы курсқа басшылық етеді. 
Қарқаралыда ұстаздық етіп жүргенде қазақ халқының əн-күйлерін ел 
аузынан жинап, нотаға түсіріп жүрген атақты музыка сыншысы, эт-
нограф Александр Викторович Затаевичпен кездеседі. Жас мұғалім 
белгілі музыка маманының Қарқаралы өңірінде қазақ əн-күйлерін жи-
нау ісіне көмектеседі, өзі де бірнеше əндерді орындап береді. Қазақ 
музыкасының үлкен жанашыры А.Затаевич те өзіне қол ұшын берген 
жас таланттың халық əндерін терең түсініп, жоғары бағалайтын өнер 
қамқоры ретіндегі еңбегін 1931 жылы шыққан «Қазақтың 500 əн, 
күйі» жинағында ерекше атап көрсетеді. «Муратбек Божеев, молодой 
и энергичный народный учитель, в 1926 году слушал летние курсы 
для могалимов в Семипалатинске, а затем руководил таковыми же в 
Каркаралинске. Его энергии и сознательному отношению к важнос-
ти моих работ я очень много обязан, так как он не только поделился 
со мной известными ему интересными напевами, но и способство-
вал, в значительной мере, тому, чтобы побороть инертность неко-
торых его товарищей, медливших с тем же», – деп жазады Затаевич 
осы жинақта жарияланған Мұратбек Бөжеевтің орындауында жазып 
алынған «Қарқаралы» əнінің нотасына байланысты түсініктемесінде. 
Осылайша А.В.Затаевичтің корреспонденттерінің бірі болған жас 
мұғалім оқытушылық тəжірибесінен туындаған ойларын қағаз бетіне 


7
А Л Ғ Ы С Ө З
түсіріп, «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы № 9 санында «Мек-
тепте ана тілін үйрету», 1928 жылғы № 2-3 сандарында «Есепті қалай 
үйрету» мақалаларын жариялайды. 
Білімге құштарлық жас талапты Мəскеуге əкеліп, алып шаһардағы 
В.И.Ленин атындағы педагогика институтына оқуға түседі. 1932 жылы 
осы іргелі оқу орнының əдебиет факультетін ойдағыдай бітіргеннен 
кейін ғылым жолына түсуді мақсат еткен жас талант Мəскеу тарих, 
философия жəне əдебиет институты аспирантурасының толық курсы-
нан өтеді. 1937 жылы орыстың атақты жазушысы И.А.Гончаровтың 
«Обломов» атты романы туралы кандидаттық диссертациясын жазып 
бітіреді. 1933-34 оқу жылында еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны 
– Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай 
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) сабақ беріп, 
1938–1941 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі əл- 
Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) доцент болып қызмет 
етеді, осымен бір мезетте КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы 
Əдебиет секторының аға ғылыми қызметкері болып, ұлт əдебиетінің 
тарихын зерттеу ісіне қызу араласады. Сөйтіп қазақ əдебиетін ғылыми 
тұрғыда зерттеу ісін жолға қойған алғашқы маман кадрлардың бірі бо-
лып, қазіргі М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының 
негізін салуға қатысады. Осы жылдары республикалық журналдар-
да «Реализм жəне романтизм» («Əдебиет майданы». 1939. № 6), 
«Н.К.Карамзин стилі» («Халық мұғалімі». 1939. №19-20), «Абай 
жəне Пушкин» («Əдебиет жəне искусство». 1940. № 2) атты ғылыми 
мақалаларын жариялайды. 1940 жылы ұстазы М.О.Əуезовпен бірге 
Абайдың екі томдық шығармалар жинағын дайындап шығарды, осы 
жинақтың ғылыми түсініктемелерін жазуға қатысты. Əлі күнге дейін 
құндылығын жоймаған бұл басылымның ғылыми маңызы зор. 1941 
жылы белгілі ғалымдар Ə.Марғұланмен жəне Б.Шалабаевпен бірігіп 
«Қазақ əдебиеті. Фольклор» оқулығын жазып шығарады. 
1942 жылы жас ғалым кандидаттық диссертациясын қорғау 
қарсаңында «халық жауы» ретінде жазықсыз айыпталып, он бес 
жылға жуық уақыт бойы сталиндік лагерлерде қамауда болады, 1956 
жылы ғана оның ісінде қылмыс құрамы расталмай, толық ақталады. 
Қайсар ғалым ауыр тағдырына мойымай, қайтадан өзі сүйген кəсібі 
– ғылыми қызметке оралады. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл 


8
А Л Ғ Ы С Ө З
жəне əдебиет институтының Əдебиет тарихы бөлімінің аға ғылыми 
қызметкері болып істеп, өзі бұрыннан жүрек қалауымен таңдап 
алған тақырыбы – Абай шығармашылығын зерттеумен түбегейлі 
айналысады. 1960 жылы «Абай Құнанбаев шығармашылығының 
идеялық-көркемдік ерекшеліктері туралы» деген тақырыпта Тіл 
жəне əдебиет институты мен Тарих, археология жəне этнография 
институтының біріккен ғылыми кеңесінде кандидаттық диссер-
тация қорғайды. Кеңесте еңбектің оппоненттері болған көрнекті 
ғалымдар, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі 
Е.Ысмайылов пен сол кезде жас ғылым кандидаты, болашақ академик 
З.Ахметов, жұмысты талқылауға қатысқан академик Қ.Жұмалиев, 
тарихшы-ғалымдар Б.Сүлейменов, Т.Шойынбетов, экономист-
ғалым С.Толыбеков, белгілі əдебиеттанушы-ғалым Ы.Дүйсенбаев 
диссертацияға жоғары баға береді. Академик Қ.Жұмалиев сөзінің 
соңында: «М.Бөжеев дайындығы мол əдебиеттанушы. Оның ХІХ 
ғасырдағы қазақ əдебиеті саласында сирек кездесетін нақты білімі 
бар. Оған филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін 
ғана емес, филология ғылымдарының докторы дəрежесін беруге де 
болар еді», – деп ерекше атаған. 
1961 жылы М.О.Əуезов мұражай-үйі ашылғанда ұлы жазушы-ака-
демик шəкірті М.Бөжеев осы киелі орынды ұйымдастырушылардың 
бірі болып, ұзақ жылдар мұражайдың аға ғылыми қызметкері болып 
еңбек етіп, М.Əуезов мұрасын дайындап, жарыққа шығару ісіне үлкен 
үлес қосты. Жазушы архивінде сақталған 400 папка материал негізінде 
М.О.Əуезов қолжазбаларының ғылыми сипаттамасын жасады, 7000 бет 
көлемінде жазушы шығармалары бойынша текстологиялық жұмыстар 
жүргізді, академик жазушының 12 томдық шығармалар жинағын 
дайындап шығаруға қатысып, 22 шығармасына əрқайсысы 3–5 бет-
тен ғылыми түсініктемелер жазды, 1966, 1972 жылдары М.О.Əуезов 
шығармашылығы бойынша көрсеткішті дайындап шығарды. 
1974 жылдан 1980 жылға дейін, өмірінің соңына дейін М.О.Əуезов 
атындағы Əдебиет жəне өнер институтының Текстология жəне 
қолжазбалар бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып істеді. 1973 
жылы көп жылғы ғылыми ізденістері нəтижесінде «ХІХ ғасырдың 
соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті дамуының идеялық-
көркемдік ерекшеліктері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын 


9
А Л Ғ Ы С Ө З
сəтті қорғап шығады. Диссертация оппоненттері болған атақты ғалым, 
академик Ə.Марғұлан, белгілі əдебиеттанушы-ғалымдар, филология 
ғылымдарының докторлары Б.Шалабаев пен Х.Сүйіншəлиев сөйлеген 
сөздерінде М.Бөжеев еңбегін қазақ əдебиеттану ғылымына қосылған 
үлкен үлес ретінде жоғары бағалайды. 
М.Бөжеев қазақ əдебиеті тарихының үлкен білгірі болды. ХVІІІ, 
ХІХ жəне ХХ ғасырлар əдебиетінің өзекті мəселелеріне арналған 
зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұқар жырау, Мұрат Мөңкеұлы, Шор-
танбай Қанайұлы, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Шəкəрім 
Құдайбердиев, Мəшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығы тура-
лы ғылыми портреттік мақалалар жазып, 1917 жылға дейінгі қазақ 
ақындарының шығармашылығы бойынша 8 баспа табақ көлемінде 
көрсеткіш дайындады. Абай поэзиясының идеялық-көркемдік 
ерекшеліктері туралы «Абайдың ақындық айналасы» атты моногра-
фиясы жеке кітап болып шықты, ұлы ақынның талант қырлары мен 
шығармашылық шеберлігі туралы бірнеше мақала жариялады. 1960 
жылдары шыққан, алты кітаптан тұратын «Қазақ əдебиетінің тарихын» 
дайындауға қатысып, белгілі əдебиеттанушы-ғалым З.Ахметовпен 
бірлесіп «Қазақ əдебиетінің шығыс əдебиетімен байланысы» атты 
көлемді тарау осы басылымның 2-томының бірінші кітабында жария-
ланды. 
Мұратбек Бөжеевтің ұлттық əдебиеттану ғылымын зерттеу 
ісіндегі еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерлік 
еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 
Ғалымның көзі тірі кезінде көптеген еңбектері жарияланбай, 
қолжазба күйінде қалды. «ХХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 
басындағы қазақ əдебиеті дамуының идеялық-көркемдік ерешеліктері» 
атты докторлық диссертация көлемінде жазылған көлемді 
монографиялық еңбегі, «И.А.Гончаровтың шығармашылығындағы 
«Обломов» атты қазақ жəне орыс тілдерінде жазылған еңбегі, ХVІІІ–
ХХ ғасырлардағы қазақ əдебиетінің көрнекті өкілдері жəне М.Əуезов 
шығармашылығы туралы жазылған зерттеу мақалалары жарық көруді 
күтіп жатыр. Тіпті «Абай Құнанбаев шығармашылығының идеялық-
көркемдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясы негізінде 
дайындалып жарық көрген «Абайдың ақындық айналасы» атты моно-
графиясы толық жарияланған жоқ. 


10
А Л Ғ Ы С Ө З
М.Бөжеев Мəшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларын баспаға дайын-
дау ісінде көп еңбек сіңірді. Мəтінтанушы маман ретінде атақты ақын 
қолжазбаларының алғаш рет ғылыми сипаттамасын 9 б.т. көлемінде 
жасап, таңдамалы шығармаларын жеке кітап етіп баспаға дайындады. 
Ғалымның бұл еңбектерін жарияласа нұр үстіне нұр болар еді. 
Көрнекті ғалымның артында қалған ғылыми мұрасын жинақтап 
жариялау жəне зерттеу жұмысын мықтап қолға алу қажет. Оқырмандар 
назарына ұсынылып отырған жинақты ғалым көзі тірі кезінде 1977 
жылы өзі дайындап, «Замана кейіпкерлері» деп атын қойып кет-
кен екен. Ол кісі 1980 жылы қайтыс болғаннан кейін оның артында 
қалған ғылыми мұрасын ешкім жинаған да жоқ, ғылыми қауым еске 
де алған жоқ. 2011 жылы өзі өмір бойы тапжылмай қызмет атқарған 
киелі шаңырақ – М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институ-
ты ғалымның туғанына 100 жыл толуына байланысты арнайы еске алу 
кешін өткізген кезде Мұратбек ағаның артында қалған қос қарлығашы 
Гүлбаршын мен Айбарша əкелеріне деген шынайы сүйіспеншіліктерін 
білдіріп, перзенттік борыштарын атқара білді. Екеуі ата-анадан ерте 
айрылса да, ғалым əкелерінің еңбектерін көздің қарашығындай сақтап, 
бүгінгі күнге жеткізе білді, есейіп ержеткеннен кейін қолда бар əке 
мұрасын бір ізге келтіріп, нақты жүйеледі. Ғалым көзі тірісінде қазақ 
фольклоры мен əдебиет тарихының көкейтесті мəселелері жəне 
бұрын көп айтылмай келген көрнекті ақындар туралы өзі ұзақ жылдар 
тиянақты түрде зерттеген материалдарын «Замана кейіпкерлері» деген 
атпен бір кітапқа лайықтап құрастырып, баспаға дайындаған екен. Қай 
баспаға тапсырылғаны белгісіз, бірақ кітап ғалым қайтыс болғаннан 
кейін шықпай қалған. Міне енді содан бері отыз жылдан астам уақыт 
өткеннен кейін артында қалған ұрпақтары Гүлбаршын мен Айбарша əке 
мұрасына иелік етіп, ғалымның сол қолжазбасын еш өзгертпестен жеке 
жинақ ретінде баспаға дайындаған болатын. Соның ізгі нəтижесінде 
«Замана кейіпкерлері» зерттеулер жинағы жеке кітап ретінде оқырманға 
ұсынылып отыр. Кітапқа ғалымның 1957–1977 жылдар аралығында 
қисса-хикаялар туралы, ХІХ ғасырдағы қазақ əдебиетіндегі «зар за-
ман поэзиясы» атты ағымның ірі өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлы, 
қазақтың жаңа жазба əдебиетінің негізін салған ұлы Абай туралы, ХІХ 
ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық əдебиеттің Мəшһүр 
Жүсіп Көпеев, Нұржан Наушабаев, Мақыш Қалтаев сияқты көрнекті 


11
А Л Ғ Ы С Ө З
өкілдерінің шығармалары туралы жəне қазақ-орыс əдеби байланыста-
ры туралы жазған іргелі де соны зерттеулері еніп отыр. Сондықтан да 
ұлттық əдебиеттану ғылымында елеулі із қалдырған Мұратбек Бөжеев 
сияқты тұлғалы зиялыны оның бұрын жарияланбай келген іргелі ғылыми 
еңбектерін оқып тану арқылы біліп бағалағанымыз абзал. Бұл ең алды-
мен халқымыз үшін, келешек ұрпақ үшін қажет. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет