Мемлекеттік егемендікті қалпына келтіру жолындағы қазақ хандығының күресі
Пугачёв бастаған шаруалар соғысы, пугачёвщина (орыс. Восстание Емельяна Пугачёва) — Ресейде 1773-75 жылы болған шаруалар көтерілісі. Көтеріліс басшысы — Емельян Пугачёв (1740/42-75) «Жеті жылдың» (1756-63) және орыс-түрік (1768-74) соғыстарына қатысқан, әскерден қашып, түрмеге түскен. Түрмеден қашып шыққаннан кейін Жайық казактарымен байланыс жасап, өзін сарай төңірегінде өлтірілген Петр III деп жариялап, астыртын қол жинады. Оның қатарында казак-орыстармен бірге башқұрттар, татарлар, қазақтар, қалмақтар да болды. 1773 жылы қыркүйекте оның жасағы Елек, Татищев, Сақмар бекіністерін алды. 5 қазанда көтерілісшілер Орынборды қоршады. Көтерілісшілер саны 25 мыңға жетіп, 86 зеңбірегі болды. Олар патша үкіметі жіберген жазалаушы жасақтарды бірінен кейін бірін талқандады. 1774 жылы көтеріліс Оңтүстік Урал, Қазан губерниясының шығыс бөлігін, Батыс Сібірді, Батыс Қазақстанды қамтыды. Уфа, Екатеринбург, Челябинск, Самара, Заинек, Кунгур мен Красноуфимск, Жайық қалашығы көтерілісшілердің ipi орталықтарына айналды. Бірақ көтерілісшілердің бірыңғай жоспары болмады. Сондықтан генерал А.И.Бибиков бастаған жазалаушы корпус Самара, Күнгүр, Бұзұлұқ маңында көтерілісшілерге соққы беріп, Орынбор мен Екатеринбургты қоршаудан босатты. 1774 жылы сәуірде көтерілісшілер талқандалып, Орал тауына кетті. Ол жақта көтерілісшілерді чуваш, мордва, татар, т.б. халықтар қолдады. Қозғалыс Еділ бойының көптеген уездерін қамтып, Мәскеу губерниясының шекарасына жетті. Екатерина II көтерілісті басуға 20 мыңға тарта жаяу әскер мен атты әскер полктерін жұмсады. Көтерілісшілердің Царицынға жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Осы жерде көптеген Дон казактары мен қалмақтар тарап кетті. Пугачев Волга сыртына қашты, бірақ көп ұзамай қолға түсті. 1775 жылы Мәскеуге әкелініп, дарға асылды. Көтерілісшілер қатал жазаланды. 1775 жылы жазда көтеріліс толық басылды. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары қатысқан бұл көтеріліс қазақ халқының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарының басталуына ықпал етті.
Емельян Пугачев көтерілісінде қазақтардың қатысуы
Осы көп ұлтты көтеріліске қазақтардыңда қатысуына түрткі болған бірнеше негізгі себеп бар еді. Біріншіден мал жайылымы жетіспеді.Патша қазақтар Ресейдің қол астына өтуді қабылдаған бойда-ақ олардың шекара шебінің ішкі шебіне өтуіне,сондай-ақ оған жақын көшіп қонуға тыйым салынды.Оның үстіне Ертіс өзенінің бойындағы шекара шебінде ені 10 шақырымдық алқаптың ұзына бойына өтуге тыйым салынды.1771 жылы Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтардың үлкен бір бөлігі өздерінің тарихи отанына,Жоңғарияның қаңырап бос қалған жеріне жетуге көш бетін түзеді.Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары,патша үкіметінің айдап салуы мен Жоңғарияны көшіп бара жатқан қалмақтарды тас-талқан етіп қыруға белсене ат салысты.Қалмақтардың Еділ мен Жайық арасындағы жайлаған жерледі иемденіп қалуға қазақтар толықтай құқығымыз бар деген талап қойды.Бірақ патша үкіметі бұған құлақ асқан жоқ. Екіншіден,қазақ халқы өздерінің жер аумағында әскери бекіністер салуға тіпті де келісе алмады.Өйткені бұл мал шаруашылығына елеулі түрде зиянын тигізді. Үшіншіден, патша үкіметі Орта жүз емін еркін малын жайып жүрген Жаңаесіл жерін 1752-1755 жылдары басып алды.
Төртіншіден,патша үкіметі қазақ жеріне әскери іздестіру деген сылтаумен қазақ жеріне кіріп қазақтарды ашық түрде тонап кетті. Ресейдегі Е.Пугачев бастаған көтеріліс қатыгез басыбайлылық тәртіпке қарсы бағытталса да, оған үлкен ынта-жігермен және үмітпен Еділ-Жайық бойындағы башқұрт, татар және қазақтар да қатысты. Орта жүз, әсіресе Кіші жүз қазақтары патша үкіметінің жер мәселесіндегі отаршыл саясатына қарсылық танытып, шаруалар көтерілісіне қосылды. Пугачев үндеуінің Кіші жүзде таралуы қазақтарды стихиялы түрде көтеріліске тартты. Халық жасақтары билеуші топтардың қол астына шоғырлана бастады. Өйткені патша үкіметінің Жайық, Ертіс өзендерінің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді орыс-қазақтарға беріп, қазақтардың бекіністер орналасқан өңірге жақындауына тыйым салуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Ал Пугачев болса езілген халық бұқарасын «жермен қамтамасыз етуге» уәде берген еді.
Е.И. Пугачев.
18 ғасырдың 1-жартысында Ресей империясының Қазақстанда, әсіресе, Кіші жүзде отарлық саясаты үдей түсті. Осы тұста Орал мен Сібір бекіністерін салу, көшіп-қонудың дәстүрлі жүйесіне нұқсан келтірді. Ресей үкіметінің Жайық пен Еділаралығында, Ертістің арғы бетінде көшіп-қонуға тыйым салуы қазақ шаруашылығына кері әсер етті. Оған қоса Батыс Қазақстанда тұз иелігін жасап, оның өнімін Жайық казак-орыс әскеріне сатып алуға міндеттеуі – Кіші жүздің батыс аймағындағы малшылардың жағдайын ауырлатты. Ресей үкіметінің заңсыз әрекетіне наразылық білдірген қазақтардың шағымына ешкім құлақ аспады. Осындай жағдай қазақтардың 1773 – 75 жылы Е.И. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуына себепші болды. Көтеріліс жайындағы хабар қазақ ауылына тез тарады. Нұралы хан хатшысын Пугачевке астыртын жөнелтті. Нұралы Пугачевпен байланыс жасай отырып, бір жағынан Орынбор губернаторына көтерілісшілер отрядының орналасқан жерін, бет алысын мәлімдеп, әрі Пугачевке қарсы әскери көмек те ұсынып, екі жақты саясат ұстанды. Қазақтарды көтеріліске қатыстыруға Пугачев үлкен мән бергенімен, Нұралыны түпкілікті өз жағына қарата алмады. Сондықтан ол қазақтарға тікелей тіл қатуға ұйғарды. Орынборды қоршап тұрған кезінде оның адамдары шақыру “қағаздарын” алып, Кіші жүздің ауылдарын аралап жар салды. Пугачев оларға жер-су сыйлап, дін бостандығын беруге уәде етіп, Екатерина ІІ-нің үкіметіне қарсы бірігіп күресуге шақырды. Орынбор әкімш-нің мәлімдеуі бойынша тама, табын, Жағалбайлы руларының кейбір бөліктері бірінші күннен-ақ Пугачевке қосылып, орыс бекіністеріне шабуыл жасады. 1773 жылы 7 қазанда Орынборға жасалған шабуылға 2 мың қазақ қатысып, үкімет әскеріне көп зиян шектірген. Беріш пен шеркеш руларының жасақтары Орал шебінің бекіністерінің гарнизондарына шабуыл жасаған. 1774 жылы қаңтарда А.Овчинников отрядының көтерілісшілері Гурьевті (қазіргі Атырау қаласы) алғаннан кейін, Кіші жүздің батыс жағының тұрғындарына шаруалар соғысының ықпалы күшейе түсті. Ресей әкімш. мен хандарға қарсы кейбір сұлтандар да көтерілісшілерге қосылды.Досалы сұлтан 200 адамдық қолмен баласы Сейдалыны Пугачевке аманатқа жіберді. Ол Орынбор түбіндегі соғысқа белсене қатысты. Сонымен қатар Орынбор қоршауына және Елек (Илецк) қорғанысына шабуыл жасауға Орта жүз қазақтары да араласты, Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары Пугачев армиясына материалдық жағынан да жәрдем көрсетті. 1774 жылы 10 сәуірде Сакмара ауданындағы ұрыста Пугачевтің негізгі күші жеңіліс тапты. Көтерілісшілер армиясының қалған топтары таулы башқұрт жеріне ығысты. Олар Оңтүстік Оралға келісімен көтеріліске қайта қуат бітті. Көтеріліс орталығының Оңтүстік Оралға ығысуына байланысты қазақтардың Сібір қорғандарына шабуылы жиілей түсті. Пугачев Орта жүз қазақтарын өз жағына тартып, әскер әрі ат алу ниетімен оларға үндеу жазып, өкілдерін жіберді. 1774 жылы маусымның басында Сарыторғай маңында Орта жүз старшындары бас қосып, Пугачев үндеуіне келісетіндіктері туралы ұйғарымға келді. Сол жылы Кіші жүз қазақтары Жайық бекінісіне жиі-жиі шабуыл жасады. Жекелеген жасақтар Жаңаөзен уезі менЕділ жағалауына дейін барды. Қазақтар Пугачев армиясының әскери қимылдарымен ұйымдасқан түрде байланыста болмағанымен, олардың шабуылы Ресей үкіметі әскерінің күшіне қарсы тұра білді. Бұл соғыс қазақ халқының өміріне айтарлықтай әсер етіп, Ресей үкіметінің болашақтағы отаршылдық саясатына қарсы күресіне негіз қалады.
Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы — 1783—1797 жылдары Сырым Датұлының басқаруында болған Кіші жүзінің қазақтарының қозғалысы.
Емельян Пугачёв бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарының көшпелі қауымына отаршылдық езгіні күшейтіп жіберді.
Сондықтан да қазақтардың көтеріліске шығуы тіпті де кездейсоқ нәрсе емес еді. Оның өзіндік себептері болды.
Біріншіден, шекара шебінің ішкі жағына уақытша өткен қазақтарға қойылатын талаптар тым қатайтыла түсті. Онда кез келген қазақты оның кездейсоқ басқа бір руласы жасаған құқық бұзушылық әрекеті үшін ұстап алып, айыптауға болатын еді.
Екіншіден, Орал казак әскерлері тарапынан бұрынғысынша дала төсіндегі «әскери іздестірулер» тоқтатылмады.
Үшіншіден, Нұралы ханның және оның төңірегіндегілердің беделі жыл өткен сайын төмендей берді. Ол бірте-бірте патша үкіметінің қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айнала бастады.
Мәселен, Нұралы хан Орынбордан жыл сайын жалақы алып тұрды. Олардың тарапынан халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлінбеді. Ханның отбасындағылар мал жайылымдарын өздерінше және өз пайдаларына қалай қаласа, солай бөліске салды.
Көтерілісті халыққа кеңінен танымал батыр Сырым Датұлы басқарды. Ол Кіші жүздің ішіндегі он екі ата Байұлы бірлестігінің байбақты руынан шыққан ірі тұлға болатын. (Датұлы Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің барысында өзін шебер дипломат, әскери қолбасшы әрі көрнекті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Көтерілісшілердің жетекшісі әрі шешен, әрі би ретінде өз даңқын асырған еді. Асқан ақылдылығы мен тапқырлығы үшін бала кезінде-ақ «Бала би» атанған болатын.Сырым Датұлының дене күші де зор еді. Жеке өз басының ерлігі мен қайыспас қайсар батырлығы, ерекше ерік күші таңғалдыратын. Өз замандастарының арасында ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен де ерекшеленетін. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын журналисі Д.Ч. Бульжер былай деп жазды: «...Сырым батыр — жігерлі, терең ойлы, қайратты, батыл, тапқыр, айлалы ерекше тұлға. Ол халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, халық оған табынған десе де болады».
Көтеріліске қарапайым көшпелі қазақтардың едәуір бөлігі, старшындар, билер және батырлар белсене қатысты. Олардың бәрі де Кіші жүздегі барлық рулық бірлестіктердің, әсіресе Ресеймен шектес жерлердегі рулардың өкілдері болатын. Өйткені жайылым тапшылығының ауыртпалығын көтерген де, Орал қазақ әскерлерінің шектен шыққан озбырлығын көрген де солар болатын. Көтерілісшілердің арасында сұлтандар тобынан шыққандар да бар еді. Мәселен, атақты батырдың жақын серіктерінің бірі Айшуақ сұлтанның ұлы Жантөре болды.
Көтерілісшілердің қойған ең басты талабы патша үкіметінің қазақ жерлерін тартып алуын тоқтату, сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңірегіндегілердің озбырлығына тыйым салу болды.
1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1845) басқарды. Оның екеуі де беріш руының жайық атасынан болатын.
Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. 1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руының жайық атасына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.
Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Дальмен жақсы таныс болды. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратын. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын. Махамбеттің патша әкімшілігінің қолшоқпары хан, сұлтандар мен оның төңірегіндегілердің озбырлығын айыптайтын жалынды жырлары барлық қазаққа таныс.
«Өздеріндей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім,
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім,
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім!», —
деп Махамбет халық-азаттық күрестің мақсаты туралы шабыттана жырлады.
1836 жылғы ақпанда көтерілісшілер Жәңгір ханға қарсы ашық- таншық шабуылға шықты. Мұның басты себебі Исатай Тайманұлының Хан ордасына қыр көрсетуі болды. Ол ханның шақыруына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның үстіне, өзіне қарасты ауылдарды қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен жасағын топтастырды.
1836 жылғы көктемде көтерілісшілер қосынына Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған қарулы хан жасағы жақын келді. Оған қарсы Исатай Тайманұлы жақсы қаруланған 200 жігітті өзі бастап шықты. Ол қолына ту ұстап шығып еді. Қарсыласын жекпе-жек шайқасқа шақырды. Бірақ Қарауылқожа Бабажанұлы да, оның төңірегіндегілер де жекпе-жек шайқастан бас тартты, батырдың ұсынысын қабыл алмады. Хан жасағы үлкен шайқасқа шығуға бата алмай шегініп кетті. Көтерілісшілер өздерінің қосынына қайтып оралды. Исатай Таймановтың көтерілістің басшысы ретіндегі атағы бүкіл Кіші жүзге мәлім болды.
Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті. Бір барымта кезінде сойылға жығылып қаза тапқан бір жылқышы қарттың өліміне Исатайдың және оның адамдарының қатысы бар дегенді дәлелдеуге тырысты. Исатай Тайманұлы бұл жаланы Жәңгір ханның келісімімен Қарауылқожаның ұйымдастырғанын жақсы түсінді. Қарауылқожаның үстінен Жәңгір ханға шағым түсіру ұйғарылды.
1836 және 1837 жылдары шағым мен петиция беру арқылы Исатай Тайманұлы Жәңгір хан және оның төңірегіндегі жандайшаптарды қалың көпшіліктін көз алдында әшкерелемек болды. Шағым-петиция жолдау жаппай наразылық шеруіне ұласты. Мұндай алғашқы шеруге 1836 жылы өте көп адам қатысты, Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті. Исатай батыр халық қалың жиналған Толыбай шатқалында өз өтінішін табыс етті. Жәңгір хан оның айтқан талаптарын түгел тындап шығып, қордаланып қалған проблемаларды 12 күннің ішінде шешуге уәде берді. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Сөйтіп Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады.
1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп, Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды. Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді. Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді. Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады. Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады. Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.
1837 жылдың бас кезінде көтерілісшілерге байбақты руының бе- делді старшыны Жүніс Жантеліүлының қолы келіп қосылды. Енді көтеріліс аумағының шекарасы кеңейе түсті. Көтерілісшілердің қатары да ұдайы арта берді. Көтеріліс ауқымынан қауіптенген Орынбор шекара комиссиясы Исатай Таймановты ұстап алып, ісін сотта карауға тапсырма береді. Бұған қарсы көтерілісшілердің басшысы генерал-губернатор В.А. Перовскийге шағым жасады. Өлке басшысының қазақтарға деген көзқарасы жаман емес еді. Бірде үйлену тойын өткізіп жатқан қазақтарға шабуыл жасап, тонап кеткені үшін Перовскийдің жүзбасы Бухматов пен бір топ қазақты мың адамдық саптың ортасынан өткізе дүре соққызып, оларды әскери қызметтен біржола қуып жібергені белгілі болатын. Бірақ ол өлке билеушісі ретінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізді.
Исатай батыр оған жолданған өтініш-шағымында былай деп жазды: «Біздің өтініштеріміз бен шағымдарымызга ешкім де құлақ аспайды. Біздің мал-мүлкімізді талан-таражға салып, тонап кетеді. Сөйтіп біз император тақсырдың қол астына адал ниетпен берілгендігіміз жөнінде ант қабылдаған бола тұрсақ та, күн сайын қорқынышты үрей кешеміз».
1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілер ірі байлардың ауылдарына шабуылды күшейтті. Сол жылы күзде құрамында 200 сарбазы бар жасақ Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, құл-талқан етіп кетті. 50 адам, соның ішінде 2 сұлтан тұтқынға алынды. Көтерілісшілердің елеулі күші бірте-бірте Хан ордасына жақындап келе жатты. Көтерілісшілер Жәңгір ханды жақтаушылардың мал-мүлкі мен шұрайлы жайылымдарын басып алумен болды.
Көтерілісшілер Астрахан губерниясы Чернояр уезінің аумағын да басып өтті. Онда қалмақтар мен қарақалпақтардың және татарлардың ауылдарына шабуыл жасап, талқандап кетті.
Көтерілісшілердің келесі бір шағын жасағы Балшықты қамалы маңында сұлтан Медетқали Шоқаұлының ауылын шауып кетті. Сұлтанның дүние-мүлкі мен малын олжалады.
Достарыңызбен бөлісу: |