3. ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР ЖЫРЫ
(Сүйіншәлі нұсқасы)
...Ұйықтап жатып Құртқа түс көрді,
Қиыншылық іс көрді.
Тұрып Құртқа жылады,
Айтпаған нәрсе қалмады.
Қайдағы нәрсе қозғалды,
Көзінің жасы төгіліп.
Жағасының бауы сөгіліп,
Өзінің туған анасы
Ақзарбапқа барады,
Барады да жылады.
Жылады да толғады:
—Бүгін түнде түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Кешегі кеткен балаңның
Қанатына қаз қонып,
Қайрыла алмай барады.
Мұртынан мұз жауып,
Бұрыла алмай барады.
Қараша таудай нас басып,
Көтеріле алмай барады.
Екі көзі балаңның
Жұмылыңқы көрінді.
Ақша беттің ажары
Құбылыңқы көрінді.
Балаңның аман еместігі
Мен залымға білінді.
Ақзарбап та жылады,
Жылап тұрып қозғады:
—Айналайын, құлыным,
Бауыр да, өкпе жұлыным,
Мен де бір түс көргенмін.
188
189
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Өз қолымнан балама
Бір аяқ балды бергенмін.
Баламның аман емесін
Мен де енді білгенмін.
Батыр аңқау, ер көдек
Қобылан батыр ер еді.
Ерлігінің белгісі
Қобыланның ұйықтап қалғаны
Қалмақтың жері еді.
Ұйықтап жатқан Қобыланның
Үстіне қалмақ келеді.
Жаңылып Қобылан тобасын,
Сол себептен қалмаққа
Түскен шығар шамасы.
Бұл Қобылан енді өлмейді,
Өлімнің жолын көрмейді...
4. ҚОБЫЛАНДЫ
(Н. Байғанин нұсқасы)
...Түсінде көрді білімді,
Таң мезгілі уақытта
Қобыландыға білінді.
Ардақтаған Хансұлу
Қалың жаудың ішінде
Сөндіріп жүр шылымды.
Түстен қорқып түңілді,
Қайтам деген Қобыланға
Бұл ишарат білінді.
Аққұртқадай алғаны,
Жайлап төсек салғаны,
Бұл жырдың жоқ жалғаны.
Қобыланды қашан келер деп,
Көңілде мүдде, арманы.
Сол түні көрген түсінде,
Аққұртқа сұлу зарлады.
190
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Зарлағанда дауысы
Ұйықтап жатқан Қобыланның
Құлағына барғаны.
Ұйқыдан шошып оянып:
—Қартқожақ!—деп ақырды,
—Нұрғожа!—деп шақырды.
Шақырды қырық батырды.
Сескеніп түстен сасулы,
Қобыланның көңілі жасулы,
Батырдың өңі қашулы.
—Нұрғожа мен Қартқожақ,
Бүгінгі көрген түсімде,
Түсінде Қобылан қысылды,
Қатты көрдім қысымды.
Алтын Қобылан мен едім,
Шығармаса игі еді,
Елімді шауып мысымды.
Көргенім шайтан болмаса,
Қобыланды жаудан өлді деп,
Берді-ау елге қысымды.
Құртқа тіккен боз ордам,
Құлауыңқы көрінді.
Хансұлудай қарағым
Жылауыңқы көрінді.
Жылқыдағы жүйрігім
Бұлауыңқы көрінді.
Жирен Қопа көлдерін
Балшығы шығып, сор басып,
Лайыңқы көрінді.
Бұл не болар, қырық жігіт,
Құлауыңқы қаламыз,
Еңіреулі ата-анамыз.
Қыпшақ деген елімде,
Жылайды шулап баламыз.
Ойға салып қараңыз,
Осы көрген қиын түс
Қалайша деп табамыз.
190
191
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Халқыма зәбір беріп жүр,
Түсім шайтан болмаса,
Қыпшақ қорлық көріп жүр.
Көп сарықтың соңында,
Әкем сорлы еріп жүр.
Алпыстан асқан Аналық
Екі қабы иығында,
Сорлы тезек теріп жүр.
Бейшара болған кемпір-шал
Балам қашан келер деп,
Ыстық жасын төгіп жүр.
Бұл не болар, қырық жігіт,
Хансұлудай қарағым
Жау қоршалап қамап жүр,
Зар еңіретіп сабап жүр.
Қаншадай менің халқымды
Кілең иттер талап жүр.
Жамандықтан қорыңдар,
Жақсылыққа жорыңдар.
Жамандық болса егер де,
Маңдайда қалың сорым бар.
Бұл не болар, қырық жігіт,
Мен түс көрдім қиядан.
Аққұртқа менің алғаным
Ақ мұнара басында,
Ер Қобылан деп жылаған.
Мен түстің түрін байқасам,
Қалмаққа елім шабылып,
Ақылы көп Аққұртқа
Қалмақтан пұрсат сұраған.
Елімді шауып ұрған-ды,
Қас масқара қылған-ды.
Мәулет алып Аққұртқа
Басын бағып тұрған-ды.
Қартқожа батыр айтады:
—Нұрғожа қосшым—сен,—дейді,
Қартқожақ басшың—мен,—дейді.
192
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Қобыланның көрген бұл түсін,
Нұрғожам, жорып бер,—дейді.
Жақсылыққа жорыңыз,
Жамандықтан қорыңыз.
Түс түлкінің боғы еді,
Жақсылық айту жол,—дейді.
Елін Барса шапқан соң,
Сапарымыз оң,—дейді.
Нұрғожа сонда жырлайды,
Қарт екеңнің айтқанын
Көңілін салып тыңдайды.
Тілегі бір бәрінің,
Тату досы ыңғайлы.
—Түсіңді айттың сен,—дейді,
Жоримын түсті мен,—дейді.
Түске жасыр болар ма,
Сіз секілді ер,—дейді.
Жақсылыққа жоримын,
Қобыланды, тыңдап көр,—дейді.
Бүгін көрген түсіңде,
Еңсесі биік боз ордаң
Құлауыңқы көрінсе,
Сен кеткелі көп болды,
Бұрынғыдай келетін
Қатар, құрбы адам жоқ.
Қарақыпшақ елінде
Бұрынғы дәуір заман жоқ.
Еңсеріліп тұрғанда,
Құрметтейтін ешкім жоқ
Үйге келген мейманды.
Батыр Қобылан ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін.
Қайғылы болса елдерің,
Қарақыпшақ халқымның
Қысым болса көргенің.
Таршылықпен зарығып,
Сағынған шығар елдерің.
192
193
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін.
Еңсесі биік боз ордаң
Құлауыңқы көрінсе,
Жылқыдағы жүйрігің
Бұлауыңқы көрінсе,
Кеткеніңе көп болды,
Көптен сізден шет болды.
Кемпір, шалдың көңілі
Сағынғаннан өрт болды,
Сағыныш қайғы дерт болды.
Қорғайтұғын сен кетіп,
Қайғыңмен халқың мерт болды.
Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін.
Жылқы жатқан Жирен көл
Лайыңқы көрінсе,
Жылқыдағы жүйрігің
Бұлауыңқы көрінсе,
Жасы жеткен кемпір, шал
Жылауыңқы көрінсе,
Жылқышы жылқы баққан-ды,
Күннің ыстық күнінде,
Көлге айдап жапқан-ды.
Шөлдеп жылқы су ішіп,
Қайсысы аунап жылқының
Көлге түсіп жатқан-ды.
Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсім соған көрінсін.
Атаңа нәлет Алшағыр,
Тура жорып берейін,
Халыққа бүлік салған-ды,
Біз кеткелі көп болды,
Алты ай срок біткен соң,
Алдап жүрген Алшағыр
Қыпшақты шауып алған-ды.
Еркіндегі халықтың
Қайғыға басын салған-ды.
13-0185
194
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Еңсесі биік боз орда
Құлауыңқы көрінсе,
Боз орданы құлатып,
Білгенін елге қылған-ды.
Қыпшақ деген халықты
Шауып алып ұрған-ды.
Ойлаған кекті Алшағыр
Қас масқара қылған-ды.
Жаратпадым бұл түсті,
Қобыланды, көрдің бұл істі.
Біз кеткен соң Алшағыр
Салған екен бүлікті.
Жаратпадым түсіңді,
Қайғылы халқың күйікті,
Құлазып жатса жеріңіз,
Лайланса көліңіз,
Шабылған қыпшақ еліңіз.
Шапқан соң иесіз қалған-ды,
Жылқы жайған беліңіз.
Қайғыланба, Қобыланды,
Қалмаққа кетер деймісің.
Көрген зәбір, кегіңіз.
Сабыр ет, батыр, өзіңіз,
Сексеннен асқан Тоқтарбай
Жасы жеткен бабаңыз,
Ақ таяғын қолға алса,
Қой соңында сорлы шал
Жалғызым деп зарланса,
Елін қалмақ шапқаны.
Қу таяқты қолға алып,
Әкең сарық баққаны.
Өзіміз аман қайтқан соң,
Уайым етіп саспалы.
Бұл арадан аман-сау
Жатырмыз елге қайтқалы.
Өз еркінде болған соң,
Қаны қара Алшағыр
Мақсатына жеткені.
194
195
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Кемпір менен шалыңа
Қатты қысым еткені,
Қорлығы жаудың өткені.
Қатты қысым тәртіппен,
Тезек теріп, жүн түтіп,
Бейнет шығар шеккені.
Бұл қорлыққа шыдамай,
Көзінің жасын төккені.
Бір жыл болды, Қобыланды,
Біз халықтан кеткелі.
Шулап қыпшақ жыласа,
Қайрылмай кеткен халқыңа,
Қыпшағың сізге өкпелі.
Қол жеткенге әл жеткен,
Халқыңа жаудың өктемі.
Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін.
Хансұлудай баланы
Жетпіс қалмақ қамаса,
Он шыбық ұрып сабаса,
Қалмақ биік, көп халық,
Қыпшақ жаудан аласа.
Өзің сына, шырағым,
Қобыланды батыр, мұнымды.
Хансұлудай баланың
Өсірдің сипап тұлымын.
Көрген түсің шын болса,
Қарақыпшақ бүлінді.
Қобыланды жаудан өлді деп,
Ата менен анаңыз
Құртқа менен Хансұлу
Отыз төре, қырық бегі
Сөндірген болар шылымын.
Сөнбей қалса бір шылым,
Шыбық соғып айыпқа,
Алған шығар тынымын.
Осы түстен сынаймын,
Жаудың салған бүлігін.
196
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Отыз төре, қырық бегі
Хансұлуды қамаған.
Алтын тарақ қолында,
Жібектей шашын тараған.
Салтанатты Хансұлу,
Алған болар бұл қалмақ
Зәбірін көрген баладан.
Түсіңнің түрі тым жаман,
Дәлеліменен нашарға
Айыптап шыбық сабаған.
Қобыланды атты ерімсің,
Түс жорыған жерімсің.
Ауызға толы сөзімсің,
Кегің кетер деймісің,
Кек алатын өзіңсің.
Қисық жауды түзетер,
Жауға құрған тезімсің.
Қобыланды атты ерімсің,
Бұл түсің соған көрінсін.
Қыз жолдасы қасында,
Қобыланды арнап түс көрсең
Аққұртқадай асылға.
Алғаным деп жыласа,
Алтын сырлы орданы,
Ақ мұнара басынан,
Ойлап амал тапқан-ды.
Ұлықсат алып патшадан,
Өзін таза баққан-ды.
Қыпшақтың қызы жолдасы
Досым аман келер деп,
Сауықпенен жатқан-ды.
Келеріңді білген-ді,
Ишарат көріп түйген-ді.
Кеткеніңе көп болды,
Сағынып Құртқа жүрген-ді.
Ару Құртқа айлалы,
Амал, тәсіл сайлады.
196
197
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Көрген түстен меңзеймін,
Төрт айға деп қалмақтан
Алдап рұқсат алған-ды.
Жорудың жоқ жалғаны,
Ақылы артық Аққұртқаң
Алшағырды арбады,
Амалға ақыл жалғады.
Сен келгенше Құртқаның
Көңілінде көп арманы.
Ақылды Құртқа ойлады,
Көрген түстен сынасам,
Өзі түгіл Құртқажан
Қыпшақтың қызын қорғады.
Өзің аман қайтқан соң,
Қосылар күнің болғаны.
Халқыңның болмас арманы,
Жорудың жоқ жалғаны.
Қысым беріп халқыңа,
Ханның тәртіп салғаны.
Қобыланды, өзің ойлап көр,
Жорудың бар ма жалғаны.
Жорып бердім түсіңді,
Енді жолдан қалмалы.
Алшағырдың Ақсары
Ұйықтап жатып түс көрді,
Түсінде көрді төрт бөрі:
Қабағы қалың қас бөрі,
Шолақ құйрық ақ бөрі,
Азуы шыққан жас бөрі,
Салаң құйрық көк бөрі.
Ел шетіне келді ғой,
Есебі жоқ көп қойға
Келе қырғын берді ғой.
Ойда жатқан отыз қой,
Ойды шауып жойды ғой.
Қырда тұрған қырық қой,
Қына қырғын берді ғой.
198
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Қой ішінде бес қошқар,
Бес қошқардың ішінде
Шығыршық мүйіз көк қошқар,
Таңнан тартып жойды ғой,
Шикі майға тойды ғой.
Алты бірдей ақ қозы,
Алтауы да жас қозы,
Жас сырбазды жеді ғой,
Тісіне жұмсақ тиді ғой.
Қой ішінде көп саулық,
Көп саулықтың ішінде
Ең көсемі көк саулық
Қарынынан жарды ғой.
Ақсары атты бәйбішең
Осы түсті көрген соң
Ақылынан танды ғой.
—Патшам, есім ауды ғой,
Осы түстің бәрі рас,
Төбеден жасыл жауды ғой.
Сонда Алшағыр сөйлейді:
—Қобыланды келер деймісің,
Уайым айтқан нең,—дейді.
Атаң әйел, нашарсың,
Ақылың сенің кем,—дейді.
Өлгеніне Қобыланның
Осы биыл жыл толды,
Өлгені Қобылан шын болды.
Хан Барсаның елінде
Сүйегі Қобылан күл болды.
Лайықты Аққұртқа
Алатын күнім таянды.
Күндестікпен айтқасын
Ниетің сенің арам-ды.
Ақсары сонда сөйлейді:
—Ей, бейшара Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Айтқаныма нан, Шағыр.
Көрген түстің бәрі рас,
198
199
ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ТҮС ЖӘНЕ ОНЫ ЖОРУ КӨРІНІСТЕРІ
Ертең тарлық бар, Шағыр.
Қобыланды сізге келмесін,
Шаһарыңды сырттан көрмесін.
Ер Қобыланның білгенмін
Хан Барсадан өлмесін.
Бұзған шығар Барсаның
Берік салған ордасын.
Қуаныш шығар көңілі,
Ер Барсаны жойған соң.
Көргенім бекер болмаса,
Жау кеңсеңе төніп тұр.
Ақсары атты бәйбішең
Түспен көріп, біліп тұр.
Жолда жатқан сансыз қой
Көп қалмағың болмасын.
Ойда тұрған отыз қой
Отыз төрең болмасын.
Қырда тұрған қырық қой
Қырық бегің болмасын.
Бәрін қырып, жоймасын,
Бегілеріңді соймасын,
Ерлердің көзін оймасын.
Қобылан келмей тұрғанда,
Неге өлмедім сор басым.
Қой ішінде бес қошқар
Бес тумаңыз болмасын.
Шығыршық мүйіз көк қошқар
Тап өзіңіз болмасын.
Қой ішінде көп саулық
Қой бастаған көк саулық,
Біз пақырың болмасын.
Алтауын қырып-жоймасын,
Жас сырбазға тоймасын.
Түстің түрі тым жаман,
Бұл айтқаным болмасын.
Қорқынышпен айтамын,
Бұл жоруым болмасын...
200
ТҮС ЖОРУ ЖӘНЕ ЫРЫМДАР
Достарыңызбен бөлісу: |