ЕҢБЕК ҚОРҒАУ (Ауыл шаруашылығы, экономика және көлік салаларына арналған) «Фолиант» баспасыАстана-2010 Жаданов Н., Қүдайбергенов Н. Еңбек қорғау: Оқу құралы. 2-басылым. - Астана:Фолиант, 2010. - 200 б.
Бұл оқу құралында еңбекті қорғаудың теориялық негіздері,құқықтық-ұйымдастыру мәселелері, еңбектің қауіпсіз және зиянсыз жағдайларын жасаудың жолдары баяндалған. Өндірістік санитария мен өрт қауіпсіздігіне және қауіпсіздік техникасы жайлы мағлұматтарға жеткілікті орын берілген. Оқу құралында ауыл шаруашылығындағы еңбек жағдайының ерекшеліктері, егін және мал шаруашылығында, жөндеу мекемелерінде сақталуға тиісті қауіпсіздік талаптары қамтылған, сондай-ақ зертханалық, тәжірибелік жұмыстар келтірілген.
Оқу құралы орта кәсіптік оқу орындарының ауыл шаруашылығы, экономика, энергетика, көлік және политехникалық мамандықтарына арналған.
Д -1 ЕҢБЕК ҚОРҒАУ
КІРІСПЕ
Қоғамымыздың басты мақсаты - еңбекті адамның бірінші кезектегі өмірлік қажетіне айналдыру. Ал тиімді еңбек ету үшін еңбекшілерге қажетті жағдай жасау, олардың денсаулығын сақтау, еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіби сырқатты және өндірісте зақымдануды болдырмау қажет. Еңбек қорғау ғылымы осы мәселелермен, яғни еңбектің зиянсыз, қауіпсіз жағдайларын жасаудың проблемаларымен айналысады.
Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҮ) дерегі бойынша дүние жүзінде жыл сайын орта есеппен 50 миллион немесе күніне 160 мың жазатайым оқиғалар болып тұрады (ХЕҮ-ның ақпарат бюллетені. - Женева, 1990).
Қысқасы, еңбекті қорғау дегеніміз құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактика, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі үдерісінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі болып табылады. Демек, еңбекті қорғау ғылымы өндірістегі жазатайым оқиғалардың, кәсіби сырқаттардың, жарылыстар мен өрттің себептерін анықтап, оны болдырмаудың қажетті шараларын жасайды.