Еңбекті қорғау еңбек қорғаудың заңдылықтарын, өндірістік санитарияны, қауіпсіздік техникасын және өрт қауіпсіздігін қамтиды.
Еңбек қорғаудың заңдылықтарына Қазақстан Республикасының Заңдары мен басқа да мемлекеттік актілері, Министрлер кабинетінің, кәсіподақтардың орталық кеңесінің қаулы-қарарлары, кәсіподақ ұйымымен келісілген министрліктердің нүсқаулары мен ережелері, сондай-ақ ішкі тәртіп ережесінде көрсетілген еңбек қорғаудың нормалары жатады.
Өндірістік санитария дегеніміз - еңбекшіге зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын ұйымдастыру, гигиеналық және санитарлық-техникалық шаралар мен құралдардың жүйесі. Қауіпсіздік техникасы дегеніміз - еңбекшіге қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын ұйымдастыру және техникалық шаралар мен құралдардың жүйесі.
Өрт қауіпсіздігі дегеніміз - өрттің алдын алудың, өрт шығу себептерін жоюдың, өрттің жайылуына жол бермеудің, адамдарды, жануарларды және материалдық құндылықтарды жедел көшіруді ұйымдастырудың және өртті сөндіру шараларының жүйесі.
Еңбек қорғау ғылымы міндеттерінің күрделілігі одан еңбектің қауіпсіз және тиімді жағдайларын жасауға қатысы бар басқа да ғылымдардың жетістіктерін пайдалануды, ең алдымен, әлеуметтік-құқықтық ғылымның, сондай-ақ еңбекті ғылыми түрғыда үйымдастырудың, әсемдік пен эргономиканың жетістіктерін пайдалануды талап етеді. Мысалы, машиналарды, аппаратураларды, басқа да жабдықтарды қауіпсіз пайдаланудың тәсілдерін дайындау барысында еңбекті қорғау ғылымы техникалық ғылымдардың шешімдерін пайдаланса, санитарлық талаптарды дайындау барысында кейбір медициналық және биологиялық пәндердің зерттеу қорытындыларын пайдаланады.
Еңбекті қорғау мен еңбек жағдайын жақсартудың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Ол еңбекшілердің өмірін қорғаумен қатар, еңбек өнімділігін арттыруға, еңбекшілердің еңбекке қатысу мерзімін ұзартуға, мамандарды тұрақтандыруға ықпал етеді және түрлі жағдайларға байланысты жұмсалатын шығынды азайтады.
Қазір еліміз бойынша жыл ішінде пайдаланылмаған барлық жұмыс күнінің 60-80 пайызы еңбекшілердің түрлі себептермен науқастануынан болады. Егер осы жұмысқа уақытша жарамсыздықтың жылдық орташа 4 көрсеткіші бір күнге кемітілсе, онда еліміздің халық шаруашылығы қосымша 18 млн. жұмыс күнін сақтаған болар еді. Мұның өзі ұлттық табысты 1,3 млн. теңгеге арттыруға және әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын бюджеттік шығынды 550 мың теңгеге азайтуға мүмкіндік берер еді.
Сондай-ақ, жұмыс жағдайының нашарлығына байланысты еңбекшілердің жұмыс орнын ауыстырып отыруы да зиянға жатады. Еңбек ғылыми-зерттеу институтының есебі бойынша, бір адамның жұмыс орнын ауыстыруы 1990 жылы 3500 теңге зиян келтірген. Егер еңбекшілердің жұмыс орнын ауыстыруын 1 пайызға кемітсек, онда ол жылына экономикалық зиянды 446 мың теңгеге азайтқан болар еді.
Осыларды ескерсек, еңбек қорғау ғылымының орта буын мамандар үшін қаншалықты қажет екендігі өзінен-өзі түсінікті. Яғни, әрбір өндіріс қызметкері, маманы еңбек қорғау заңдылықтары мен құралдарының тиімді пайдаланылуын бақылауға алып, оның экономикалық жағынан тиімді ұйымдастырылуын қадағалап отыруы тиіс.