Зерттеудің құрылымы Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СИНТАКСИС САЛАСЫН ДАМЫТА ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Бастауыш сыныпта қазақ тілі синтаксисін оқытудың зерттелуі
Білім – қазақ халқының болашаққа бару жолындағы үлкен стратегиялық қоры. Білім беру жүйесін заман талабына қарай өзгерту, дамыту, жаңа талаптарға бейімдеу – қоғамдық мәні үлкен мәселе. Қазақстандық білім беру жүйесі тарихының жаңа кезеңі оқытудың жаңа жүйелері мен жаңа технологияларын зерттеуді, тиімділігін анықтап, оқу үдерісіне енгізумен ерекшеленеді.
Бастауыш мектепте қазақ тілі синтаксисін оқытудың да әдістемелік жүйесі өзгеріске ұшырап, даму үстінде. Қазақ тілінің синтаксис саласын дамыта оқыту арқылы оқушылардың зейінін, ойын, тілін дамытуға мүмкіндік туатынын біздің көптеген ғалымдарымыз зерттеп, соның негізінде жан-жақты дамыған тұлға қалыптасатынын айтып кеткен.
Қай ғылымның даму тарихына көз жүгіртсек оның пайда болу, басталу, даму кезеңдері болады. Олардың іштей әр салаға бөлініп, сараланып, зерттеліп, тармақталып өз алдына ғылымның бір бөлшегі болып қалыптасатыны даусыз.
Синтаксис жайында ең алғаш рет он тоғызыншы ғасырдың 50 жылдарынан бастап айтыла бастады. 70-жылдары орыс әдеби тілінде И.А. Бодуэн де Куртенэ алғаш рет аналитикалық элементтер жайында пікір білдірген. Сонымен қатар лингвист ғалым М.А. Казем-Бек «Общая грамматика турецко-татарского языка» атты еңбегінің синтаксиске арналған бөлімін «Сөз тіркестері» деген атпен бастап, онда сөздердің байланысу, тіркесу амалдарына тоқталып өткен. 1894-97 жылдар аралығында орыс тілінде жарық көрген «Қазақ-қырғыз тілдерінің қысқаша грамматикасы» атты еңбекте П.М. Мелиоранский де синтаксистің біраз мәселелерін сөз етеді.
Түркі тілдеріндегі сөз тіркесі мен сөйлем мәселесін жан-жақты қарастырып, зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – Е.И. Убрятова. Е.И. Убрятова сөйлем құрылымына кіретін сөздер арасындағы байланыстар түрлі амалдар арқылы жүзеге асады дей келіп, «Форма словосочетания образуется с помощью показателей синтаксических отношений: аффиксов принадлежности, аффиксов сказуемости, падежных аффиксов, некоторых словооброзовательных аффиксов и служебных слов. Отсутствие специальных оформителей синтаксических отношений также может служить признаком формы словосочетания» [2,27б], – деп сөз тіркестерін байланыстырудағы әртүрлі тәсілдердің қатысатынын саралайды.
Қазақтың педагог-ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінде баланың жеке тұлға, азамат ретінде қалыптасу мәселесіне көп көңіл бөлінген. Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясын» жазғанда «қазақ балаларының ойына ой қосатын әңгімелер, мағыналы анекдот тар, жұмбақтар қажеттігін» айта келіп, балаларды зейінді, зерделі етіп тәрбиелеу қажеттігін ескертеді [6,7].
А.Құнанбаев бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесіне де көп көңіл бөлген. Ол 19-қарасөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» – деген құнды пікірі дамыта оқытумен үндес [9]. Дамыта оқыту қағидасын зерттеуші ғалымдардың да негізгі ұстанымы осындай, себебі дамыта оқытуда дайын білім берілмейді. Бала білімді өзі ізденуі арқылы табады.
А.Байтұрсынұлының «Тіл-құралы» – тілдің жүйелік табиғатын теориялық деңгейде оқытудың бастауы. «Тіл-құралда» тіл мен логиканың тығыз байланысына негізделген орыстық грамматикаға еліктеу байқалады. «Тіл-құрал» оқушыларға практикалық сауаттылықты үйретуді ғана емес, тіл жүйесінің табиғатынан терең тамырынан алынған танымдық ізденістерді де меңгертуді мақсат еткен, теориялық біліммен қаруландыруды міндет еткен еңбек болып саналады.
Бұл оқу құралында А.Байтұрсынұлы оқушыға сөйлем құрылымын, сөйлем мүшелерін эмпирикалық деңгейде таныту жолын ұстанады. Мұнда алдымен синтаксистік бірліктердің сыртқы белгілерін таныту міндетін қойып, олардың қызметін терең талдау үшін осы сыртқы белгіге алғаш сүйене отырып, ендеп ішкі заңдылықтарға қарай жүру жолын, яғни танымның нақтылықтан абстрактылыққа қарай жүру жолын көрсетеді. Бұл – эмпирикалық білім мазмұнының көрінісі. Ал бұл саты – теориялық деңгейге шығудың алғашқы шарты. Екінші кезекте «сынау» мен «дағдыландыру» жұмыстарының орындатылуы арқылы оқушылардың рефлексиялық қабілеттерін дамыту көзделеді. Бұдан А.Байтұрсынұлының оқушының саналы түрде ізденіске ұмтылуын қажет ететін теориялық әдістерді қазақ тілін оқыту барысында алғаш рет негізін қалағанын байқаймыз. Сөйтіп, нақты тілдік фактілерді сыртқы танып алудан бастап, оның болмысын танытатын ережені жасауға дейінгі жүріп өтетін жол – білім алудың эмпирикалық жолы, яғни нақтылықтан абстрактылыққа дейінгі жолы екендігін анықтадық. А.Байтұрсынұлының әдістері де осы логикамен қолданылған. Енді оқушының санасында орын алған ұғымның ішкі табиғаты танылуы керек. Оның өзін оқушының практикалық қажеттіліктерінен туындатып отырып жүргізу керек десек, онда оқушының білім алу сатысы абстрактылықтан нақтылыққа қарай өте бастайды. Бірақ бұл жердегі нақтылық алғашқы нақтылық емес, теориялық деңгейде құбылыстың себебі мен салдарын, басқа да түрлі заңдылықтарын танып барып практикада қолданып отырған нақтылық болып табылады. Сонда нақтылықтан абстрактылыққа қарай өту жолын эмпирикалық білім алу десек, оқушының білімі сол абстрактылықта қалып қоймауы керек. Сол теориялық ережелер мен талдау жолын енді қайтадан теориялық әдістерді қолдана отырып, саналы нақтылыққа алып келуі керек. Теориялық деңгейде білім берудің мақсаты осыны жүзеге асыру. Теориялық тұрғыдан алған білімін нақты өмір қажеттіліктеріне қарай сай қолдана алу арқылы ғана адам баласы абстрактылықтан нақтылыққа қарай өте алады. Бұл ойлаудың, ой операцияларының теориялық деңгейде қолданылуы. Бірақ, бұл, яғни екінші дәрежедегі нақтылық – алдыңғы нақтылықтан өзгеше, оқушының игерген құндылығын, рухани байлығн, яғни білімін қаншалықты екенін өмірде қолдану арқылы дәлелді түрде көрсете алатын нақтылық [10].
Сонымен, А.Байтұрсынұлының синтаксисті оқыту логикасын 2 кезеңмен беруге болады: 1-кезең – нақтылықтан абстрактылыққа қарай жүру жолы, яғни білім берудің эмпирикалық кезеңі (кіріспе сөз, тілдік фактілер келтіру, синтаксистік бірліктің сыртқы белгілерін таныту, ереже шығару), ал 2-кезең – абстрактылықтан нақтылыққа қарай өту жолы, яғни білім берудің теориялық кезеңі (ереже, сұрақ-жауаппен нақтылау, жекелеген белгілерін топтастыру, практика: сынау, дағдыландыру).
Оқушыларға синтаксистен білім беруде индукция мен дедукция әдістерін сәтті комбинациялай қолданудың тамаша үлгісін көрсеткен А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің табиғатындағы өзіндік ерекшеліктеріне де баса назар аударады.
Қ. Жұбанов 1930-40 жылдар аралығында «Ауыл мұғалімі» журналында қазақ тілінің грамматикасына қатысты бірнеше мақала және ғылыми еңбектер жазды. Ол өз еңбектерінде көмекші етістіктер, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі мәселелерін қарастырған. Онда айтылған ғылыми болжамдар мен деректердің сөз тіркесіне де қатысы бар. Сондай-ақ Қ. Жұбанов өзінің қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде сөз тіркестеріндегі байланыстар туралы сөз қозғай отырып, сөздің орын тәртібі арқылы байланысы өзге тәсілдерден гөрі ертерек пайда болғанын тілге тиек екен.
Қ. Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» еңбегінің маңызы бұл еңбектен қазақ тіліндегі сөздердің орын тәртібі арқылы байланысының көптүрлілігін мына бір мысалдан да байқаймыз: « ... наличие сочетания күн ұзаққа позволяет пологать, что в казахском языке некогда имел место чуждый теперешним нормам порядок слов, по которому определение не предшествовало определяемому, как это делается теперь, а следовало за определяемым, пережитком чего и является данное сочетание». Зерттеуші осы тәріздес «Елден безіп, адам тағы болып кетіпті, таң жарық» т.б. мысалдарын келтіреді. Профессор Қ.Қ.Жұбановтың (1930 жылдары) сөйлем құрылымына қатысты зерттеулерінде сөйлем ішіндегі әрбір сөзтұлғалар мен сөз тіркестеріне араб сандарымен нөмір беріп, олардың арасындағы байланысты түзу сызық ретінде таңбаланған. Ғалымның «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты мақаласынан келесі мысалды келтіруге болады. «Біздер мектепке келдік» деген сөйлемді: «...бұл үш сөз матастырылмаған. Біздердеген мен мектепке деген екеуі жиналып келдік деген бір сөзге арқандалған. Мысалы:
1 2 3
Достарыңызбен бөлісу: |