3. Антонимдердің комика тудырудағы қызметі Жалпыхалықтық тілімізде қызметі сан алуандығымен ерекшеленетің лексикалық топтың бірі - антонимдер. Антонимдердің көркем шығарма тіліндегі қолданысы негізінен полярлық ұғымдарды көрсетуге, бейнелеуге, салыстыруға, шендестіруге бағытталған. Бұл туралы орыстың көрнекті тілтанушысы В.В.Виноградов былай дейді: «Антонимы как стилистическое средство широко используются в языке художественной литературы и публицистики. … Антонимы служат для подчеркивания, выделения наиболее важных моментов речи» [18,93].
Көркем мәтіндегі антонимдердің қолданылуы контексте ашылады, сондықтан да зерттеуші Р.А..Будаговтың мына пікірі назар аударарлық: Когда антонимы выступают как разные слова противоложного значения истинный-ложный, тогда проблема антонимов в одном пункте сближается с проблемой синонимов, так же опирающейся на анализ разных слов, связанных между собой семантически, когда же антоним выступает как различные значения одного многозначного слова, тогда проблема антонимов сближается с проблемой полисемии [19].
Ал «Қазіргі қазақ тіліндегі» қарама-қарсылықтың коннекторларын» зерттеген ғалым А.Жүсіповтің пікірінше «Антонимдер сөйлем ішінде тек қарама-қарсылыққа ғана түспей, күшейту, қосымша мағына үстеу, нақтылау, салыстыру, бірлесу, ауыстыру т.т. көрсетеді» [20,11]. Жазушы С.Адамбековтің «Жағасынан шатасып» деген әңгімесінің соңғы абзацындағы лексикалық антонимдермен берілген ситуация оқырман көз алдына әсер-қуаты күшті сурет әкеледі: Бұл кезде таудан әкелген биік жаңа жыл елкасына қарай колхозшылар ағылып бара жатты. Шаттық ән, сырнай үні, көңілді әзіл, барлығы ескі жылдың табысын қолына алып, жаңа жылға есігін кең ашып тұрды. Ал Өткелбаев ескі жылдан алары жоқ, жаңа жылға берері жоқ. Не қыларын білмей, дел-сал болып отырды.
Осы микротекстегі колхозшы мен Өткелбаевты шендестіре суреттеуге лексикалық және контекстік антонимдер қолданылған: жаңа-ескі, колхозшылар - Өткелбаев, ағылып бара жатты – не қыларын білмей, дел-сал болып отырды. Қалып етістіктерін қолданған жазушы динамикалық және статикалық күйді көрсете отырып, кейіпкеріне өз бағасын да көрсеткен деуге болады.
Автордың «Екі дос қалай шатасты?» әңгімесі негізінен лексикалық және контекстік антонимдерге құрылған. Қарама-қарсылық бір сөйлем немесе бір КСТ көлемінде ғана емес, абзац немесе тұтас мәтін шегінде де көрінуі мүмкін. Бұл тұрғыда қарама-қарсы мәнді тілдік бірліктер (сөз бен сөз, сөз бен сөз тіркесі, сөз бен тұрақты тіркес, сөз бен тұрақты тіркестің бір компоненті, тұрақты тіркес пен еркін тіркес) сөздің мағынасы мен контекст, ситуация арасындағы контрасты көрсетіп, мысқылдау, шенеу қызметтерін атқаруы мүмкін. Әңгіменің бірінші абзацындағы контекстік-ситуативтік қайшылық жалпы тіл жүйесінде бірімен-бірі лексикалық антоним бола алмайтын сөздермен берілген: Қыз бен жігіт жаңа танысқанда бір-бірінен сыр ұрлап, абайлап сөйлесіп, көз астымен қарасып, қол ұшын ғана берісіп жүріп, бірте-бірге махаббаттары гүл жара беруші еді. Ал, біздің Сымбат пен Жандостың жүректеріндегі махаббат бір күнде жемісін төге салды.
Информативті есімдерге ие кейіпкерлерінің мінездемесі де қарама-қарсы қойып салыстыруға негізделген: Жандостан гөрі білімі жоғары , сымбат, Қырғи мен оны мінездейтін сөздің арасындағы қайшылық оқырманды бірден селт еткізеді. Осы әңгіменің мазмұнын образды беріп тұрған мына бір сөйлем назар аударарлық: «Мысқылдап енген пәленің батпандап шыққанын Жандос жаңа сезді» . Номиналы белгілі салмақ өлшемдерінің бұл атаулары ауызекі сөйлеу тілінде, ауыз әдебиеті нұсқаларында жиі қолданылатыны белгілі. «Өте кішкентай, титтей және өте көп деген» мағыналары ауысып, бірінші абзацтағы бірте-бірте және бір күнде сөздерінің семантикасын дистантты қайталап тұр. Жағымсыз мәні қою пәле сөзімен тіркескен контекстік антонимдердің туынды мағынасын лексикалық антонимдер арттыра түскен.
Бұл әңгімелердің лексика-фразеологиялық қабатында сөзішілік қарама-қарсылыққа негізделген семантикалық құбылыс – энантиосемияны байқауға болады. Жалпы тіл білімі ғылымында энантиосемия екі түрлі түсініледі: 1. Антонимдердің өнімсіз түрі, сөздердің қарама-қарсы мағыналарын білдіретін қабілеті. 2. Антифразиспен барабар, яғни сөздің қарама-қарсы мағынада қолданылуы [20].
Қазақ тіл білімінде қарама қарсылықтың семантикалық байланыстарын зерттеген А.Жүсіпов бұл мәселеде ғалымдар пікірінің біртекті емес екенін айта келіп, функционалдық ерекшеліктеріне қарай, яғни үстейтін не көрсететін мағынасына қарай оларды 2-ге бөліп қарастырды:
Заттық не номинативтік;
Эмоционалдық-бағалауыштық, экспрессивті қарама-қарсы мағына [20, 19].
Аталған екі әңгімеде де эмоционалдық-бағалауыштық, экспрессивтік энантиосемия кездеседі: тәтті ұйқы, үйдегі басшылық, адал досы, Құлындағы даусы құраққа кетіп, шыңғырған бейтаныс, дос өнері.
Бұл мысалдарда негізінен жағымды мәндегі сөздер, сондай-ақ бейтарап стильдегі бір сөз жалпыадамзаттық тұрғыдағы пікірге кері келетіндіктен, автордың да, кейіпкердің де бағалауынан хабар беріп тұрғаны байқалады. Мұндай эмоционалдық-бағалауыштық ішкі энантиосемия -сатирик жазушыларымыз қолданатын өнімді сөз қолданыстың бірі. Ішкі антонимияның қалыптасқан көрінісі тырнақшамен болу.
Антонимияның сөзішілік байланыстарын өз шығармаларында С.Адамбеков өте жиі қолданса, Ш.Смаханұлында бұндай сөзқолданыс аса көп кездеспейді, оның себебі Ш.Смаханұлы сынау, шенеуді көбіне коммуникативтік-ситуативтік контекске сүйену арқылы іске асырады. Мына мысалдар соның дәлелі.