Арақ алғаш менің жартылығымды бір ошар жұрт ішкенде қырыла мас болушы еді. Қазір литрді бір өзі ішсе де былқ етпейтіндер бар.
Екі жүз грамм жұтса болды, аяғынан шалып, шалқасынан түсіріп, талайын тақырға отырғызып, шаңға аунатып, балшыққа сүңгітіп, аузын итке жалатып… Қазір есі барлары менен қатты сақтанады да, есер шатыстары қайтпай ішеді. Ой мен болмыстың арасындағы қайшылықты авторлық ремарканың эмоционалды-экспрессивті әсері ұлғайта түскен: Темекі түтіндей түсті, Арақ қарқ-қарқ күлді, көзі шарасынан шықты,тәптіштеп сұрады, масаттана күлді, Арақ иығы селкілдеп масаттана күлді. Бір-бірін асыра мақтау-мадақтау нәтижесінде экспрессивті энантиосемия туындайды. Осы тақырыпты жалғастыратын «Артта қалған жазу» әңгімесін баяндау арнайы баяншы - күнделік иесі атынан беріледі. 10 абзацтан тұратын әңгіме тек контрасқа құрылған: ішкіш пен арақ арасындағы қайшылықты метонимиялық сипатта - ішкіш пен әкесі,ішкіш және оның жұмыс орындары, ішкіш пен басқа адамдардың араққа қатынас-көзқарасы ретінде детальді түрде көрсетеді. Бұл қайшылықтың шешілер сәті де антитезаға құрылған: Сенің түбіңе мен жетсем деуші едім. Менің түбіме сен жетесің бе деп те қорқамын. Бойыма жұғымды бола көр!.. Осы тілек соңындағы леп белгісі мен көп нүкте де информативті.
Көркем және публицистикалық стильге ортақ жанрдың бірі – фельетон. Өз даму тарихында әр түрлі ұғынылған бұл сөздің біздің қазіргі қолданысымыздағы ұғымы – «шағын көлемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма» (2, 118)
Қазақ сатирасын зерттеуші Т.Қожакеев пікірі бойынша көркем әдебиет жанрларына сәйкес фельетондарды үш топқа бөліп, олардың әр қайсысын өз ішінде бірнеше түрге бөлуге болады: «Көркем әдебиет жанрлары түрінде жазылатын фельетондар. Бұл топтағылардың өзін үш салаға бөлу жөн: прозалық фельетондар: фельетон-әңгіме, фельетон-ертегі, фельетон-очерк; поэзиялық фельетондар: фельетон-ертегі, фельетон баллада; драмалық фельетондар: фельетон-көрініс, фельетон-пьеса, фельетон-интермедия, фельетон-скетч» [2,123]. Бұлардың әрқайсысын сипаттай келіп, ғалым драмалық фельетондардың да ерекшелігін көрсетеді: «Драмалық фельетондардың бәрі де қатынасушылардың алма кезек сөзіне (диалог) құрылады. Сахнада ойнауға көрсетуге бейімделіп жазылады. Оның бір түрі – фельетон – көрініс (сценка) актіге, шымылдыққа бөлінбейді. Ол бір-ақ көріністен тұрады, қақтығыс өте қысқа, ылдым-жылдым біте қояды. Бұл түрді С.Адамбеков, Ш.Смаханұлы, Ж.Алтайбаев өз творчествосында жиі пайдаланды» [2,127-128]. Зерттеуші атаған Шона Смаханұлы «келеңсіз құбылыстар етектен тартар ескілік қалдықтарын, адам бойындағы кемшіліктерді сынап, сықақтайтын» [16,600] көптеген кітаптардың авторы. Ол өз шығармалары мен қоғамымыздағы, ондағы адамдардың бойындағы сан алуан кемшіліктер мен жағымсыз қасиеттерді сынап, сықақтап, сол арқылы суреттеліп отырған жаман әдет-қылықтан жиренуге, бас тартуға, арылуға үндейді. Ол кісі тек жазушы, фельетонист қана емес, қазақ тілі мен қазақ халқының шын жанашыры ретінде де белгілі. Ш.Смаханұлының осы еңбегін белгілі айтыскер ақын Ерік Асқаров Әселхан Қалыбековамен сайысында былай деп көрсетеді:
Аз мектеп бар демейміз қалада біз
Әрқайсысын әр жеңіске балағамыз.
Жиырма бес мектеп ашты Алматыда,
Топырағын торқа болғыр, Шона ағамыз.
Ш.Смаханұлы 1987 жылғы «Елпекбайдың телпегі» кітабына енгізген туындыларын автор «Сықақ әңгімелер», «Шымшымалар», «Фельетондар», «Скетчтер», «Памфлеттер» деп атапты. Аталған бөлімдердегі көптеген шығармалардың не кейіпкері, не баяндаушысы ретінде Елпекбай көрінеді. Елпекбай автордың фельетондарында да кездеседі. Бұлардың көпшілігін шартты фельетонға жатқызуға болады. Себебі, «шартты фельетонның оқиға адресі, қатысқан адамдарының аты-жөні ойдан, шартты түрде алынады. Тәжірибеден, өмірден ой-пікір, жинақтап, проблемалық мәселелер қозғайды» [2,137].
Әр түрлі тақырыпты қамтитын фельетондардағы комикалық эффект тудыруға қолданылған тілдік құралдарды қарастырғанда байқалатын ерекшеліктер төмендегілер: а) фельетон текстеріндегі комикалық мәнді онда қолданылған лингвостилистикалық құралдар кешені тудырады; ә) фельетондардағы комикалық контекст контрасқа құрылады; б) фельетонның юморлы-бейнелі, сатиралық фонын түрлі ассоциациялар құрайды; в) баяндау автордың немесе баяндаушының қатысымен коммуникативті ситуацияға ұқсастырылған диалог түрінде беріледі.
Мәселен, «Жоғалған кассир» фельетонындағы комикалық мән түрлі стильдерге жататын лексиканы контраст мағынада қолдану, риторикалық сұраулар, полисемантизм сөздің түрлі мағыналарын ойнатудан байқалады.
Фельетон кейіпкерлерінің ауызекі сөйлеу тілі арқылы берілген сөзіне ресми стильдегі «сөгіс» лексемасын кіргізу авторға стильдік контраст жасауға мүмкіндік тудырған. Сондай-ақ эмоционалды-экспрессивті жағымсыз бояуы анық «жұтып қойған» етістігінің қалыпты тіркесімділігін бұзу арқылы суреттеліп отырған ситуациядағы әбігер, қысылу, жүгіріс пен оның шешімін контраста көрсеткен, яғни комикалық мән контекстік контрасқа құрылған. Фельетонның соңындағы қосүнді сөздегі көп мағыналы «салмақты» сөзі автор мен баяндаушының бағалаушы позициясын ашық көрсетеді. Бұл лексеманың архисемасы мен дифференциал семасы қатар актуалданып, кекету мәні кейінгі сөйлемде ашылады.
Кейіпкер фамилиясы Буханов болуы да кездейсоқ емес, қала тіліне тән жаргонды еске түсіріп, кейіпкердің бейнесін ашуға көмектеседі.
Көп мағыналы сөздердің семантикасындағы түрлі нюанстар стильдік мақсатта, комикалық мән тудыруда қолданылатыны белгілі. Ш.Смаханұлы да полисемант сөздердің осы ерекшелігін өз фельетондарында шебер қолданады.
Ш.Смаханұлының көптеген фельетондары, бірқақпай әңгімелері диалогке құрылған, тіпті кейде баяндаушы сөзі де сұрақ-жауап түрінде беріледі, бұл орайда мына бір пікірдің орындылығын келтіре кеткеніміз жөн сияқты: «стилистически значимую роль в диалогизации монологической речи повествователя-рассказчика играют вопросительные предложения и вопросно-ответные единства, фельетонное повествование часто строится как серия вопросно-ответных конструкций, контактно или дистантно расположенных в тексте» [17].
Автордың «Қаймақ жегіш келіншек» фельетонындағы сұрақтардың да, жауаптардың да иесі – баяндаушы, сондықтан да баяндаушының оқиғаны жақтырмай, мысқылдап отырғанын көрсетеді. Баяндаушының мұндай реакциясын одағайлар, демеулік шылаулар модальділігі, полисемантизмдер, жағымсыз коннотативті белгісі ашық фразеологизмдер, ой дамуындағы контраст лексика күшейте түскен.
Фельетондағы мағыналық ұйытқы болып тұрған-қаймақ жеу тіркесі. «Жеу» сөзінің тура және ауыспалы мағынасын қатар ойнатқан автор мемлекет мүлкін қымқырып кеткен әйелге «Аярова» деген фамилия беріп, комикалық мән тудырады. Дыбыс үндестігіне негізделген градация мен лексикалық антонимдерді қолдану жазушының өз кейіпкерін мысқылдап отырғанын көрсетеді.
Қоғамымыздағы сорақы әдеттің бірі – маскүнемдік, өзін өзі ұстай алмайтын, ерік күші аз адамдар саны қандай қоғамдық формацияда болмасын аз болмаған. Кітап шыққан 1987 жылдан бері бұл індет ұлғаймаса, жойылатын түрі жоқ, сондықтан да Ш.Смаханұлының «Ішкіштің іші не дейді?» фельетонының өзектілігі, қажеттілігі сөзсіз. Фельетонның тақырыбының өзі каламбурға құрылған: «ішкіш» сөзінің түбіріндегі омоним және іш қатар қолданылуының өзі адамды мырс еткізеді. Ішкіштің өзі-өзінен алыстап (дистанцирование), өзіне сырт көзбен жақтырмай қарағанының өзі комизм болғандықтан, оқырман әрі қарайғы оқиға дамуындағы күлкілі жағдайларды күтеді.