Кез келген адамнан зерттеушілік жобаға қатысу туралы келісімін алмастан бұрын оған толық ақпарат берілуге тиіс. Бұл келісім арнайы құжатпен бекітіледі және білім зерттеушісі мен жобаға қатысушы адам арасында екіжақты шарт рөлін атқарады.
Тиісті адамды жоба туралы хабардар етіп, одан зерттеуге қатысуға келісімін алу процесін ақпаратты келісім деп атайды. Ол зерттеуді бастаудың алғышарты болып табылады. Бүгінде білім саласында зерттеумен айналысатын қазақстандық зерттеушілердің көбісі үшін ақпаратты келісімді алу – таңсық дүние. Осы Кодекске ақпаратты келісімді зерттеу әдебінің стандартты рәсімі ретінде енгізу арқылы біз отандық білім зерттеулерін халықаралық деңгейде мойындалған тәжірибеге сәйкестендіруді меңзеледі.
Зерттеудің қауқарсыз қатысушыларымен жұмыс
Білім зерттеушісі зерттеудің әдіснамасына және белгілі бір себептерге байланысты әртүрлі адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Зерттеуге қатысатын кейбір адамдар жасы, денсаулығы, физиологиясы, мүлкі, әлеуметтік мәртебесі және т.б. жағдайларға орай қауқарсыз деп танылуы мүмкін. Олай болса, қатысушылардың бұл категориясы білім зерттеушісі тарапынан көбірек қамқорлықты қажет етеді.
Зерттеуге қатысатын адамның қауқарсыздығы арнайы дәлелмен негізделуі керек. Білім зерттеушілері зерттеудің қауқарсыз қатысушыларының мүддесін жобаның барлық кезеңдерінде қосымша шаралар арқылы қорғауға міндетті
Құпиялылық сақтау және дерекке қол жеткізу
Кез келген зерттеудің мақсаты – жаңа білім – зерттеуге қатысатын адамдардың өз еркімен білім зерттеушісіне ұсынатын мәліметіне тәуелді. Мұндай мәлімет бұл адамдардың кәсіби және/немесе жеке өмірі, ішкі сенім-нанымы, құндылықтары мен іс-әрекеттеріне қатысты болуы мүмкін. Зерттеу сұрақтары зерттелушіде қорқыныш, мазасыздық, тіпті қымсыну сезімін тудыруы әбден мүмкін. Сол себепті зерттелуші жобаға қатысқаны жасырын (құпия) қалатынына неғұрлым сенімді болса, білім зерттеушісіне беретін жауаптары соғұрлым шынайы, риясыз болады. Осы жайттан хабардан білім зерттеушісі жобаға қатысатын адамдардың құпиялылығын, яғни олардың жеке басы, өмірі туралы деректердің жасырын қалуына, зерттеу барысы мен ол біткеннен соң да қатысушылармен сенімді қарым-қатынасты сақтауға міндетті.