МӘТІННІҢ МӘНДІК ҚҰРЫЛЫМЫ
Тіл білімі саласында мәтін әртүрлі бағытта, әсіресе, мәтін лингвистикасында, психолингвистикада, прагматика, коммуникация теориясында басты зерттеу нысаны ретінде танылып, лебіздің мазмұнды белгісін, ондағы мәннің бүтіндігін таныту үшін, коммуникацияның жоғарғы бірлігі ретінде қарастырылады. Әрқайсысы бүгінде жеке ғылым салалары болған бұл бағыттар мәтінді теориялық тұрғыдан зерттеп қана қоймайды, сонымен бірге, оның практикалық мәнін де талдай, анықтап, «жүрекке жылы» тигізудің жолдарын бақайшағына дейін шағып жатады.
Хош, делік.
Мәтінді коммуникативтік бірлік ретінде зерделеудің ең басты өзектілігі оның бүтіндік сипатын көрсету деп ойлаймыз. Сөз басында айта кететін жайт, мектепке арналған қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтары мен хрестоматияларда романнан үзінді беріп, өлеңдерді үзіп-жұлып беріп жатамыз. Тегінде, үзінді беріп үздіктірмей-ақ, шығармашылығынан сыр тарту үшін шағын әңгімелерін, өлеңдерін толық беру мақұл ма деймін. Әсіресе, қазақ тілі оқулығын жазғыштар тілдік тұлғаға сәйкес келтіру үшін мысал қуып, Абайдың бір өлеңін он бөліп, әр жерінен бір «үзіп» беріп жатады. Мәтінді беру сән үшін немесе бет толтыру үшін емес, мән үшін, сөз арқылы берілетін ойды түсіндіру, ойланту үшін болса керек. Аз үзіндіде ой үзіледі, үзік ой өзінің бүтіндігінен айрылып, жарым болып қалады да, оқушысын ойланта алмайды, қызықтырмайды. Бүгінгі көркем әдебиет оқитындардың санының соншалықты күрт азаюының бір себебі үзінділерде бүтін бітімінен ажырап, толық ойынан үзіліп қалған жарым шығармаларды хрестоматияларда көп оқытып, ажарын тайдырдық па, кім білсін. Яки, теорияда жасалған тұжырымдарымыз үнемі тәжірибеде қолданылмай, қолданысқа жетпей жататыны кім-кімге де жаңалық емес. Мәтіннің басты қасиеті де, ондағы мәннің танылуы, түсінілуі де – ең алдымен, бүтіндікке келіп тіреледі. Лебіздік бірлік ретіндегі мәтіннің басты ерекшелігі де – бүтіндігі. Демек, оның негізгі ерекшелігінен – бүтіндігінен айырып, логикалық құрылымына нұқсан келтіріп, құрылымдық-семантикалық параметрлерін өзгертіп, жарымжан мәтінді оқырманға ұсыну - қателік. Ал тілдік грамматикалық тұлғаның мағынасын түсіндіру үшін, толық, бүтін мәтінді кесіп-тесіп пайдалану, тіпті сорақы.
ХХ ғасырдың басындағы, ортасындағы тіл білімі ғалымдары мәтіндерді қалай пайдаланғандығына, дағдылану жұмыстарына қандай мәтіндерді ұсынғанына ерекше назар аударып, сабақ алар уақыт келгендей. Басқаны былай қойғанда, Ахмет Байтұрсынұлының, Сәрсен Аманжоловтың дағдыландыруға берген жаттығулары мен мәтіндерінің ерекшелігіне көңіл бөлу ғана емес, үйреніп, өзіміздің жарымжан, шала «білгіштігімізден» арылатын уақыт жетті. Шынында да, мәтіннің құрылымдық-мәндік параметрлері бір-бірімен тығыз байланыста болу арқылы негізгі өзекмәнді ашады, сондықтан мәтіннің бүтіндігі оның түсінігінің толықтығының да кепілі.
Мәтіндегі мән мен мағынаны түсіну үшін мынадай прагматикалық жағдаяттар есте болуы керек:
• мәтіннің толықтығы мен бүтіндігінің сақталуы;
• мәтін ішіндегі сөздердің мағыналық құрылымының түсініктілігі;
• контекстік мағынаның анықталуы және тілдік тұлғаның қолданысындағы сөз мағынасының ерекше мәнінің зерделенуі;
• қолданыстағы сөздің оқушы (оқырман) түсінігі арқылы қабылдану деңгейі;
Атаудың жаңа мағынасының жасалуы тек таза прагматиканың ғана емес, сондай-ақ, әрине, когнитивтік яки танымдық әрекеттердің де жемісі. Жаңа танымдық деректі белгілеу, ең алдымен кісінің танымдық қызметімен тікелей байланысты. Г. Брекленің атап көрсеткеніндей, жаңа лексикалық бірліктер алдын ала жоспарлауға байланысты емес, жаңа коммуникативтік қажетті талаптарды орындау мақсатында жасалады (Brekle H.K. Reflections on the Conditions for Coining, Use and Understanding of Nominal Compounds // Proceadings of the 12th International Congres of Linguistics. Inzbruck, 1978. P. 68-77.).
Абай өлеңдерінде халықтық танымдық уәжге негізделген авторлық жаңа қолданыстағы атаулардың мағыналары түсінікті. Өйткені ежелден қалыптасып, өзіндік семантикалық кодқа ие болған қазақ сөзінің түбірінен туындаған кез келген туынды сөз әуелгі архимағынасына негізделіп, уәжделіп тұратындықтан, оның кейінгі туынды мағыналары да, контекстік семантикалық өзгешеліктен туындаған окказионалды мағыналары да лебіздің түсінікті болуын толығымен қамтамасыз ете алады. Анық ой төл сөзбен өрнектелгенде, контексте сөз қандай мәнге ие болса да, әуелгі тектілігінен ажырамай, генетикалық кодты сақтай дамиды да, сол мағынасы бойынша уәжделген күйінде ерекше семаға негіз болады. Сөйтіп, меканшақта (Б. Майтанов терім сөзі) ойдағы сигнал мәнді іздей отырып, мәнді анықтайтын мағыналы атауды табады, мағыналы атау лебізге сай өзгеріске түсіп, әртүрлі контекстік мағынада дамып, лебізде әр алуан мағыналық құрылымда көрінеді. Мәселенки, Абай данышпанның «Буынсыз тілің» атты өлеңін талдап көрелік:
Достарыңызбен бөлісу: |