Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет3/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
деген данышпан Абай шумағының өзекмәні «әр нәрсеге еліктеп, қызыққа босқа алданбай, өнер іздеп, мына дүниеден өз орныңды іздеп тап». Жалпы оқырманға ортақ түсінікті негізгі өзекмән – біздіңше, осы. Ал жалпы оқырманнан бөлек, кеңірек үңіліп, сөздің мағынасын тереңірек тінте ашып, жалпылай ғана емес, ерекше де соны мағыналарына қайта қарап, ізденіп, өзіне түсінікті жаңа бір қырын ашып, өлең мәнін ерекше түсінуге талаптану да бар. Өлеңдегі өзгеше өрімді анықтап, өзінше жаңаша, ерекше пікір түю бар. Бұл мәтіндегі өздік мәнді іздеу. Жеке оқырман үшін аңғарылатын, өзіндік таным-түсінігіне сай ерекше маңызды мазмұнды анықтау - мәтіннің өздік мәнін табу болады. Жоғарыда келтірілген шумақтағы «әсемпаз», «арқалан», «кетігін табу» сөздері мен сөз тіркестерінің ерекше мағыналарын табу және танытуға ұмтылған пікірлер оқырманның өздік мәнді табуы деп бағалануға лайық. Әрбір мәтіндегі өздік мән бойынша кез келген оқырман не тыңдаушы өзінің түсінігі мен қабылдауын айта алады. Өздік мәннің ішкі табиғаты жекелік сипатта, оны әрбір жеке тұлға өзіндік ерекше түсінікпен, пайыммен, ерекше бағдармен анықтауы мүмкін. Ал өзекмән – ортақ қабылдаулар мен ортақ пікірдің, ортақ мазмұнның жиынтығы.
Белгілі мәтінді сәйкесінше түсінудің басты шарты - ондағы тілдік бірліктер арқылы берілген ақпаратты түсінуде һәм қабылдауда, жалпы болжауда ортақтықтың, ортақ мазмұнның болуы. Бұл мәтіннің негізгі өзекмәні арқылы анықталып, мәтін мәнінің терең динамикасын танытады, сөздер мен сөзтұлғадағы ортақ түсінікпен, тіл арқылы берілетін ортақ ділмен, таныммен тікелей байланысты болады. Ақын Мағжан Жұмабаев мынадай ой айтады: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай» [Алаштың тілдік мұрасы, 307-бет]. Ақынның салыстыруына тәнті болдық. Ия, қазақтың сар даласы қандай кең болса, тілі де сондай бай!
Туынды сөздің терең мағыналық құрылымындағы семантикалық өріс сияқты, мәтіннің де орталық және шеткей құрылымын құрайтын өзіндік мәндік өрісі болады. Мәтіннің мәндік доминанты болып есептелетін мекеншақ пен мәтіннің құрылымын жасаушы орталық және шеткей өрістер мәтіннің терең мәнін құрайды. Яғни мәтіннің мәні – нәтижелі, өзекті семантикалық құрылым. Мәтіндегі белгілі бір жағдайға байланысты сөз арасында айтылатын мәндер де болуы ықтимал. Ғылыми әдебиеттерде окказионалдық мән деп аталатын мұндай мән де мәтінде өзіндік рөл атқарады, мұндай қолданыстардың да негізгі мәнді ашуға, айқындауға ықпал-әсері болатыны даусыз. Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» өлеңіндегі::
Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы – ол,
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол? –
деген шумағы өлеңнің басында келіп, оқырманның көңілін тез баурау үшін алынған, осындай окказиональдық мән. Ақынның басты айтпақ ойы бұл емес, сөз құдіретін танытып, Сөз тыңдауға, сөзді бағалауға үндеу. Өзі айтқандай: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ». Мәтіннің негізгі және өзек терең мәніне көңіл аударту үшін, дискурста мән қалыптастырушы және коммуникативтік қызмет атқарушы ретінде қолданылған. Өзекмәннің негізгі қызметі коммуникативтік болса да, ол негізгі терең мазмұнды анықтап, соны ұйымдастырушы және жасаушы ретінде қатынасады. Тыңдаушы мен оқырман түсінген және қабылдаған мәнмен бірге авторлық интенцияның да маңызды орнын айту орынды болмақ. Авторлық интенция - негізгі өзекмәннің тууының негізінде жататын үлкен феномен. Әр алуан жеке мағыналардың жиынтығы мен бірлігі ретінде көрініс тауып, сөздің ішіне салынған авторлық интенция оқырман мен тыңдаушыға әртүрлі сипатта танылады. Авторлық интенцияның терең өзекмәнінің танылуы – үлкен мәселе. Ғылыми шығармаларда сөздің ауыспалы мағынасы сирек қолданылып, негізінен кез келген тұлға өзінің негізгі мағынасында жұмсалатындықтан, мұндай лебіздерде авторлық мән анық танылады да, әдетте, сұрау туа қоймайды. Шешуі күрделісі де, қиыны да көркем шығармадағы терең семантикалық мәннің ашылуы. Мұндағы авторлық интенция ауыспалы сөз мағынасының, фразеологиялық бірліктердің, окказионалдық қолданыстардың негізінде таңбаланып, өзінің ішкі мәнін толықтай ашпайды. Ішкі мән ауыспалы мағынасы мол таңбамен көмкеріліп, Патша Сөздің артында жасырынып автор нені айтқысы келгені «ойлан, баламның» иіріміне түсіп, ой толқынына, ішкі дүниетаным теңізіне үңілтеді.
Осыдан келіп кісіде түйінді мәселе шығады. Мәтіннің өздікмәнін анықтау үшін, ең алдымен уақыт пен кеңістікті қоса анықтайтын Бахтин терімсөзіне сүйеніп, мекеншақтық параметрлерді қарастырып, көркем шығарманың негізгі сипатын, ерекшелігін талдау қажет. Әрине, көркем шығарманың негізгі ерекшелігі - автор ойластырған, жасаған, қажет деп санаған көркемдік әлемнің шеңберінде. Автордың көркемдік-танымдық әлемі арқылы кестеленген мәндік бүтіндік тақырып атауларымен жымдасып, сол бойынша көрініс беруі де мүмкін. Тақырыпшалар мен тақырыптардың жүгінің ауырлығы, олардың тартымдылығы мен кеңдігі, тақырып қоюдың жауапкершілігінің де мәні осында. Өйткені тақырып авторлық ішкі интенциядан хабар беріп тұрады да, әлгі «не айтайын деді екен» деген сұрақтың жауабын қылаң еткізіп, негізгі базалық ақпаратты бойында сақтайды. Осы ретте көркем шығарманың ішіндегі шағын тақырыпшаларды анықтап, оларды семантикалық және ұғымдық жағынан жүйелеп, оқиғаның даму динамикасын анықтаудың маңызы ерекше. Шығарманың тереңінде жатқан ой мен мән жеке сөздердің мағыналарынан гөрі тақырыптардың ұғымдық динамикасынан анық аңғарылады.
Мәтін – мән мен грамматикалық, семантикалық байланыстардың бірлігінен құралған лебіздік бірлік. Бірлік болғанда да кешенді, әрі күрделі, өзіндік терең құрылымдық сипаты бар, мол ақпараттық жүк арқалайтын мәні бар лебіздік бірлік. Сондықтан соңғы кездегі мәтінге деген ғылыми қызығушылық артуда, әрі мұның өзі лебіздегі мән мен мағынаны іздеуден туған құлшыныс. Мәтін бірнеше ғылыми бағытта қарастырылуы мүмкін: филологиялық, таза әдеби және лингвистикалық, философиялық, психологиялық, әлеуметтік, т.б.
Мәтінді тіл білімі тұрғысынан қарастырудың өзіндік ерекшелігі мен заңдылығы бар, өйткені сөз мағынасы мен сөздердің бір-бірімен байланысы, лебіздегі дауыс ырғағы, екпін, тыныс белгілерінің қойылысы т.б. ғылыми мәселелердің дұрыс шешілуінің мәтіннің ішкі өзекмәні мен өздікмәнін анықтауда аса маңызды саналатын факторлар. Бір қарағанда «шагом марштың» ішіне сыйып кетерден көрінетін тыныс белгілерінің өзінің мәтіннің ішкі мәнін анықтаудағы маңызы өте зор. Үтір немесе сызықшаның орынды қойылып, дұрыс түсіндірілуі өзі мәтіннің басты мазмұнындағы ойдың дұрыс танылып, ұғынылуына толықтай әсер ете алады. Мәселен,


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет