Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет8/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!
Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік.
Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?
Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».
Бірінші абзацта мекеншақ ұғымы негізінде автор ойын бірден жұптап, өткен тіршілік-ғұмыр туралы ойын салыстыру мен қарама-қарсы қою арқылы жинақтай отырып, пікір білдіреді [Б. Майтанов «хронотоп» терімсөзін «мекеншақ» деп аударған-ды. Абай және уақыт тұғырнамасы, 2013]. Болашаққа жоспар құруды ойланады. Мәтіннің әп деп басталуының өзінде ішкі қызметтік-мәндік үлгі сақталады. Келесі үзіндіде ойдың логикалық жалғасы жатыр. Болашақта қандай мақсатты әрекеттер жасағанда мәнді болатыны автор үшін аса маңызды: ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу. Әрбіріне ойша талдау жасай келе, ешбірінен тұрлау таппайды, ұшқыр көңіл бұлардан тиянақ таба алмайды. Модаль сөздер мен болымсыздық тұлғалары арқылы ой-толғам таңбаланып, күрт кесіліп, шешім шығарылып отырылады. «Жоқ, елге бағым жоқ», «жоқ, баға алмаймын» сияқты тұлғалармен келген ой толқынында авторға ешкім қарсы дау айта алмайды. Дауға, сөз таластыруға орын жоқ. Өз ойына сенімді, сондықтан жұмсалған сөз қолданыстарында кесімді мәнді тіркестер жұмсалады. Полемикасыз. Шешім – осы. Енді не істеу керек? Автордың алдына қойған өз әрекет-жоспары мен байламы бар. Ол айнымайды, атылған оқтай мығым айтылған сөз, нақты тұжырымды пікір: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Әрбір сөз бен әрбір грамматикалық форманың қолданысынан осыны аңғару қиын емес. Сөйлемдердің предикаттарына назар аударалық. Бірінші сөйлемде «ойладым» тұлғасы жедел өткен шақ тұлғасында тұр да, әрекеттің қазір ғана аяқталған мекеншағынан айқын ақпарат береді. Келесі баяндауыш -айын, -ейін тұлғаларымен тіркесіп, әрекеттің болашақта болатынын қалау мағынасын таңбаласа, сөз тапса, десе т.б. тұлғалары жұптасып келіп, шарттық мағынаны қалыптастырып, ойдың жалғасын сипаттайды. Сөйлемнің соңына қарай ой да тиянақталуға жақындап, тілдік тұлғаның бекіген шешімін тағы да жедел өткен шақ тұлғасымен таңбалайды: «дедім», «байладым». Байқап қарасақ, мұнда да әрекет нақты, шешім байсалды да, салмақты. Ал сөйлем соңы мұнымен ғана бітпейді, соңғы предикат модаль сөзбен көмкеріліп, ойдың болашақпен жалғасатынан хабардар етеді. Авторлық пайымдаудың тілдік таңбалануы, шынында да, үлгілік сипатта жазылғаны анық. Ой - айқын, шешім - нақты, сөз - анық. Екіұшты пікір немесе түсініксіздік туғызатын тұлға мұнда жоқ.
Лебіздің қызметтік-мәндік үлгісінде ғалымдар анықтау мен түсінік беруді бөліп қарастырады. Бұл да, әрине, көбінесе, мәтіннің сипатымен тікелей байланысты болып келеді. Мәселен, белгілі бір жағдайды немесе қисынды, қағиданы анықтау, оған түсінік беру анықтамалық сөздіктерге, жалпы әр түрлі анықтамалықтарға, оқу-әдістемелік құралдар тіліне қатысты айтылады. Осындай түсінік беру Абай Қара сөзінде де ұшырасады. Жетінші сөзде:
«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз?».
«Қара сөздегі» мәтіндерде мұндай пайымдаулар мол, әрі олардың мазмұны тұжырымды ойға, түйінді пікірге, авторлық дәлелдемелерге толы. Мұндай лебіздің қызметтік-мәндік үлгісі ғылыми зерттеуге тән, мақсаты анық, өзінің бағдарлы оқушысы бар. Автордың зерттеу нысаны адам, адамның туғандағы басты саналы әрекеттерінің негізі анықталып (жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады), адам болудың жолын нұсқайды. Адам баласының өзге хайуаннан өзгешелігі БІЛУ-ге ұмтылуымен, білімге талаптануымен, білімімен ерекшеленуімен (Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды) байланысты екенін жазады.
«Қара сөздерді» ақыл сөздер деп бағалап, оның стилін ғылыми-әдістемелік деп есептеуге толық негіз бар. Мәтіннің грамматикалық құрылымы мен семантикалық сипаты, қызметтік-мәндік үлгісі осындай тұжырым жасауға алып келеді. Мәтінде ерекше мақсат бар, алдын ала тілдік тұлғаның өзінің жасаған байламы бар, осы мақсат негізінде жазылған шығарманың нұсқаулық, әдістемелік сипаты басым. Әрбір сөздегі ұлттық дүниетанымға негізделген, ғылыми жүйелі ойды басшылыққа алу мақұл.
Күні бүгінге дейін мұндай стильде жазылған шығармалар кездесе қоймағандықтан, «Қара сөздің» стилін анықтауда әр түрлі ғылыми пікірлер бар екені белгілі. Қалай десек те, мәтіннің прагматикалық сипаты басым. Қазіргі ғылым үдерісі ұсынып жүрген стандартқа сәйкес келмейтін мұндай мәтіндердің өзіндік сипатын, біз, авторлық мақсаттың прагматикаға негізделуінен, көңілінде жүрген оқырман қауымға керек нұсқаулықты оқырман қажеттілігіне сай етіп жазудан, терең ізденуден туған ерекшелік деп бағалар едік. Абайдың «Қара сөздерінен» Ч. Пирстің бағамдауын аңғарамыз. «Лаборатория рухы» - жазылған зерттеудің шындық өмірмен байланысы, демек, қандай да бір жазылған ғылыми еңбек не көркем шығармадан оқушы өз керегін тауып алса, тірлігінің бір керегіне жаратып, рухани дүниесін кеңейте түссе – сол мақұл болмақ. Еш пенде оқымайтын, түсініксіз терімсөздерді қаптатып жасалған ғылыми зерттеуден гөрі, ел-жұртқа түсінікті тілмен, адамды өз тіршілігінен мән іздеуге талаптандырып, оны байыта түспекке ұмтылдырса, рухани тірек іздеуіне сеп болса, жазылған дүниенің ғұмырының ұзақтығы осы болмақ. Жасымыздың да, жасамысымыздың да Абайды оқи беруіміздің басты себебі, мүмкін, осы прагматизмді, яғни қажетті, пайдалы нәрсені іздеп табуымыздан болар. «Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді» - байқасақ, өзімізге таныс көрініс екен. Таныс сурет, таныс көрініс, таныс болғандықтан жақын, жақын болған соң, қызығамыз, ары қарай оқимыз. Таныс көріністі беру арқылы қызығушылық туғызып алу - автордың өзіндік әдісі. Баланың жан құмарлығын суреттеу арқылы, зейініңізді толық аударып, оны тереңдете түседі, «ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына» қарай бағыттайды. Мұншама таныс көріністі қандай да ғылыми-әдістемелік зерттеуден кездестіре аламыз ба екен. Мәтіннен айқын коммуникативтік модельді, тілдік тұлғаның жеке жазу мәнерін табамыз.
Стандартпен жазылған мәтіндер көп-ақ. Ондағы мәтіннің жазылу ырғағы алдын ала анықталған, тіпті айтайын деген ишарасын де бірер сөйлемді оқыған соң, түсіне аламыз. Лебіздің қызметтік-мәндік үлгісінде олардың да өзіндік орны бар екені рас. Ал біз талдап отырған «Қара сөзде» пайымдау да, пікірлесу де, түсіндіру де, тұжырым да бар. Бұл өзінше ерекше ремалық сыңарлардың формасынан тұратын синкретті дүние.
Кез келген мәтінде мәтіннің типі таза қалпында сақталады деу бекершілік. Мәтінде суреттеу де, хабарлау да, пайымдау да араласып келіп, күрделі аралас типті құрайды. Суреттеу мен хабарлау бір-бірімен араласып келіп, әр түрлі ремалық доминанттар арқылы көрінеді. Мұның қай-қайсысы болса да, лебіздегі ақпарат мазмұнына байланысты. Мазмұндаудың тәсілі ақпарат мазмұнына сәйкестендіріліп, мекеншақ бойынша жүйеленіп беріледі.
Көркем мәтінге құрылымдық талдау семиотикалық тіл білімінің зерттеу нысаны ретінде қарастырылады, мұнда сөзге басты назар аударылып, сөздің тақырып атауындағы, сюжет пен шығарманың идеясын туғызудағы қызметі зерделенеді. Сөздің сан қырлы мүмкіндіктері мен мәтіндегі мағыналық даму жағдайлары туралы жазылған ғылыми зерттеулер баршылық. Түркілік төл түбірлердің кең де ауқымды мағынасынан таралатын атаулардың қай-қайсысы болса да, көп мағыналы, көп қырлы болып келетіні рас. Халықтық кең қолданыста бір сөздің әлденеше мағынасы болатыны, әрі оның әртүрлі түсінігі мен ассоциация туғызу қабілеті барлығы белгілі. Ал көркем шығармада, әсіресе поэзия тілінде ол ерекше сипатта көркемдік мәнде қолданылып, құлпыра, айшықтала түседі.
Постмодернистік ұстаным негізінде семиологиялық зерттеулер жүргізген ғалым Р. Барт шығарма мен мәтінді бөлек қарастырады. Автордың пайымдауынша, шығарманың авторы болады, онда белгілі бір уақыттың ерекшелігі бар және автордың жеке танымынан шығады. Шығарма кітап сөрелерінде сақталады. Ал мәтінді жабық кеңістікке сала алмайсың. Шығарма ­ тек көлеңке, оған тек мән мен контексті түсіне алатын оқушының ғана қолы жетеді. Мұндай мәтін авторын жоғалтады да, есесіне оқушысын табады – деп пайымдайды француз философы әрі лингвист ғалымы (Барт Р. Избранные работы. Семиотика. Поэтика. М., 1989., 616 С.).
Сөздің мағыналық мүмкіндіктерінің көрінетін, мағыналық иірімдерге ие болатын жері – мәтін іші, контекст. Қолданыс барысында сөздің осы мағыналық қырын танытайын деп ешкім әдейі ойланбасы тағы да белгілі. Ойдың көрінісін таңбалаудағы терең ізденістердің нәтижесінде санада сараланатын көркемдік шешімнің көрінісі болып сөзбен бейнелеген көрікті ойдың көркем бейнесі кестелену процесінде (үдерісінде) сөз мағынасының ішкі құрылымындағы өзгерістер ашылып, жаңадан сәулелі сөздің жаңа мағыналық қыры айқындалады. Көркем шығармада сөздің мағынасы сөзжасамдық ұядағы өзексемадан ауытқымай, ортақ семаны сақтай өзгереді, дамиды. Осының нәтижесінде сөздің тектілігі бұзылмай, уәжділігі сақталып, әр сөз өзінің әуелгі семасының бөлшегін сақтау арқылы түркі сөзінің тектілігін өз бойында дамытады. Бұл бұрынғы ғылыми зерттеулерімізде арнайы дәлелдеп көрсеткеніміздей, түркі сөзінің тектілік қасиеті, феномендік үлгісі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет