Бір тәуір дос Тым-ақ керек, Ойы мен тілі бөлінбес.
Жоғарыда талданған Абай өлеңінің соңғы шумағы. Тұнық та түзу ой! Анық сөз! Нақты шешім! Сондықтан өлеңнің ішкі гармониясы, ішкі үндестігі оқырманын баурайды да, баулиды. «Ойы мен тілі бөлінбес» концептісінің ар жағында Американдық ғалым Пирс ұсынған ізденістің шындық өмірмен байланысу прагматикасы жатыр.
Жаңа сөз жасаған немесе сөзге жаңа мағына берген адамды баламалық динамикасы теориясының негізін қалаушы, американдық ғалым Юджин Найда (кей зерттеулерде Ю. Найды) жеке тұлға болуға және сонылыққа ұмтылушы ретінде бағалаған (God’s Word in Man’s Language, N.Y., 1952).
Мүмкін.
Бұл пікірмен толық келісуге болады, өйткені кез келген адам сөздің мағынасын дамытып, жаңа мән бере қолдана алмайтыны түсінікті.
Абай сөзінің қолданыс мәнін талдай түсіндіретіндер, халыққа жеткізетіндер, сол арқылы тәрбиелейтіндер де, негізінен, мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары, ақпарат құралдарындағы журналистер. Тілді жетік білетін оқырман мен әдеби тілді толық меңгермеген оқырман арасындағы айырмашылықты да ескеру орынды. Тілдік тұлғаның мәтіндегі сөз қолдану ерекшеліктерін терең меңгере отырып, түсіндіру бар да, өзі білмейтін нәрсенің мәніне жете алмай айтуға ұмтылу тағы бар. Ақын соншалықты айқын да анық ой өрімін өргенімен, оның түсінігі әртүрлі болып жататынына кейде бойымыз үйреніп алатыны бар. Сондықтан Абай өлеңдерін түсіндіргенде, «Қара сөздерінің» шылбырына жармасып, оқыту барысында абайлау мақұл болмақ.
Абай сынды біртуар тілдік тұлғаның сөзін өзі түсінгендей түсіну, түсіндіру мүмкін болмаса да, «болмасаң да ұқсап бағып», қазақтың патша сөзінің иесі жазған әрбір мағыналы атауға жіті мән беріп, жиі қайталап, жігін бұзбай, жүрекпен жаттап, көңілге мәнін түйіп алу үшін мынадай шарттардың орындалғаны мақұл:
• өлең мәтінін толық оқып шығып, зерделеу, ұғыну;
• мәтіндегі танымдық мәнді тануға ұмтылу;
• мәтіндегі өзекмәнді бағалау;
• мәтіндегі басты жаңалық пен бағалауды қабылдау;
Мәтіннің ең басты қызметі ақпарат беру мен байланыс жасау құралы болғандықтан, ондағы сөздің нақты жұмсалуы мен мәні ерекше маңызды. Жұмсалу ерекшелігі және мән - мәтіннің басты сипатын анықтайтын негізгі белгі. Сондықтан мәтіннің қандай сипатта жазылғанына, қандай ақпарат беруге арналғанына көңіл бөле отырып, жазылу типі мен стиліне, ойдың ішкі мәнінің берілу үлгісіне үңілу қажет.
Лебіздің қызметтік-мәндік үлгісі берілетін ақпараттың мазмұнын анықтау үшін қажет. Әдетте, мәтінде берілетін ақпарат әртүрлі болады:
• эмпирикалық-танымдық ақпарат, яғни нақты тәжірибе жүзінде дәлелденген, автордың ел өмірінде болған нақты оқиғалардан кейін көзі жеткен шындықты нақты деректер арқылы таңбалауы;
• концептуалдық ақпарат, танымның теориялық деңгейіне сәйкес келеді; тілдік тұлғаның ішкі таным дүниесінде тербелген терең ойдың көрінісі ретіне болжамдық сипатта жасалады;
• әдістемелік ақпарат, өмірден алынған тәжірибені меңгерудің, игерудің нақты жолдары мен тәсілдерін байыпты түрде бейнелеу, анықтай көрсету;
• эстетикалық ақпарат, тіршілік мәнін танытудың көрнекті жолдарының бірі, бағалаудың мәнін, адамгершілік мен этикалық негіздерді, эмоциялық процестерді танытудың негізгі жүйесі шоғырланады;
• нұсқаулық ақпарат, белгілі әрекетке бағдарланған, адами қасиеттерді шыңдауға, жетілуге, толық (бүтін) адами келбетке жетуге үндейтін ақпараттың түрі.
Бұл ақпарат түрлері әр түрлі мәтін ішінде бөлек те, араласып бірге де келе беруі мүмкін, алайда ақпараттың нақты сипатын танытатын мәтін типтері де бар. Мәселен, ғылыми мәтіндер нақты дерекке негізделіп, теориялық және болжамдық ақпараттар беруге икемді болса, кей деректерді көрсете отырып, эстетикалық тәрбиелеу көркем мәтіндерге тән, әдістемелік ақпараттар басқа мәтіндерден гөрі оқулықтар мен оқу құралдарының негізгі жүйелік сипатын анықтаса, газет-журнал беттеріндегі көсемсөз материалдары бағалауға, дүниетанымдық деректерді беру мүмкіндігіне ие. Тәжірибеде дәлелденген дүниелерді халыққа жариялап, эмпирикалық ақпараттарды тарату және танымдық деңгейдегі қисындарды жеткізу мәтіндердің жалпы ерекшеліктерінің бірі ретінде қарастырылады. Типтердің әрқайсысы да әртүрлі сипатта лебіздің қызметтік-мәндік үлгісін жүзеге асырады. Лебіздің қызметтік-мәндік үлгісі ақпараттарды негіздеп, жүйелеп, деректерді тыңдаушыға жеткізудің әр түрлі сипатын анықтайды.
Көркем шығармалар тіліне жалаң деректерді көрсету тән емес, негізінен ақпараттар жүйелі, уәжді болып, эстетикалық талғаммен, дәстүрлі тағылыммен, эстетикалық-когнитивтік байламмен келеді. Мұндайда әрекеттерді салыстыру, салғастыру, бір-біріне қарама-қарсы қою, тілдік тұлғаның өз тезисінің дәлелдемелері мен шешімі, тұжырымдары белгілі бір модельмен беріледі. Ойымызды нақтылау үшін бірнеше мысалдар келтірелік:
Абайдың бірінші Қара сөзінен:
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.